Елена Малышева жұртты жалықтырды ма?
Ресейлік «1 арнаның» жүргізушісі Елена Малышева бұл күндері жан-жақтан құттықтауларды қабылдауда. Оның «Здоровье» атты хабары эфирге осыменен 20 жылдан бері шығып жүр. Әрине, Малышева – бүгінде ТМД кеңістігінің теленарығында танымал брендке айналды. Әйткенмен, оны құттықтаушылармен қатар жақтырмайтындардың да қатары аз емес.
КСРО кезінде көрермендердің арасында үлкен сұранысқа ие болған медициналық хабар сонау 60-шы жылдарда пайда болған. Жобаны әуелі Алла Мелик-Пашаева, кейін Юлия Белянчикова жүргізген. Сол заманғы телехабарлар негізінен 5 минуттық сюжеттерден құралған тележурнал ретінде эфирге шығатын. Денсаулық сақтау ісіне арналған жобада медицинадағы ғылыми жаңалықтар, күрделі операциялар, емдеудің жаңа тәсілдері мен дәрілер, атақты ғалымдар мен медиктермен жүздесулер, алғашқы медициналық көмекті көрсетудің ережелері, аурулардың алдын алу секілді тақырыптарға көп көңіл бөлінетін. 23 жыл бойы эфирге шыққан телехабарды жүргізу ісіне кәсіби дәрігерлер тартылған болатын. Редакцияға елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған хат жолданатын.
Телебағдарлама 1992 жылдан шықпай қалды. Оны бес жылдық үзілістен кейін Малышева қайта жандандырды. Дәлірегі, «Здоровьенің» тұңғыш хабары 1997 жылғы 2 қазан күні эфирге шыққан. Бірақ, соңғы жылдары Малышева тарапына айтылатын сыни пікірлер көбейе бастады. Оның тележобаны жүргізу әдісі, сөйлеу үлгісінен бастап қозғалған тақырыптарына дейін наразылық білдіріп жүргендер аз емес. «Малышевадан әбден жалықтым», «Құртыңдаршы оны эфирден» деген сыңайдағы пікірлер жиі айтылады.
Әріптесі Екатерина Стриженова «Еленаға қатысты әркім әртүрлі көзқараста болса да, оның хабарын жұрт тамашалайды. Осыншама жыл бойы эфирден түспеуі көрермендердің бұл хабарды жақсы көретінін білдіреді. Мұндай бағдарлама үшін тележүргізушінің маңызы өте зор, себебі көрерменнің сенімін сатып ала алмайсың» деп қолдау білдірді.
Алайда, интернетті қолданушылар мұндай оптимизмді қолдамай, телехабарды сын тезіне алды. «Малышева өзінің түкке тұрғысыз хабарына курстастарын, тіпті ұлын да тартты. Сонымен қатар дәрігерлерді клоун етіп шығарды. Ақша үшін осылайша намысын жерге таптауға болады ма?», «Малышевадан әбден жалықтым», «Оның жүргізетін хабары сұмдық қой. 20-жылдықты тойлаудың орнына хабарды жабу керек», «мұндай бағдарламаны тәжірибелі дәрігер жүргізуі тиіс. Ал Малышева болса қонаққа шақырған дәрігерлердің аузын жабумен әлек», «ол – дәрігер емес, ресейлік медицинаның масқарасын шығарған адам» деген сипаттағы жазбалар әлеуметтік желілерде толып жүр.
Малышеваның хабарды жүргізудегі стандартты емес әдістері біреуге ұнаса, енді біреуге ұнамайды. Кейде мүлдем ыңғайсыз әңгіме айтатыны бар. Әрине, Еленаны қолдаушылар да аз емес. Осыдан біраз бұрын ол артық салмақ тастауға байланысты арнайы бағдарлама әзірлеп, көрермендердің арасында байқау өткізді. Жеңімпазға 1 миллион рубль сыйақы берілді.
Қалай болғанда да медицина ғылымдарының докторы, профессор Елена Малышеваның ресейлік теледидар саласында өзіндің қолтаңбасы бар екенін мойындау керек. Әйткенмен, оның дәуірі аяқталып келе жатқанға ұқсайды. 2014 жылы бір топ ата-ана Малышеваның үстінен прокуратураға арызданып, оынң хабары жастарды азғындауға бағытталғанын алға тартты. Сол жылдарда «Здоровье» хабарында жыныстық қатынастар мәселесі тым жиі қозғалғаны рас.
Көрермендер 20 жылда Елена Малышеваның мүлдем өзгермегенін байқапты. «Соған қарағанда, танымал тележүргізуші пластикалық ота жасатқан болуы керек», деп топшылады жұрт.