Дінмұхамед Қонаевтың шапағатын көрген қарт
24-12-2022
Кешігіп жүру, кешігіп келу, кешігіп қалу... Осы бір қанға сіңісті болған әдет кейбір адамдардың өмірлік дағдысына айналып бара жатқан сыңайлы. Когнитивті мінез-құлық психотерапиясымен көп жылдардан бері айналысып келе жатқан Лондон клиникасының дәрігері Гарриет Меллот өнебойы кешігіп жүретіндерге: «Легче всего приписывать опоздания неорганизованности, безалаберности, отсутствию должного воспитания и уважения к другим», – деп лайықты баға беріпті. Өкінішке орай, айналамызда кешіккеніне қымсынбайтын, қайта оны тектілік, зиялылық санайтын адамдар көп. «Бастық кешікпейді, сәл аялдайды» деген түсінік содан қалса керек. Жұмысқа жарты сағатқа дейін кешігіп жүру, оны сыртқы факторларға сілтей салу, жұмыс кабинетіне уақыт кестесіне сай келмеу, ерте кетіп, кеш оралу – осының барлығы айналасындағы адамдардың жүйкесіне кері әсер ететін жағдайлар. Біреулер мұны сабырмен қабылдайды, ал енді біреулер... шыдай алмайды.
Әлдебір шендіні күткен тойдың өте кеш басталатыны, маңызды іс-шараны ашу үшін келуі тиіс мемлекет қызметшісінің кешігуінен қаншама алтын уақыттың текке жоғалатыны – бізге таныс жағдай. Кешкі 7-ге шақырылған тойдың 9-да басталып жататыны, ертелеу келген қонақтардың күтуден шаршап, қарындарын тойдырып алған соң ертерек сытылып кетіп жататыны осыдан. Іс-шараларда залға адамдарды қамап алып, есік күзету де осы кешігуден туындайды. Уақтылы басталса жақсы іс-шарадан ешкім де кетпес еді әрі есік күзетіп әуре болмас едік.
Бір қызығы, кешігушілердің беттерінде қытық болмайды. Мен кешігіп келдім-ау, мына кіре беріске, босаға жаққа отыра салайын-ау деген түсінік болмайды оларда. Талтаңдап төрге озады. Манадан осыны күтіп зығырданы қайнап отырған залдан бос орын іздеп, қақ ортада талтая тұрып, көзін жан-жаққа салып, маңғаздана шолады. Ішкі есебі: біреу жүгіріп келіп жетекпен алып кетсе, әлдебіреу тұрып орын берсе, бұл ұялмай барып отырса.
Кешіккенге неге жалпақтаймыз осы біз? Жалпақтаған соң олар маңғазданады. Кешіккенім жөн екен дейді. Біреулер өзін көрсету үшін әдейі кешігіп жүруі де мүмкін. Бұған сіз боп, біз боп тоқтау салмасақ, ертең кешігіп қаламыз!
Бекжігіт Сердәлінің әлеуметтік желідегі парақшасынан