Сәтсіздік — баға жетпес тәжірибе
Адам баласының болмысы қызық. Оны толық түсіну мүмкін емес. Өмір бойы білім алып, тәжірибе жинауға ұмтылады, бірақ бір рет шалыс басса болғаны өзін айыптай жөнеледі. Осының салдарынан миымыз қателесуден қорқады.
Қателескен соң мақсатқа жеткізер басқа жол іздеп, жеңіске жеткіміз келеді. Бәрі де осылай ойлайды десеңіз, қатты қателесесіз. Өкінішкен орай, табандылық — екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет.
Біз жеке бизнесімізді ашқымыз келсе де, шетелге барғымыз келсе де, тіпті, жалақысы жоғары жұмысқа тұруды мақсат тұтсақ та, алдымызда сәтсіздіктер күтіп тұрады. Құдды мина алаңынан өткендей боламыз. Көп нәрседен көңіліміз қалады. Мақсатымыздың өзі көп тәжірибе жинайтынымызды меңзейді емес пе? Ал тәжірибе қалай жиналады? Бірнәрсені жасап көруден, қателесуден жиналады. Сондықтан әрбір қателікті жағымсыз тәжірибе деп қабылдаудың қажеті жоқ. Әрбір сәтсіздіктің астарында адамды арманымен қауыштыратын сабақ жатыр.
Кез келген ұлы тұлғаның өмірбаянын алып оқып көріңіз. Бастапқыда көп сүрініп, елге күлкі болғанын көресіз. Бірақ олар бірден бәрінен бас тартқан жоқ, соңына дейін күресті. Ақылды болуға жетелейтін тәжірибе жинады.
Джим Керри
Оның мансап жолын есіңізге түсіріп көріңізші. Ол алғаш рет клубта өнер көрсеткен. Өнерін тамашалаушылар ысқырып, сахнадан қуған, ал бастығы бұдан былай сахнаға шықпауын талап еткен. Қазір осы адамдар мен бастығы жасаған қылығы үшін қатты өкінетініне сенімдімін.
Стивен Кинг
Дәл осындай оқиға әйгілі Стивен Кингтің де басынан өткен. Оның алғашқы «Керри» атты романынан 20 баспа бас тартқан. Алайда әйелі Табита Спрюс қоқыс салатын жәшіктен шимай түрін тауып алып, оны ары қарай да баспаға ұсынуына кеңес берген. Нәтижесінде не болды? Кітабын «Doubleday» баспасы 2500 АҚШ долларына басып шығарды. Артынша «NAL» баспасы авторлық құқықты 200 000 АҚШ долларына сатып алды. Ол бәрінен бас тартудың сәл-ақ алдында қалған еді. Бүгінгі таңда оның кітаптарын, осы романын жұрт сүйіп оқиды. Кейде дәл осылай жақын адамдарымыз бізді игі істерге бағыттайды.
Ең бастысы — сабақ алу
Әрбір сәтсіздіктен сабақ ала білген жөн. Бір басқан тырнаңызды екінші рет басудан сақтаныңыз. Қателіктер мен сәтсіздіктер адамның осы әрекетін екінші мәрте қайталамауы үшін берілген.
Есіңізде болсын: бүгінгі күніңіз, осы болмысыңыз — кешегі күні жасаған еңбегіңіздің жемісі.
Дереккөз: vk.com