Өмірзақ Шөкеев: «Аз уақытта тұтас бір қаланы қайта тұрғызу тарихта болмаған»
Арыс қаласында 17 сектордың барлығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы бүгін Арыста өткен жоспарлы аппараттық жиынында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төрағалық еткен отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі мен құжаттандыру мәселесі жайлы соңғы мәліметтер сөз болды. Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634 зақымданған болса, оның 500-ге жуығы мүлдем жарамсыз күйге түскен болатын. Ал, толық сүріліп тастап, қайта көтерілген нысандардың тізімінде көпқабатты үш тұрғын үй бар. Бұл күнде бұл үйлердің құрылысы да аяқталуға таяды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жұмыстарға облыс бойынша 3 мыңға жуық адам тартылды.
«Үш айда толық жаңарған Арыс қаласында жүргізілген ауқымды жұмыс бәріміз үшін бұрын соңды болмаған баға жетпес тәжірибе болды. Аз ғана уақытта тұтас бір қаланы қайта аяққа тұрғызу тарихта болмаған. Бұл еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты айшықтайтын көрініс. Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жиында көне шаһардағы құрылыс жұмыстарын да баяндап өтті. Бүгінде облыс орталығы 16 секторға бөлініп, оларға облыстың басқармалары мен аудан-қалалары, қалалық әкімдіктің бөлімдері жауапты болып бекітілген. Әкімнің айтуынша, барлық аумақтардың жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев қала басшысына халықпен жұмыс істеп, тазалық мен тәртіпті басты назарда ұстауды тапсырды. Түркістан қаласын көркейту жұмысын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевқа жүктеді. Алдағы уақытта Түркістанда үлгілі көше, аулалар анықталып, үздіктерге қошемет көрсетілетін.