Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Қазақстанда тұңғыш жоғары медициналық оқу орнын ашу көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым, ұстаз әрі ағартушы Санжар Асфандияровтың есімімен тығыз байланысты. Санжар Жапарұлы - Қазақ медицина институтының тұңғыш ректоры ғана емес, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Оның отандық медицинаға қосқан үлесіне тоқталмас бұрын 20-ғасыр басындағы қазақ даласындағы жағдайға көз жүгіртейік.
1913 жылғы дерекке жүгінгсек, 5 жарым миллион халқы бар қазақ даласында небәрі 200-ге жуық дәрігер қызмет еткен екен. Сол жылдардың санағы бойынша, 10 мың адамға 0,3 дәрігер мен 3 ауруханалық төсектен ғана келген. Әсіресе жергілікті халық медициналық көмектен жұрдай еді. Барлық дерлік емдеу мекемелері облыс және әуезд орталықтарында шоғырланғандықтан, еуропалық ұлт өкілдерінен құралған дәрігерлер корпусы көшпелі тұрғындарға салғырт қарайтын. Революцияға дейін қазақ жерінде медициналық кадрларды даярлайтын бірде-бір оқу орны ұйымдастырылмағаны да аян.
Кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында кеңестік негізде құрылған денсаулық сақтау жүйесі және халыққа медициналық көмек көрсету қызметі күрделі қалыптасу кезеңін бастан кешірді. Ауруханалар мен дәрігерлер саны біртіндеп көбейгенімен, әлі де халыққа сапалы қызмет көрсетуге деңгей жетпейтін. Денсаулық сақтау халық комиссариатының мәліметтері бойынша 1930 жылға қарай Қазақстан территориясының ауқымдылығына байланысты 1 дәрігерлік учаскеге 40 мыңнан 238 мың адамға дейін келіп, осы учаскелерде небәрі 305 дәрігер ғана жұмыс істеді, яғни бұл учаскелердің медициналық персоналмен қамтамасыз етілуі мардымсыз 19,8%-ды ғана құрады.
1930 жылға дейін Қазақстанда бұрынғысынша жоғары білімді дәрігерлерді даярлайтын бірде-бір оқу орны болмады. Сол жылдарда республи¬ка¬ның денсаулық сақтау жүйесінде қызмет еткен жоғары білімді мамандардың айтарлықтай бөлігі Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медициналық факультетінің түлектері еді. Атап айтқанда, 1928-1929 оқу жылында Қазақстаннан тыс жерде оқып жатқан 669 студенттің ішінен 140-ы медицина саласы бойынша білім алды. Олардың 53-і Орта Азиялық мемлекеттік университетінің медицина факультетінің студенттері болса, қалғандары салыстырмалы теңдей дәрежеде Мәскеу (5), Ленинград (5), Қазан (8), Саратов (15), Астрахань (17), Омбы (14), Томск (8), Новочеркаск (7), Воронеж (6) және Иркутск (1) университеттерінің медициналық факультеттерінде немесе медициналық институттарында білім алып жатты. Алайда, сыртта білім алып жатқан студенттердің айтарлықтай бөлігі ауыр материалдық жағдайға байланысты өз оқуларын мерзімнен бұрын аяқтап отырды. Соның салдары ретінде, тек санаулы студенттер ғана дәрігер дипломына қол жеткізіп, республикаға қайта оралды.
Халық ағарту комиссариатының 5 жылдық перспективті жоспарына сәйкес Қазақстанда медициналық жоғары орынды ашу 1933 жылға дейін іске асырылатын маңызды іс-шаралардың қатарына жатқызылды. 1930 жылдың қаңтар айында Қазақ республикасының үкіметі, жауапты комиссариаттар (Ағарту және Денсаулық сақтау) ҚазМИ-ді құру үшін РКФСР-дің жоғарғы органдарынан тиісті шешім алу бағытында қызу жұмысты бастап кетеді. Бұл жобаға ҚазМУ-дың ректоры, медицина саласының маманы, қабілетті ұйымдастырушы Санжар Асфендияров белсенді түрде тартылды. Қазақ республикасының үкіметі оған ҚазМИ-ді құруға бағытталған істерге жалпы жетекшілікті жүргізу міндетін жүктеді. 1930 жылы С.Асфендиаров ҚазМУ және ҚазМИ істері бойынша Мәскеу қаласына екі рет іссапар шегіп, олардың барысында болашақ институтта қызмет ететін ғалымдармен келіссөз жүргізумен, институт үшін қажетті құрал-жабдықтарды алдыртумен, институттың қаржы сметалары мен оқу жоспарын бекітумен айналысты.
1930 жылдың жазына қарай ҚазМИ-дің құрылуын құжат негізінде орталық органдарда заңдастыру өзінің шешуші кезеңіне аяқ басқан болатын.
ҚазМИ-дің алғашқы 1930-1931 оқу жылына 100-120 сту¬дентті 1-курсқа қабылдау жоспарланып, оларға жалпы пәндер бойынша ҚазМУ-дың және Мал дәрігерлік институттың профессор-оқытушылық құрамы дәріс оқуға міндеттелінеді деп шешілді. ҚазМИ-дің жетекші құрамына тоқталатын болсақ, қазақ өкілдігінің РКФСР-дің ХКК-не және Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатына бекіту үшін жіберген түсіндірме баяндамада ол 22 әкімшілік-техникалық қызметтерден тұратындығы көрсетілді.
1931 жылы 9-ақпанда БКП (б) Қазөлкекомы 1919 жылдан бастап әр жылдарда Түркістан АССР-і Денсаулық Халық комиссары қызметтерін атқарған Санжар Асфендияровты Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының директоры қызметінен босатып, Қазақ медициналық институтының ректоры етіп тағайындайды.
Міне, осындан кейін-ақ бүгінде аты төрткүл дүниенің біралай жеріне танылып, ұзақ жылдарғы ғұмырында мыңдаған білікті кадрлар даярлап үлгерген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ғұмыры басталып кеткен екен.