Алмира Ақбаева: «Сол бір қасіретті күндер жан жарамызға айналды»...

Oinet.kz 08-12-2019 1949

Керейт ауылының тұрғыны Алмира Ақбаева 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын көзімен көріп, сол бір сұрқия саясаттың салқынын сезінген жан. Алмира апайымыз О.Ағыбайұлы атындағы жалпы орта мектепте 28 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ береді. Жалпы, 30 жылдық тәжірибелсі бар білікті ұстаз. Енді қанды көтерілістің куәгері болған Алмира Керімқұлқызына сөз берелік.

Screenshot_1.jpg

- 1984 жылы орта мектепті бітірген соң, өз қалауыммен Алматыдағы шетел тілдері институтына оқуға түстім. ІІ – курста оқитын кезіміз. Жаппай жастар толқуы басталған күні ұстаздарымыз жатақханадан шығармады. Алаңда болып жатқан оқиғаларды есітіп, алаңдаулы күй кештік. Оқытушылар да қобалжулы. Ал, екінші күні кураторымыз Төреханов ағай алаңға шығуға қиылып сұранған біздерге «мен сендерді түсініп тұрмын, өзімнің ішкі дүнием де алай-дүлей болып тұр, барыңдар, бірақ, көп жүрмеңдер» деп жіберді. Бұл 18-інші желтоқсан еді. Иә, Д.А.Қонаевтың биліктен алынып, оның орнына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Г.В.Колбиннің жасырын түрде тағайындалуына бейбіт түрде өз наразылығымызды білдіру үшін алаңға шықтық. Жастар қозғалысының негізгі себептерінің бірі - осы астыртын жүргізілген саяси оқиға еді. Мұның себебін биліктен түсіндірулерін сұрап, «Қазақстанды қазақ басқарсын» деген талап қоймақ болдық. Группаластарымызбен бірге бұрынғы Брежнев, қазіргі Тәуелсіздік алаңына жеттік. «Менің Қазақстаным» әнін айтып жүрген жастарға қосыла біз де шырқадық. Бұл ән - ашынған жастардың жанайқайындай болды. Алаңда төңкеріліп жатқан автобустар, толқулы, ызалы жастар, айналаның бәрін қоршаған сарбаздар... Күн аса ызғарлы, қытымыр аяз. Қарусыз жастарға түрлі зорлық-зомбылық көрсетіліп жатты. Көз алдымда орыс сарбазы қазақ қызын шыңғырта желкесінен дубинкамен ұрып жатты. Арт жағымдағы қыздың шашынан сүйреп әкетіп барады. Ашына айқайлаған біздерді елең қылып жатқан олар жоқ. Керісінше, қоқан-лоққы жасап, доқ көрсетіп қояды. Ол қыздарға болысқан қарусыз қазақ жігіттері де оңбай таяқ жеп, әскери машиналарға тоғытылып жатты. Ішімізде кек қайнап, күресуге дәрменіміз жоқ. Көзімізден ащы жас сорғалап, мұз боп қатуда. Кері шегініп, жылжи бастадық. Ығы-жығы лектің арасында бір-бірімізден адасып қалдық. Қаптаған қалың әскерден бой тасалап, жолай «Мир» көшесіндегі нысандардың біріне тығылдық. Жатақханаға суықтан мұздаған денеміз қалшылдап, әрі жанымыз ауырып, өн бойымызды ыза кернеп, құр сүлдеріміз қайтып келдік. Келсек, Айнаш деген қызымыз жоқ. Оқытушыларымыз, студенттер жаппай іздестірдік. Таппай, уайымқа баттық. Айнаш екі күн дегенде жатақханаға өзі келді. Қазақ жігіттерін қуып жүрген сарбаздардан қорқып, бір подьезге кіріп кеткен екен. Орыс кемпірі ентіккен, жылаған, тоңғаннан бет-ауызы домбығып кеткен жас қызды аяп, үйіне кіргізіп паналатыпты. Көшедегі қауіп сейілгенше, шықпа деп жібермепті. Бізді қайтып жатақханадан шығармады. Қарғалыдағы техникумда оқып жатырған әпкемді алаңда жүрген жерінен бір топ курстастарымен бірге көлікке тиеп, қаланың бір шетіне апарып тастапты. Алаңға қайтып келмесін дегендері болар. Қазақ жастарына қолданылған біз көрмеген неше түрлі қорлау мен жазалауды кейін естіп, аза бойымыз қаза болды. Ербол, Қайрат, Сәбира, Ләззат сынды намысты, ержүрек жастарымыздың әкімшілдік-әміршілдік жүйенің кесірінен қаза болғаны да жанымызға аяздай батады. Ұлттық намыс еді бізді алаңға жетелеген. Ызғарлы күндердің қасіретті көрінісі көз алдымнан кетпейді. Алаңдағы жәбірленген жастардың бейнелері көз алдымда қалып қойды. Көкірегімнен ыза-кек әлі өшпеді. Жан жарамыз әлі жазылған жоқ. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жазықсыз азаптауды басынан өткерген таныс құрбым кейін жүрек ауруына шалдықты. Берекелері кетіп, сергелдеңге тап болғандары қаншама?! Есіме алсам жылағым келеді... Иә, бұл бүкіл ұлттың қайғы-қасіреті еді.

Screenshot_2.jpg

Әңгімесін көңілсіз аяқтаған Алмира апай, көңілі босап, жанарына жас үйіріліп, біразға дейін үнсіз отырып қалды. Бүгінде жолдасы Уәлихан екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеуде. Үлкендері жоғары білім алып, қалаған мамандықтарының иелері атанды. Кенжелері мектеп оқушысы. Алдыңғы перзенттерін ақтандырып, құтты орындарына қондырып, бүгінде үш немере сүйіп отыр. Бақытты ана. «Шүкір, бүгінде әлем таныған тәуелсіз мемлекетпіз. Жастарымыз бақытты. Халқымыз мұндай қасіретті енді көрмесін» дейді кейіпкеріміз. Ұлттық рухымыздың оянып, тоталитарлық жүйенің ыдырауына ықпал жасаған, тәуелсіздік таңының атуына бірден-бір себепкер болған - осындай рухты жастарымыз екені анық.

Түлкібас аудандық "Шамшырақ" газеті

Сталинге ультиматум қойған қазақ қызы - Халида Маманова
Қазақ медицинасының майталманы - Санжар Асфендияров
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу