Келінім - еркетотай
Құрметті «Ана бол» сайты! Мен бес бала тәрбиелеп өсірген анамын. Үлкен балаларымның барлығын аяқтандырып, енді қалған сүт кенжемді ерке қып өсіргем. Еркелігінен бе, кіші ұлым кештеу үйленді. Жасы 30-ға келгенде өзінен он бір жас кіші 19 жасар қызды алып келді. Ол қыз да бір үйдің еркетотайы екен. Бір еркемді адам қылып, баға ма десем, өзіме енді екі еркені бағуға тура келді. Келінім ұйқыдан кеш тұратыны, тамақ дайындай алмайтыны былай тұрсын, күйеуімен өзінің кірін де жумайды. Маған кір жуғыш машына керек деп оны алғызып еді, оған да біздің кірімізді салмайды. Алғаш келгенінде тамақ істей алмаймын деген соң, үйренеді ғой деп ойлап өзім жасап жүрдім. Келініме үйретейін десем, үйренейін деген ниеті де жоқ. Әдемі киініп, бетін бояп отырғаннан басқа түк бітірмейді. Не істесем болады?
Әсия, Алматы облысы, Шелек
Психолог кеңесі: Қымбатты, Әсия апай. Әрине, қартайғанда келін түсіріп, қолым ұзара ма дегенде, мына жағдайға тап болғаныңыз қиын-ақ. Дегенмен, өзіңіз айтқанда жасы небәрі 19-да болса, келініңізді әлі де тәрбиелеп, білмегенін үйретіп, икемдеп алуға аз да болса мүмкіндік бар деп ойла ймын. Мәселен, келініңізбен оңаша сөйлесіп көріңіз, жанында үнемі жүрмейтініңізді, ерте ме, кеш пе, бір күні күйеуі екеуі, балаларымен қалғанда өмір сүру керектігін, бір шаңырақты ұстап қалатынын оған түсіндіріп көріңіз. Егер ешбір амалы қалмаса, анасымен сөйлесіп, анасынын жанына жіберіңіз, аз да болса үйреніп келсін.
Дереккөз : anabol.kz