Жақсы бата – жан азығы

Oinet.kz 14-09-2019 1724

Screenshot_36.jpg

Шымкентте қалалық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен және қаржылай демеушілік етуімен жыл сайын дәстүрлі «Батаменен ел көгерер» атты батагөйлер сайысы өткізіліп тұратыны белгілі. Кешегі сәрсенбі, 25-қыркүйек күні Шымкенттегі «Оқушылар сарайында» қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен кезекті іс-шара болып өтті.  Оған қаланың төрт ауданынан 8 батагөй қария қатысты.

Жақсы бата – жан азығы

Батагөйлер сайысын өткізуге ұйымдастырушылар мен қатысушылар жақсы дайындықпен келіпті. Бір аталар тіпті Ж. Шанин атындағы қалалық академиялық драма театрына арнайы барып, грим жасатыпты, зерлі шапандар киіп, бейне бір абыз ақсақалдардай жасанып алыпты. Қала аудандарының әжелер ансамбльдері де осында. Ұлттық киімдегі ата-әжелерімізді көріп, олардың ғибратты сөздерін естіп, көңіліміз марқайды.

Бұл іс-шараны тамашалап, өз өкілдерін қолдауға қаланың төрт ауданынан көптеген зейнеткерлер келіпті. Одан бөлек, 100-ден аса университет, колледж студенттері қатысты. Осынша үлкен-кіші азаматтардың халқымыздың  ғажайып дәстүрі – бата беруден көп ой түйіп, бір серпіліп қалғаны анық.

Жиынды ашқан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай ағамыз алдымен бұл іс-шараның тәлім-тәрбиелік маңызы туралы айтып, оның өткізілу тәртібі жөнінде таныстырып өтті.

«Жауынменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деген халқымыздың керемет мақалы бар. Берілген жақсы бата қандай адамды болсын рухтандырып, шабыттандырып жібереді. Батаны көп алған адам жаман болмайды. Біздің  мақсатымыз – осыны жастарға түсіндіру», – дейді Исамудин Нәштайұлы.

Бұл іс-шараға қазылық еткен топ құрамында Әбдіманап Ақмолда, Сейдахмет Байдәулетов, Шерім Медеу­ов, Ұлұқпан Бәшенов ағалар, әріптесіміз, бүгінде қалалық ішкі саясат басқармасында еңбек етіп жүрген белгілі журналист Зәуре Оралбаева болды.

Содан көп ұзамай батагөйлер сайысы басталып та кетті.

Арнайы тасталынған билеттегі тапсырмаларға сәйкес, қариялар сайыс барысында екі батадан берді. Оның біріншісі еркін тақырыпта болса, екіншісі қазақтың салт-дәстүріне негізделген баталар еді. Сахнадағы қазақтың шапанын киген аталардың аузынан шыққан әрбір ақ тілек «Әумин!» деп бет сипаған көрермендердің көңілінен шығып жатты.

Қолдасбек қарияның тілегі

Сайыс кезінде ерекше батасымен көпшіліктің ықыласына ие болған аталарымыздың бірі Шымкент қаласының Қаратау ауданынан келген  Қолдасбек Төлегенов болды. Ол кісі сахнада қолын жайып тұрып:

«Ала бие құлындап,

Алатауға жиналсын.

Қара бие құлындап,

Қаратауға жиналсын.

Шайтанның заһарынан сақтасын,

Патшаның қаһарынан сақтасын.

Бата, бата бал болсын,

Қора толы мал болсын,

Шара толы май болсын!

Немерелеріңіздің мінгені

Жорға-жорға тай болсын.

Жорғалатып келгенде,

Көңілдеріңіз жай болсын.

Әуелі Құдай қолдасын,

Әулие-әмбиелер қорғасын.

Төрт құбылаң тең болып,

Жаратушы қолдасын.

Ақ батамыз пәк болсын,

Көңілдеріңіз ақ болсын,

Ақ ордаңызға бақ қонсын.

Қырмандарыңыз дәнге толып,

Үйлеріңіз немере мен шөбере,

Лықылдаған жанға толсын.

Даланың жазықтығын берсін,

Гүлдің нәзіктігін берсін.

Асаудың арынын берсін,

Түнгі оттың жарығын берсін.

Лашын құстың жүрегін берсін,

Нағыз достың тілегін берсін.

Жас баланың күлкісін берсін,

Жас келіннің ұйқысын берсін.

Судың тұнығын берсін,

Қыздың қылығын берсін.

Еңбектеріңіз жемісті болып,

Өмірлеріңіз келісті болсын.

Қоныстарыңыз жайлы болсын,

Қазандарыңыз майлы болсын.

Балаларыңыз сайлы болсын!» – деп ақ батасын ақтарды.

Исенбек атаның батасы

Шымкент қаласының Абай ауданынан арнайы келген Исенбек Битаев атамыздың батасы да көрермен қолдауына ие болды: 

«Аллаға жағам десең азанды бол,

Ағайынға жағам десең қазанды бол,

Халқыңа жағам десең әділ бол.

Судай таза бол,

Су арамды кетірер.

Жердей мықты бол,

Жер әлемді көтерер.

Күндеріңіз шуақты болсын,

Көлдеріңіз суатты болсын,

Жағасы құрақты болсын!

Патшамыз әділ болсын,

Сабырлы болсын.

Аталарымыз дана болсын,

Аналарымыз ибалы ана болсын!

Асымыз адал болсын,

Мал-басымыз аман болсын!

Шаңырағымыз шаттыққа толсын.

Керегеміз кең,

Босағамыз берік болсын.

Алтын-күмісті, қазыналы

                   жеріміз болсын,

Ынтымақты еліміз болсын.

Ұлдарымыз ұяда болсын,

Қыздарымыз қияда болсын.

Мейірімі шексіз, о, Алла,

Мұрсат бер бізге, өмір бер,

Кінәмізді кешіргін,

Шынайы таза көңіл бер.

Ақшаға берсе сатылмаңыз,

Патшаға таза пейіл бер.

Дұғамызды қабыл ет,

Жүрекке иман үйе бер!

Әумин!»

Күлдіріп айтқандар да бар

Осындай өнегелі де тәрбиелі баталардың қатарында өзгеше қызық баталар да кездесті. Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданының тұрғыны Анарбай Жанысбеков есімді қарт кісі: 

«...Албасты Ібілістен сақта,

Дүниеде болып жатқан

                      кризистен сақта.

Алдамшы аферистен сақта,

Бомбасы бар террористен сақта.

Өртенген орманнан сақта,

«Атомный бомбадан» сақта.

Топан су, селдерден сақта,

Жол тосатын киллерден сақта.

Дұшпанның секіретінінен сақта,

Өш алатын рэкетінен сақта.

Босап қалған ақырдан сақта,

Компьютер бұзатын хакерден сақта.

Тікені бар гүлдерден сақта,

Картамен алдайтын шулерден

                                   сақта.

Тексеретін комиссиядан сақта,

Тұтқындайтын полициядан сақта.

Жұғатын қотырдан сақта,

Пұл сұрайтын доқтырдан сақта...» – деп бет сипап жатты.

...Сайысқа қатысқан қатысушылардың ешбірі құр қол қайтқан жоқ. Сегіз қария­ның бесеуіне ынталандыру сыйлығы ретінде 10 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынылды.

Ал ІІІ-орынды иеленген Жұрынтай Әбілдаевқа 150 мың теңгенің сертификаты, ІІ-орын алған Исенбек Битаевқа – 250 мың теңгенің, І-орын алып, оқ бойы озып шыққан Қолдасбек Төлегеновке 300 мың теңгенің сертификаты гүл шоқтарымен бірге табысталды.  Са­йыс соңы ән-бимен жалғасын тапты.

...Жалпы, бұл жолғы батагөйлер са­йысы да өз деңгейінде өткізілді. Халқымыздың тәлімдік-тәрбиелік маңызы бар бата беру дәстүрін насихаттаған мұндай маңызды сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз.

Дереккөз: Zamana.kz

Жомарт жүрек
Қалдық матадан қуыршақ тігеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу