Орманда адасып кеткен бес данышпан туралы тәмсіл

Oinet.kz 28-02-2019 1391

106-1476224066-a004f9f35a.jpg

Бес данышпан орманда адасып кетіпті. Шығар жолды көп іздеп, ақыры соңында әркім өз жолымен кетпек болады.

Біріншісі:

— Мен сол жаққа барамын, түйсігім солай дейді.

Екіншісі:

— Ал мен оң жаққа барамын. Не нәрсенің де оңы дұрыс қой.

Үшіншісі:

— Мен кері қайтамын. Біз сол жақтан келдік қой. Демек, мен қалай да шығар жолды табамын.

Төртіншісі:

— Мен алға қарай туға жүремін. Орманның шетіне, әйтеуір, бір жетемін ғой.

Бесіншісі:

— Сендер барлығың да қателесіп тұрсыңдар. Орманнан шығудың оңай жолы бар. Мені күтіңдер, – депті де маңайындағы ең ұзын ағашты тауып, соған өрмелей бастайды. Ол ағаштың басына шыққанша қалған төртеуі өз жолдарымен кете барыпты.

 Ағаштың басына шыққан бесінші данышпан орманнан тез шығу үшін қай жолмен жүру керектігін көріпті. Биіктен қараған ол тіпті өзге жолдастырының қайсысы бұрын шығатынын да болжап, өзінің ең дұрыс жолды таңдағанына сенімді болыпты. «Басқалары басына түскен мәселені шеше алмады. Ал мен нағыз данышпанмын» деп ойлапты. Әсте олай емес еді! Оның өзі қателесіп, ал басқалары өте дұрыс істеген.

 Сол жаққа кеткен бірінші данышпан қалың ну орманға кіріп, жабайы аңдардан тығылып, қарны ашып, орманнан әрең шығады. Бірақ ол орманда өмір сүруді үйреніп, өзгелерге де қалың орманда жабайы аңға жем болмау үшін не істеу керектігін үйретеді.

 Оң жаққа кеткен данышпанның алдынан қарақшылар шығып, оның арқасына асқан қоржыны мен киім-кешегін алып алғаны аздай, қатарларына қосып, өздерімен бірге адам тонауын талап етеді. Қарақшылармен бірге жүрген данышпан олардың бойындағы адами қасиеттерді қайта оятып, тіпті уақыт өте бұл істерінен бас тартып, ел қатарлы өмір сүрулеріне түрткі болады.

 Ал келген жолдарымен кейін қайтқан данышпан жүрген жолдарын қайта басып, орман ішіне сүрлеу салады. Бұл тапталған жол орманды тамашалауға келген кейінгілер үшін адаспайтын соқпаққа айналады.

 Тура алға қарай кеткен төртінші данышпан адам аяғы баспаған жерлерде болып, көп жаңа дүниені көріп, түрлі жаңалықтар ашады. Дәрілік шөптер, ешкім естіп-көрмеген жануарлар мен аң-құстарды кездестіреді.

 Ағашқа өрмелеп, кімнің қайда кеткенін қарап отырған бесінші данышпан қандай мәселеде де оңай жол табудың шебері болыпты. Ол өзінен көмек сұрап келгендерге түрлі жағдайдан тез құтылып шығу жолдарын үйретіпті. Бірақ данышпан адамдарға әр нәрсенің жақсы тұсын ескеріп, пайдасын көруге, сол арқылы алға жылжып, дами түсуге болатынын айтуды ойламапты.

Дұрыс жолды таңдай біліңіздер. Жолдарыңыз ақ болсын!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Дереккөз: www.po-znanie.ru

Жұбыңызды киіміне қарап тани біліңіз
Миллионерлер өмірінен 20 кеңес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу