Рахым Тәңірбергенов: «Түскі ас менен, құрметті білім басқармасы!»

Oinet.kz 23-08-2019 1446

Screenshot_14.jpg

Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының  отырысы өтті. Мәжілістің ресми бөлігі аяқталған депутаттар мен атқарушы билік өкілдері әдеттегідей сұрақ-жауапқа көшті.   Түркістан қаласынан сайланған депутат Рахым Тәңірбергенов облыстық білім басқармасының орынбасары Ержан Бұрхановқа арнайы сұрақ қойды: 

- Осыдан екі жыл бұрын Иқанда 400 миллиондай теңгеге колледждің корпусын салып бердік. Ал, бұрынғы ғимараты екі бөліктен тұрады. Біреуі – Совет Одағы тұсында, біреуі – Тәуелсіз  Қазақстан тұсында салынған. Сол ғимаратқа күні бүгінге дейін ешкім кірмейді. Үш қарауыл, үш пеш жағушы, екі еден жуушы күнделікті айлық алып отырады. Сұрақ: бұл айлық кімнің есебінен беріледі? 

Бұл сұрақ неге туып отыр? Иқанда 4 орта мектеп бар. Иқан орта мектебі 1979 жылы салынған. Мұнда 1550 бала оқиды. Ал, қырық жылға таяу уақыт бұрын салынған  мектептің қандай екенін білесіздер! Оқушылар 3 ауысыммен оқиды. Ал, қасында 2 жылдан бері бұрынғы нөмірі 20-шы колледждің жап-жақсы ғимараты тұр. Облыстық бюджеттен 8 адамға айлық беріп, сайтанды да кіргізбейді. Бұны қалай түсінуге болады?  

Бұл сұраққа Ержан Мырзаханұлы:

- Бұл мәселеге қатысты Түркістан ауданы әкімі хат жазған болатын. Ол елдімекенде 6 мектеп бар. Әлгі колледжің маңындағы мектепте, біздің ақпарат бойынша, «РайОНО»-ның тапсырған ақпараты бойынша 1150 бала оқиды. Ал, мектептің қуаттылығы 650 балаға арналған. Егер 2 ауысымда оқыса.., - деп жауабын енді аяқтай бергені сол еді, ашынып кеткен Рахым Тәңірбергенов:

- Ержан, сендер «тірі» ақпаратқа сенбейсіңдер. Мен ол мектепті өз көзіммен көріп келіп айтып отырмын. Бірақ, сендер сенбейсіңдер. Ол мектепте 1557 бала оқиды дәл қазір. Қасында кішкентай бір ғимаратты жалға алып отыр. Мен осы мәселемен қала әкіміне кірдім. Ол бұл ғимарат (колледж ғимараты) «облОНО»-ға қарайды деп айтты. Сонда бұл «облОНО»-ға әкесі сатып әперген ғимарат па? Мен осы сұрақты қоймас бұрын, зерттедім. Сөйтсем, әлгі колледж ғимаратын сол жердегі бір атқамінер әлдекімдермен тіл табысып, өзіне сатып алмақшы екен. Біздің мемлекетте жыл сайын мектеп салып бере беретін қаржы жоқ қой. Егер әлгі колледж ғимаратын мектепке берсек, 600 бала оқитын еді. Сонда мектеп ашудың қажеті болмас еді. Оқушылар колледждің маңындағы асханада тамақ ішеді, спортзалда ойнайды. Мәселе шешілер еді, - деді. Осыдан кейін толық жауап берейін деп рұқсат сұраған Ержан Мырзаханұлы: 

- Ғимарат мүлдем пайдаланылмай жатыр деген ақпарат жоқ. Менің ұсынысым, арнайы комиссия құрып, сонда барайық, - деді. Мәслихат депутаты бұл ұсынысты қабыл алды. 

Мәжіліс төрағасы Әбілқасым Досболов және мәжіліске қатысып отырғандар Иқанға қатысты арнайы комиссияны құру жөніндегі ұсынысты қолдады. Мәжіліс аяқталғанда Рахым Тәңірбергенов: 

- Дәл ертең, Иқанға сессиядан кейін барайық. Түскі ас менен, құрметті білім басқармасы! «Тоқты сойып шығындалатын болдың» деп жатырсыздар. Мен түк те  уайымдамаймын. Мен халық қамы үшін жүрмін! – деді.  

Расында да ертесіне облыстық мәслихаттың кезектен тыс 10-шы сессиясынан соң, Рахым Тәңірбергенов, Ержан Бұрханов бастаған топ сәрсенбінің сәтті күнінде Түркістанға аттанып кеткені жөнінде мәлімет алдық. Комиссияның нендей тоқтамға келгенін алдағы уақытта білетін боламыз. 

Мұрағаттан, 2017 ж

Ғабидолла Әбдірахымов халықты жекешелендіріп алған ба?
Жансейіт Түймебаев: «Сіз сияқты данышпандармен асықпай отырып сөйлесеміз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу