«Тойым ойыма қонбай тұр» - Бекжігіт Сердәлі

Oinet.kz 12-08-2020 784

Бекжігіт Сердәлі.jpg

ҚАЗАҚ ТОЙҒА ҚҰМАР ХАЛЫҚ, ДЕГЕНМЕН...

Кейiнгi кезде той өткiзу асып-тасқандардың байлығы мен шайлығын көрсетудiң бәсекесiне айналып кетіп еді, төтеннен келген індет естерін жиғызып, дарақылықтың жолына ептеп болса да тосқауыл қойғандай болды. Әйтпесе, «көрпеңе қарай көсiл» деген аталы сөз әдiрем қалып, кей қазақ, үйінде пышаққа ілінер тышқақ лағы болмаса да, тыраштанып, жұрттан жылу жинап, үлкен тойханаларды жалға алып, бәсекеге түсіп, кейiн қарызын өтеуге шамасы келмей, келiнi 2-3 балалы болғанша құдасына бір кесе көже бере алмай, несие қарызына кіріп «шиқылдап» қалып-ақ еді. Енді сол ойнап-күлген несиесіне «үкімет амнистия жасасын» деп алашапқын болып жүрген ағайын аз емес. Той – елден жылу жинау үшiн емес, қызық сыйлау үшiн өткiзiлуi тиiс еді ғой. Мұны қазақ ұқпады. Мына карантин кезінде де ұрланып-жырланып той өткізіп жатқандар әлі де бар. Соларға ой салсыншы деп қолымызға қалам алуға мәжбүр болып отырмыз...

БАТА ОРНЫНА – ТІЛЕК

Той төрiне шығып алып, ұшы-қиыры жоқ бiрiн-бiрi қайталайтын арзан тiлек айту (егер оны тiлек дейтiн болсақ) кiмдi де болса жалықтырып жiберген-ақ еді. Екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын кейбір апа-көкелерімізге тойға келіп тұрып «тілек» айтпай кету мазақ сияқты көрінетін. Олар дастархан басына 500 адам жиналса, солардың бәрiнiң бiрдей тiлек айтып шығуын шарт деп қабылдайтын. Тауып айтып, нұсқа шығып жатса мейлi ғой, жауыр болған жаттанды сөздерін сағыздай созып, жұртты әбден мезі ететін. Тiптi, той иесі тасада қалып, төрде отырған бiр дәудiң байлығы мен шайлығын, шыққан тегiн, атақ-даңқын жер-көкке сыйғызбай мақтап, езбелеп тұрып алатын. Сөз тимей ренжiп, тойды тастап кетіп жатқандары да қаншама болды. Той өткеннен кейiн ағайын арасындағы араздық көбiне, мiне, осындай «сөй тимей» қалудан туындайтын. Мұны білетін той иесi «бәледен аулақ» деп, бәлду сөзін жақтырмай тұрса да, оған сөз берiп құтылатын. Кiмнің не әкелгенiн жiпке тiзiп, тiзiм жасап есептесiп отыратындар да көбейе бастаған еді.

Жамбасы креслодан енді босаған қазіргі «көсе қариялар» бата мен тілекті ажырата алмайтын халге жетті. Бата бере қойыңыз деп алақаныңды жайып микрофон ұстата қойсаң, жаттанды тілегін айтып бір сағат тұрып алатын. Не бет сипарыңды, не тілек тыңдарыңды білмей дал боласың. «Бата бермейсіз бе енді?» деп ескерте қойсаң, батасы бірінші кластың тақпағындай бірдеңе болып шығатын. «Мен пәлен жерді пәлен жыл басқардым» деп шірене бергенше, бір-екі ауыз бата жаттап алса, келер ұрпаққа үлгі болар еді. Жастарға үлгі-өнеге көрсетер деген мұндай қарттарымыз батадан бұрын бокалға ұмтылса, мақалдан бұрын сақалға ұмтылса келер ұрпаққа не үлгі, не өнеге бермек?

Той бола ма, басқа бола ма, көпшілік жиналған орында мәдениеттілік талап етіледі. Бұрынырақ үлкен тойда әулеттің тізгінұстар ақсақалдары ғана сөйлейтін. Қазір кеше түскен келіндер де ата-енесімен жағаласа сөйлейтін болды. Бір-біріне микрофон ұзатып, қаз-қатар тізілген топ бір сөзді қайталаумен уақыт оздырады. Тост берілмесе өкпелері қара қазандай кеуіп шыға келетін масаң қонақтар – негізінен өз ағайындарың. Сөзге қонақ беруден, мейман қадірлеуден қалып барамыз. 

Қарын тойған соң алдыңғы ыдысындағы қалған-құтқанды пакетіне аударып алып, тойдан үн-түнсіз шығып кете беретін меймандар да аз емес. Уақыты тығыз шығар дерсіз? Жоқ, олай емес, той қызығы қашқан соң оларды ұстап тұру қиын.

ТОЙДЫҢ КӨРКI – АСАБА

Той-жиынды күнкөрiс қамына айналдырып алған кей асабалардың сол қуанышты әдемi кешке айналдырып жүргенiн байқай алмадық. Түскi тойдан кешкi тойға әзер үлгеріп, секеңдеп жүрген шегіртке-асабада той сценарийiн күні бұрын жазып, тыңғылықты дайындық жүргiзуге уақыты болмайды. Жаттанды сөз, анайы анекдоттар. Бұл да елді жалықтырды. Ал музыканттар дайын фонограмманы қосып қойып, дастархан басында қарын тойдыруды әдетке айналдырған. Араққа сылқия тойып алған кей тойшылар қазақы музыканы менсiнбей, «өзбекшең қайда?» деп өзеурейтін болған. Сырттан келген сыншыл, кінәмшіл мейманнан талай ұялғанбыз. Бұған бір есептен той иелерiнiң өздерi де кiнәлi. Бар әзiрлiктi қарын тоқтығына ғана жұмсап, қызық-думан жағына оншалықты көңіл бөле бермейді.

Шағын қаладағы саусақпен санарлық асабаны ел жақсы танып алған. Қайсысының тойды қалай бастайтынын күні бұрын біліп, тақпағын сөзбе-сөз қайталап айтып отырады. Бір айтылған әзілді екінші асаба қайталап тұрса, мезі болатынымыз рас. Кейде асабаның орынсыз әзілі той төріне тілек айтуға шыққан қадірлі мейманға айтылып жатқандай ыңғайсыз күй кешесің.

Үйлену тойында қос құда мен құдағиды сахнаға шақырып алып, 50-ден асқан дардай азаматтарды бала-шағаның алдында мазақ қылып, «келінге қарай жүгір, маған қарай жүгір, бір-біріңді құшақта, беттеріңді сүй» деп әбден масқаралап, клоун қылған асабаны көрдік. Жер шұқыдық. Шам сөндіріп, ортаға торт әкеліп, екі жасқа пышақтарын жалаңдата торт кескізіп, ата-енесінің ауызына тықпыштаған тұрпайы көріністі де байқадық. Осының барлығын ойлап тауып жатқан біреу емес, сайқымазақ асаба. Бұдан гөрі ибалы келін сырлы кесемен ата-енеге ағарған ұсынып, көргенді күйеу ілтипат етіп, зере табақпен бал жалатса, жарасымды көрініс болмас па?

Дүйім елдің алдында масаң кейіпте оспадарсыз билейтін «биші» қонақтарды есіртіп жүрген де, етегінің қайда қалғанын білмей, күллі қайынағаларының алдында ақылынан адасып, желігін баса алмаған абысын-ажынға есірік ойынды ойнатып жүрген де осы асабалар. Бір қызығы, тойдағы дүйім елдің бірде-бірі: не той иесі, не қарт-қария, не өзін зиялымын деп есептейтін ел ағалары әпербақан асабаға «әй, мұның не?» деп басу айтпайтыны таң қалдырады. Керісінше, ұятты әрекеттеріне мәз болып, қол шапалақтап, қосыла қолдау білдіретіні ойлантады. 

Асабаның әрбір сөзінде астарлы нақыл тұрса, қарапайым әзілмен күрделі ұғымдарды ұқтырса, осының өзі тәрбие. Жөн-жосықсыз қылжақпен тойдың берекесін кетіргенше, ізденіп, көпшіліктің ыңғайына қарап той басқарса, елдің алғысына бөленер еді.

ГЕНДЕР-АСАБАЛАР ДА БАР

Кейінгі жылдары той-жиындарда әйел асабалар да көрініс тауып жүр. Үйдегі кішігірім бесік той болса мейлі ғой, қарты мен қартаңы қатар отырар үлкен тойханаларда ортаға шығып көсемсіген, тілін безеп шешенсіген асаба-ханымдар бой көрсетіп қалады. Қайынағасы мен қайынапасының алдында қымсынбай көсіле сөйлеп, керек жерінде әзіл-қалжыңын араластыра думандатып, күлдіремін деп бүлдіріп жататын тұстары да кезігеді. Әсіресе, әйел-асабаның шаңқылдап сөйлеуі, ойын ойнатамын деп көпшілікке сыртын беріп еңкейіп тұруы, жұртты билетемін деп ерсілеу қимыл жасауы, денесін жапсыра тар киім киіп алуы ұнамсыз көріністер. Жалпы, көп ер азаматтар «әйел адамның жұртты басқаруы (тойда отырғандар да жұрт қой) ер адамның ас бөлмесінде қамыр илеп, нан жауып жатқанындай әсер береді екен» деген пікірде... 

АСЫҚҚАН АСАБАЛАР...

Әнші мен асабаның, келіннің бетін ашатын жаттама «айтқыштардың» (ақын деуге ауызым барыңқырамай тұр) алдын-ала тапсырыспен, асығыс-үсігіс минут санап жүретінін біз жақсы білеміз. Олар бір күнде бірнеше тапсырыс алып, бір тойдан екінші тойға секіріп, әзер үлгеріп, сүрініп-сүрлігіп жүре береді. Жарты сағат, бір сағат кешігу – олар үшін жазылмаған заң! Ана тойдан шығып, мына тойға келіп үлгерем дегенше, уақыт шіркін бір орнында тоқтап тұрмайды ғой...

Асабаның тәуекелшілеп қабаттастыра той алып қойғанын екі жақ та білмейді. Асаба бұл құпияны ешкімге ашып айтқан емес. Тапсырыс қабылдап жатқанда, өзге тапсырысы бар екенін біле тұра, «үлгеріп қалармын» деген үмітпен той иесінен ішкі есебін бүгіп қалады. Кейбір жиындардың елді күттіріп, кешеуілдеп басталып жататыны содан. Сондағы кінә – асабаның құлқынына жұмыр болмай тұрған қу ақша. Қармап қалу керек, жалмап алу керек! Осындай пысықайлықпен бір күнде үш-төрт жиынға барып үлгеретін асабаларды біз жақсы білеміз.

ТОЙДЫҢ ЕКI-ҮШ САҒАТ КЕШIГIП БАСТАЛУЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫ

Тойхана иелерiнің бұған көндiгiп алғаны соншалық, шақыру қағазында тойдың кешкі 7-де басталатыны жазулы тұрғанын білсе де, «бәрібір ел кешігіп келеді» деген желеумен дастархан жаюға асықпады. Кешiгiп басталған тойға бетіне опа-далап жаққан келіншегін қолтықтай, маңғаз басып түн ортасында кiретiн ел ағалары әдеттегі көрініске айналды. «Әкiм мен хакiм келушi едi» деп елдi күттiрiп қоятын тойлар да аз емес. Өйткенi жiлiктiң майлы басын иеленiп қалғандар кешiгiп келудi өздерiне едәуiр мәртебе санайтынын жұрт біледі. Оларға кешiктiң екен деп кiналап жатқан той иесi жоқ, қайта керiсiнше, бар жылы-жұмсағын алдына тосып бәйек. Ерте келгеннiң ернiн жалап, барға қанағат қылғаннан басқа лажы қалмайтын.

ТОЙДЫҢ БIР ҚЫЗЫҒЫ – БЕТАШАР

Қазақы дәстүрiмiзге сай бұрынырақ келiн бетiн ақын домбырамен үкiлеп ашушы едi, қазір оны жиыстырып қойдық. Келiн бетiн елге сыйлы айтулы ақын емес, ақша түсетiн банкiге тәуелді, жазып алған қағазын даңғырақ әуенге салып оқып беретін түбiт мұрт бозбала ашатын болған. Той ағасымын деп төрде төбедей болып отырған ел билерi бұған мән бермейді, тыйым сала алмайды.

Клиент тарту бәсекесінде, көзге көрінбесе де, беташар асабалар айқасының жүріп жатқанын біз жақсы білеміз. «Мен мықтымын» дегенді олар қазақ дәстүрін келеке-шоуға айналдыру арқылы «дәлелдеп» жүрген сыңайлы. Келіннің бетін ашқыштар ештеңеден қымсынып-қымтырылатын емес. Азын-аулақ ақша үшін рулас қарындасының бетін аша салуға, келін алдында қайын атасын не енесін келеке етіп, бір емес, бірнеше рет ортаға шақырып, қалтасының түбін «қағып алуға» үйреніп алған. Оқтау ұстаған жігітті «әрі тұр да, бері тұр» деп ел алдында мазақ етіп, сәлемін арнаған келіннің алдына ізет ете келген ағайынның жүріс-тұрысын әжуа етіп, күлдіремін деп, бүлдіріп жатқан асабалар да аз емес. Ақ жаулығын жамылған келінге мағыналы өсиет айтып, әулеттің игі жақсыларын таныстырудың орнына, бісімілләсін анекдот айтумен бастайтын «күлдіргіш» асабалар да бар. Елді бір «қызыққа» батырайын деп, беташарды былай жиыстырып қойып, қайта-қайта анекдот айтып, келіннің екі иығын селкілдетіп, дәстүрді оп-оңай «ойын-сауық отауына» айналдыра қоятын асабалардың ойлағаны не екен сонда?

АҚ БОСАҒАҢ – АРЫҢ

Бойжеткен қыздың ұзату тойын да өз шаңырағынан емес, сән-салтанатымен тойханада өткізетін болдық. Яғни, жаңа өмірге қадам басқан қыз өзінің балалық тәтті сәттері өткен ақ босағасынан емес, әлдебір кәсіпкердің «босағасынан», яғни тойханадан ұзатылып кете баратын салт шықты. Қызды алып кетуге келген құдалар жақ ішкені ірің, жегені желім боп, той бойы тағатсыздана сағат тіліне қарағыштаумен болады. Себебі түнгі 12-ден қалдырмай қызды алып кету дейтін еш жерде жазылмаған бір «заң» бар. Сағат тілі түнгі 00-ге тақаған шақта күйеу бала тойхананың кіре берісіне қымбат көлігін тақап қойып, қаралы жиындағыдай елді зар илетіп, күңіренткен асабаның соңғы сөзін күтер-күтпес, көз жасын тыя алмай тұрған «Золушка-жарын» ата-анасының, ағайын-туыстарының көзінше, көздерін бақырайтып қойып, бұтынан қармап көтеріп алып, мәшинеге атып ұрады да, тура жын қаққандай бар жылдамдығымен жүйтки жөнеледі. Ақ босаға қайда, аңыраған ел қайда? Аңтарылған жұрт «артыңа қарайлама, тойханаға қайта кіруге болмайды» деген асабаның желеу сөзіне сеніп, бастары салбырап, жынынан айырылған бақсыдай әрі-сәрі күй кешіп, қыздың ата-анасына басу айтқансып, алаң көңілмен үйлеріне қайта бастайды.

Бұрын қыз өзінің ақ босағасынан ұзайтын. Өз үйінен күйеу еліне аттанарда ауылын аралай жүріп, жақын туыстарымен қоштасатын. Ондағы мақсат ағайындарымен жүздесіп шығу ғана емес, әр туыстың от орнымен, шаңырағымен қоштасып, сол шаңырақ иелерінен, дәстүр бойынша ескерткіш есебінде ұсынған сыйлықтарын қабылдап, ықыластарына ризашылық білдіріп, олардың сыйлықтарын көзіндей көріп, кеудесіне қысып аттанатын. Соңынан ақ босағасына келіп, ата-анасымен, жұртымен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, «сыңсу» айтып, өзінің жаңа үйіне жеңге-қайынсіңлілерімен бірге кете баратын. Күйеу тек еріп жүретін, аяғына жармасып, көтеріп әкетпейтін.

ТОЙҒА ЕМЕС, ТОЙДАН...

Тойдан қалмайтын қатын-қалаш тойдан емес, базардан қайтқандай белдері бүгіле пакет-пакет зат арқалайтын болған. Себебі, олар тойға барарда тойанасымен бірге қалтасына бір-бір пакет сала баруды айнымас әдетіне айналдырып алған. Той біткенше әлгі пакет арақ-шарапқа, кәмпит-салатқа толады. Сенің той қызығын соңына дейін тамашалаймын деген тәтті қиялың әдірем қалып, той жартысына жетпей-ақ отырған дастарханың жым-жылас, көзіңді бақырайтып пакет-пакетке тоғытылып кете барады. Даяшыларға да рахат болды, дастархан жиып әуре болмайды, әлгі тойымсыз қатындар олардың жұмысын өздері-ақ тындырып жатады. Тойхана иелері де тағам қалдықтарын қайда жіберемін деп бас ауыртпайды. «Енді баяғыдай бос шөлмектерді қабылдайтын орындар ашылса ғой, бакалашкасын да жинап кетер еді» деп әзілдейді кейде олар.

ТҰРАЛАТҚАН «ТОҒЫЗДАР»

Ата-бабамызда болмаған түрлі кәде-күделер де көбейіп барады. Бұрын екі жақ құдалыққа тек үй тоғыз бен ағайын тоғыз ғана апарушы еді, қазір достар тоғызы, нан тоғыз, мәуе тоғыз, орамал тоғыз, көрші тоғыз, шай тоғыз, тақия тоғыз, күміс тоғыз, балдыз тоғыз, парфюмерия тоғыз... дегендерді қосып алыпты. Сұмдық! Құдалық емес, кішігірім базар көшіп келді дерсің. 100 теңгелік арзан ойыншыққа бола бет көріспестей араздасып кететін әйелдер, міне, осы кәде-күденің жемісі.

ҚАЛЫҢДЫҚ ЛАҚТЫРҒАН ДЕСТЕ...

Қалыңдық дестесінің тұрмыс құрған қыздардың ақ көйлегінің бір бөлшегі болып алғаны қашан. Ілгеріде үйлену тойы өткен соң жаңа түскен келін гүл шоғын күнге кептіріп, қуратып алып, өзге асыл тастарымен бірге сандықта сақтайтын дәстүр болған. Қазір сол дестені той бітісімен қалындық теріс қарап тұрып, арттағы қатарласа қалған бойжеткендерге иығынан асыра лақтыратын жоралғы пайда болған. Негізі қалыңдықтың десте ұстауы ХІХ ғасырда Англияда тұрмысқа енгенімен, гүл лақтыру кәдесі бізге мұхиттың арғы жағынан – Америкадан келді. Лақтырылған гүлді бірінші болып қағып алған бойжеткен көп ұзамай тұрмысқа шығады екен деген ырым бар.

Өкінішке орай, қазір кейбір тойларда байқап жүрміз, бойжеткендердің гүлге таласқаны соншалық, бір-бірін таптап кетердей анайы қимылдарға барып жатады. Сонда, шынымен де қыздар тездетіп күйеуге шығуды қалай ма, жоқ әлде, елден қалмайын деген санасыз әрекет пе? Ырымға сенейін десең, осындай тойлардан 7-8 гүл дестелерін коллекциялап жинап, әлі күнге дейін тұрмысқа шыға алмай отырған таныс бойжеткендерлі жақсы білеміз. Оны айтасыз, жақында тағы бір сорақы оқиғаның куәсі болдық. Бір тойда дүйім елдің көзінше жақында ғана тұрмысқа шыққан жас келін оң жақта отырып қалған қайынсіңлісінің майлы құйрығынан теуіп кеп жібергені! Ел гу ете қалып еді, шашын сары түске бояп алған үлкен абысыны ортаға шығып, осындай ырымның бар екенін, енді қайынсіңлісінің «жолының ашылғанын» айтып, жұртты сабасына түсірді. Жалпы, тойдағы ырым жәй мазақ үшін керек сияқты. Ал сол мазақтың құрбанына айналып отырған бойжеткендерге айтарымыз, көркем мінезден асқан дәстүр болмақ емес! 

* * *

Қазекемнің сыйластығы той деңгейінде қалып қойған жоқ па екен деген ой келеді осындайда. Ағайындас, аралас адамдардың бір-біріне: «Тойыңа шақырмадың», «тойыңда сөз бермедің» дегендей өкпе-наздарын естіп қаламыз. Ілгеріде көңіл шіркін бір асым насыбайдан қалушы еді, қазір бір жапырақ той қағазынан қалып жүр. Өмірде тойдан өзге айырбастауға келмес достық, туыстық сыйластықтар бар емес пе? Әлде, мұның барлығынан үш сағаттық тойдың бәсінің биік болғаны ма? Қайран, қазақ, түбімізге бір-біріне кредит бергендей «тойанамен» алдаусыратқан той-томалақ жетіп жүрмесін!

Қалай десек те, қалай тыйым іздесек те, қазақ той-жиынын тастай алмайтын сияқты. Бұл – ішкі менталитетіміз! Ендігі міндет, сол қызық-думанның жаңа сипатын, оқшаулануға лайықталған соны әдебін ойлап табуда. Тойдың сағаттап отырып, ыдыс-табақ босататын, ретсіз кіріп-шығып темекі түтететін, бір тілекті мың қайталап сөз жарыстыратын түрін емес, аз топпен ашық кафеге жиылып, жақсы дәстүрімізді танытатын, ән-күй тыңдап, мәдениетпен көңіл көтеретін нұсқасын қамдастыруымыз керек. Айналып келгенде, мұның өзі сіздің деніңіздің саулығы үшін, отбасыңыздың амандығы үшін қажет.

Мәселен, тойға келген адам той иесіне арнаған тойанасын тапсыру үшін «сөзқұмар» болады. Мұны атағанын күні бұрын банкомат картасына лақтыру арқылы шешудің жолы бар. Тек жеңіл салат, ыстық тамақ, шөлбасар шай дайын болғанда ғана дастархан басына отырып, қалған уақытта түрегеп жүріп фуршеттен сусындап, ән тыңдап, екеу-үшеу ғана топтасып, әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік бар. Базардағыдай бір-бірімен қақтығысып, сендей соғылысып, 300 адаммен иін тірескен тойшыл қауымнан гөрі, 30 адамдық аз топпен өткен тойдың қызығы көп. Даңғырақ музыканы мүлдем тоқтатып, тек асаба микрофонына ғана қонақ беру керек. Бас та ауырмайды, ми да тынығады. Той биінің мүлдем болмағаны жөн. Ол қазаққа ерсі, дәстүрімізге жат. Ойлап қараңызшы, елдің алдында дене мүшелеріңізді ерсілеу қимылдатып, елге мазақ болғаннан не ұттыңыз? Тек той ортасында бір сәтке уақыт бөліп, таза ауада қонақтарымызды жаппай «Қара жорғаға» бір билетіп алсақ, соның өзі тер шығаруға таптырмас мүмкіндік.

Қысқасы, ескі дәстүр-жоралғыларымызды ішінара сақтай отырып, той өткізу әдебін карантиндік режимге – оқшаулану сипатына ыңғайлаудың сәті туған сияқты.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

ҚР мәдениет қайраткері.

Президент Тоқаевқа, премьер-министр Маминге елден ашық хат!
Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу