Балалар дәрігері
Статистикаға жүгінсек, әрбір үшінші минутта әлемде 20 адам түрлі жарақаттың салдарынан өмірімен қош айтысады екен. Оның 5 пайызы балалар. Жол-көлік оқиғалары мен тұрмыстық жарақаттың кесірінен айлар бойы азап шегіп, кемтар болып қалатындар да жоқ емес. Аурумен күресуге үлкендердің өзінің күш-жігері жете бермейді. Ал әрнәрсені ұстап көріп, білгісі келетін бүлдіршіндерге тіпті қиын. Сондықтан, ата-аналар ұл-қызын сақтандырып, биікке өрмелеймін деп құлап қалмауы, ыстыққа күйіп, түрлі тұрмыстық заттарды ішіп, уланбауы үшін үнемі қадағалап отыруы тиіс.
Алғаш Жамбыл облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне Астанадағы «Ана мен бала ұлттық-ғылыми орталығынан арнайы маман шақыртыпты» дегенді естігенде, «өңірге келіп, еңбек етуге келісім берген қандай дәрігер?» деп қызығушылық танытқанымыз рас. Сала басшылары бекер қолқа салмаған екен. Қазақстанның ортопедтер және травматологтар Ассоциациясының мүшесі Ардақ Нұрмұханов жаңа технологиямен ем-шараларын жасауды үйрену үшін Түркия, Украина, Ресей, Чехия мемлекеттеріне барып, біліктілігін арттырған тәжірибелі қызметкер, он шақты ғылыми еңбектің авторы болып шықты.
Біз де бала болғанбыз. Үлкендер «Қазір жылағаныңды қоймасаң, доқтыр шақырамын» дегенде қорыққанымыздан жым болатынбыз. Қазір де солай. Бала біткен ақ халаттыны көргенде бұзықтық жасамауға тырысып, тым-тырыс отыра қалады. Ал дәрігер Ардақ келгенде бәрі керісінше, алыстан ағасы іздеп келгендей қуанады екен...
Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған екен. Астанадағы мемлекеттік медициналық академияны 2005 жылы бітіріп, педиатр мамандығын алған соң, осы оқу орнында резидентурадан өтеді. Тағы екі жылға балалар хирургиясы бойынша клиникалық ординатурадан өту үшін оқуға қабылданады. Бірақ, 2007 жылы Түркияға аттанатын болғандықтан, оқудан бір жыл ерте жіберіліпті. Шетелде оқып келген соң республикалық балалар реабилитациялық орталығында ортопед дәрігер болып жұмысқа орналасады. Бір айдан кейін Ана мен бала ұлттық орталығына ауысып, сонда сегіз жыл еңбек етті. Қазір Жамбыл облыстық балалар ауруханасында жарақат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеуде.
– Менің алғашқы тәлімгерім – өзімнің туыс ағам. Бала кезімде ол мені ауруханаға апарып, өзінің жұмысымен таныстырғаны бар. Сол кезден-ақ дәрігер боламын деп ойлағанмын. Ал медицина саласына келгенде дәрігер хирургі Кәкім Іңкәрбаевтен тәлім алдым. Травматология мен ортопедияның қыр-сырып үйреткен жетекшім, марқұм профессор Әбубәкір Ерекешов пен Ана мен бала ұлттық орталығындағы ұстазым Болат Нағмановтан да үйренгенім көп. Шет елдерге шығып, алдыңғы қатарлы клиникаларды аралап көрдім. Сол жерде білікті дәрігерлермен танысып, тәжірибе жинадым. Мен олармен әлі күнге хабарласып, хат алмасып тұрамын. Кеңес керек болған кезде соларға жүгінемін. Олар да білгенін айтып, жол көрсетуден аянып қалған емес, – дейді Ардақ Мақсұтұлы.
Жарақат деп жалпылама айтылғанымен, оның түрлері көп, сонысына қарай салдары да күрделі. Әсіресе, демалыс күндерінде балғындар жиі оқыс жағдайларға тап болып жатады. Өйткені, бұл кезде олар бос уақытының көп бөлігін далада өткізетіндіктен үлкендердің қадағалауынсыз болады. Осы кезеңдерде түрлі жарақат алған жеткіншектер травматология бөліміне жиі түседі. Сондықтан, балалар жарақатының алдын алу – өте өзекті мәселе.
Мәселен, былтыр осы бөлімшеде 1000-ға жуық жасөспірім емделді. Оның 704-і ұл, 252-сі қыз бала. Алған жарақаттарының түрлеріне қарай сипаттасақ, көбісі тұрмыстық жарақат алғандар. Нақтырақ айтсақ, 633-і тұрмыстық жарақатпен түскендер, 330-ы көшеде, 14-і мектепте жүріп, 30-ы спортпен шұғылданып жатып, 20-сы жол-көлік оқиғалары кезінде жарақаттанғандар екен. Биыл да жыл басынан бері түрлі жарақатпен түсіп жатқандар көп.
Балалар жарақаттарының себептері әртүрлі. Барлығы балғындарды қараусыз қалдырудың салдарынан болады. Сондықтан, ата-ана өз перзентін қауіптен сақтандырып отыруы тиіс. Қатаң қадағалау болғанда ғана бала тентектік жасамайды. Жасөспірімдердің денсаулығына ең алдымен әкесі мен шешесі жауапты. Дегенмен, өзіне дос әрі қамқор болған жанды балалар да жатырқамай, жақын тартады емес пе?! Ал Ардақты әке деп атайтындары да бар екен. Балалардың жүрегіне жол тапқан дәрігер дертке шипа, жанға дауа табу үшін кез келген ғажайыпты жасауға дайын.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА,
Жамбыл облысы.