Жүктілік кезіндегі тұмау өте қауіпті
Аяғы ауыр әйелдерге дәрігерлерінің «Саған тұмауратуға болмайды!» дегенді көп айтатынын бәріміз білеміз. Әрине, жүкіті әйелдер ғана емес, бәрімізге де тұмауратуға болмайды. Десе де, дүниеге бала әкелуге дайындалып жүрген ана үшін тұмаудың салдары екі есе қиын, әрі қауіпті болмақ.
Температура көтерілгенде
Тұмаудың вирусынан дене температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Бұл – ананың ғана емес, құрсақтағы баланың денсаулығы үшін де қауіпті жайт. Мұндайда температураны түсіру үшін дәрігердің кеңесінсіз, өз бетіңізше дәрі қабылдауға болмайды. Жүкті әйелдерге, әдетте, дәрігерлер дәрілердің балаларға арналған дозасын жазып жатады. Сондықтан да кез келген дәріні іше беруге болмайтынын ескеріңіз. Әсіресе, құрамында аспирин бар дәрілерге жоламаңыз. Тұмау кезінде мейлінше көбірек сұйықтық – таңқурай, мүкжидек, итбүлдіргеннің тұнбасын ішіңіз. Мұндайда дәрілерден гөрі халықтық медицинаға жүгінгеніңіз жөн. Тамағыңыз бен мұрын қуысын булаңыз және тұзбен шайыңыз.
Тұмауратқанда ағзадағы С дәруменіне деген сұраныс артады. Сондықтан құрамында осы дәрумен бар тағамдарды көбірек қабылдаңыз. Орамжапырақ салатын, алма жеңіз, лимонмен шай ішіңіз. Сонымен қатар бөлме ауасының 22 градустан көтерілмеуін қадағалаңыз, ауық-ауық есік-терезені ашып, бөлмені желдетіп алу керек. Ауа құрғап кетпеуі үшін орамалды сулап, іліп қою да артықтық етпейді.
Жөтел кезінде
Егер құрғақ жөтел болса, қақырықты түсіретін арнайы сироптарды тек дәрігердің нұсқауымен қолданыңыз. Сондай-ақ орамалмен оранып, тамақ-мұрныңызды булаңыз. Аяғы ауыр әйелдерге аяғын ыстық суға салуға, табанына қыздыратын майлы жақпалар жағуға мүлде болмайтынын есіңізден шығармаңыз. «Боржоми» минералды суы мен сүтті араластырып ішу де жөтел кезінде жақсы көмек болады.
Бас ауырғанда
Егер жүрек айнуы мен құсу болмаса, бас ауруы ана мен бала денсаулығына үлкен қауіп төндірмейді. Сондықтан оған аса алаңдамаған жөн. Басыңызға массаж жасаңыз. Уайымға берілмеңіз, мейлінше көбірек демалу қажет. Бас ауруын қою шай немесе кофе ішіп қойдыруға талпынбаңыз. Мұның пайдасынан зияны көп. Сондай-ақ бас ауруын жоятын дәрі ішуге де болмайды.
Дереккөз : anabol.kz