Енем мені түсінбейді
Сұрақ: Менің жасым 19-де. 18 жасымда тұрмысқа шықтым, ол кезде 2 курс студенті едім. Жолдасым екеуміз ақылдасып мен оқуымды бітіріп алғанша балалы болмаймыз деп шештік. Себебі менің оқуыма кедергі болады, бала болған соң үйде отыруым керек. Біз жаспыз ғой, әлі балалы боламыз дедік. Бірақ үйленген соң бәрінің күтетіні бала екен ғой. Бір жыл өтер-өтпестен енемнің күн сайын «неге бала көтермейсің, әлде бедеусің бе» деп қоймағаны қитығыма тиіп бітті де, ақыры түсіндіріп айттым. Енем болса «Бұл не қылғаның, Құдайдың бергенінен безіп, қаншама адамдар балалы болуды аңсап жүр, ал сендер қолда тұрған нәрсені» деп азар да безер болды. Сол күні-ақ балаларын, туған-туыстарын жинап, бәріне жайып салды. Барлығы мені жүндей түтіп жеді. Енді екі-ақ жыл оқуым қалды ғой, десем де түсінбейді. Моральдық жағынан да қажып біттім әбден. Қайтсем болады?
Шолпан, Астана қаласы
Жауап: Шолпан, сенің жағдайыңды түсініп отырмыз. Өзің айтқандай балалы болсаң сабағың да нашарлап, кедергі болатыны бар. Алайда, енеңді де түсінуге тырыс. Ол сендерге жамандық тілемегені көрініп тұр. Балалы болуды қаласаңдар жағдайды жеңілдету өз қолдарыңда. Енең жаныңда болса ол да көмегін аянып қалмас. Сабаққа да, балаға үлгеруге әбден болады. Ол тек өз қалауыңыз бен ниетіңізге байланысты әрине.
Дереккөз : anabol.kz