Ғабидолла Әбдірахымов халықты жекешелендіріп алған ба?

Oinet.kz 23-08-2019 1150

maxresdefault.jpg

Өзім басым жоғары лауазымды шенеуніктердің ішінде екі адамның  туған күнін біледі екенмін. Оның бірі президент Нұрсұлтан Назарбаев, ал екіншісі Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Парламент палаталары төрағаларының немесе премьер-министрдің қай күні дүниеге келгенін білмеймін. Интернетті ақтарып, кімнің қай күні туғанын көрген күннің өзінде ол бір нәрсе кіріп, бір нәрсе шығып жатқан миыңда қала бермейді ғой. Ал жоғарыдағы екі азаматтың туған күндері ұмытылмайды, себебі ол жыл сайын еске салынып тұрады. Президенттің туған күні Астана күнімен, яғни мемлекеттік мерекемен бірге тойланады. Ал Әбдірахымовтың туған күні жергілікті, республикалық ақпарат құралдарында кеңінен атап өтіледі. Туған күнін БАҚ, қарапайым халық елеп-ескеріп, құттықтап жатқан бұдан басқа әкімді білесіз бе?  Қаланың әкімі болып отырып-ақ Әбдірахымов президентпен бәсекелес болуға көшкен бе дейсің осыдан кейін.

 Биыл 23 қаңтарда Шымкенттің әкімі 42 жасқа толды. Дөңгелек дата емес, әрине. Бәрібір жергілікті телеарналарда, интернет-сайттарда Әбдірахымовтың Шымкенттің әкімі ретінде туған күнін екінші рет тойлап жатқаны айтылды. Әкімнің «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алғанынан бастап, алғашқы атқарған қызметтері, төраға болғаны, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары креслосында отырғаны айтылды.    Одан кейін Әбдірахымовтың республикадағы қала әкімдерінің үздік бестігіне кіретіні, ерекше стильдегі әкім екендігі еске алынды. Белгілі дизайнерлердің Әбдірахымовты сәнді киінетін шенеунік деп мақтағаны да баяндалды. Әкім былтыр жазда жұмысына велосипедпен барып жүргеніне, тіпті көзіне қара көзілдірік киетініне де тоқталды. Осындай қабат-қабат мақтау төселген соң Әбдірахымовтың ел арасында «хитке» айналған сөздеріне кезек берілді. «Шымкент Лас-Вегастан да әдемі болуы керек» депті Әбдірахымов.   «Мен Шымкентті келген қонақтардың таңқалғаны соншалықты қайтқысы келмей жылайтын дәрежеге жеткіземін» деген екен тағы бірде. Адамға сұмдық жігер беретін, төбеңді көкке жеткізетін осындай сөздерді бұрын-соңды сіз естіген бе едіңіз?   

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деген сөзді жиі ауызға алады. Егер осы ұстанымға жүгінсе, әкімдер өңірдегі ең өзекті мәселелерді бірінші орынға қойып, алдымен соны шешумен айналысуы тиіс еді. Алайда Әбдірахымов үшін мынау бірінші, мынау екінші деген мәселе жоқ. Ол барлық саланы игеруге тырысады. Соның ішінде өзінің жеке имиджін көтеруге, абырой-атағын асқақтатуға да ерекше мән беретінін, уақыт табатынын айтсаңызшы. Қазір әкімнің жанында бір қора имиджмейкерлері бар көрінеді. Олар Әбдірахымовтың әр әрекетінен сенсация жасап, әр сөзін «хитке» айналдырғысы келеді. 

 Жуырда министрлер мен депутаттар уақытша тіркеуге қатысты мәселені халыққа түсіндіре алмай бастары қатып жатқан кезде Әбдірахымов оны бар-жоғы 50 секундтта түсіндіріп беріпті.  Ең өзекті мәселені халықтың миына бар-жоғы 50 секунтта қондырып беретін шенеунік халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы болмай, әкімдікте не істеп жүр деп ойладық. Өте сапалы түсіріліп, сапалы өңделіп, осыдан кейін әлеуметтік желідегі блогерлердің парақшасына сәтімен салынған видеодағы Әбдірахымовтың айтуынша, уақытша тіркеу бюджеттің қаржысын халықтың санына қарай есептеу үшін қажет екен. Мәселен Шымкентте сырттан келген қонақтардың саны 300 мыңға жуық. Осы 300 мың адам ауруханаға барады. Сондықтан оған да арнап бюджеттен ақша бөлу қажет. Түсінікті ме? Түсінікті, өйткені бұған дейін Шымкентке қонақ келмеген ғой,  енді Шымкентке қонақтар келе бастағанымен қоймай қаланың көркіне аң-таң болып,  еңіреп жылап, үйлеріне қайтқысы келмей жатып алады емес пе?! Егер Ғабидолла Рахматоллаұлын дұрыс түсінсек, солай.  

Енді телеарналар Ғабидолла Әбдірахымовты халықтық әкім деп атай бастады. «Халықтық» әкім орталық көшеге жөндеу жұмыстарының не себепті жүргізіліп жатқанын түсіндіріп беріпті (қанша секундтта түсіндіргені айтылмаған). Сонда облыстың әкімі Жансейіт Түймебаев, Алматының әкімі Бауыржан Байбек, Астананың әкімі Әсет Исекешев халықтық әкім емес пе деген ой келеді. Әлде Әбдірахымов халықты жекешелендіріп алған ба?  Бәлкім әкімнің шашбауын көтеріп жүргендер Ғ.Әбдірахымовтың атағын осындай ерекшелеу, қалыпқа сыймайтын әрекеттер арқылы шығарғысы келеді ме? Қазір «атың шықпас  жер өрте» деген заман ғой. 

Соныменен туған күні жылдың басында әрі әкімдердің халық алдындағы есеп берумен тұстас келетін Әбдірахымов былтыр не атқарды? Осыған тоқталсақ. Анау айтқандай елден ерек тірлік байқалмайды. Әкімнің екпіні әу баста қатты еді. Қазір сол тау қопарарлық ерік-жігер жоқ. 2015 жылы Әбдірахымов Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекітті. Осы тұжырымдама бойынша атқарылып жатқан жұмыстар әзірге көзге шалынбайды. Былтыр қаладағы Алматы, Жібек жолы көшелері күрделі жөндеуден өтіп, Қапал батыр көшесіндегі көпір пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар Шымкенттің сәулетіне ерекше мән берген бұрынғы облыс әкімі А.Мырзахметовтың кезінде басталған тірлік.  Әбдірахымов Шымкентте велосипедттер жүйесін іске қосты. Алайда бұдан шымкенттіктер жаппай шайтанарбаға отырып кетті деуге болмайды.  Жалпы, велосипед жүретін жартымды жолы жоқ Шымкентке бұл қаншалықты қажет жоба еді? Әлде ол Әбдірахымовтың жеке имиджі үшін қажет пе? Былтыр әкімнің қаланың қақ ортасында велосипед теуіп бара жатқан жарнамалық суреті талай жерді шарлап кетті. Шамадан тыс жарнамалаудың салдары шығар, теберік болсын деді ме кім білсін, осыдан кейін әкімнің велосипедіне ұрылар «құда түсіпті» деген әңгіме бар. Қолды болған велосипедті кейіннен полиция қызметкерлері тауып бергенге ұқсайды. 

  Әбдірахымов 2018 жылға дейін қаланың барлық әлеуметтік мәселесін шешуге уәде берген әкім. Бірақ келесі жылға дейін бұл шаруаны толығымен жайғап тастайтынына сенім аз. Әсіресе, қалаға көршілес Сайрам ауданынан қосылған елді мекендерде шешілмеген проблема көп. Газ, ауыз суды былай қойғанда жартымды жарық ала алмай отырған көшелер бар. Мемлекет тарапынан ақша бөлінбеген соң тұрғындар жарықты, газды, ауыз суды өз күшімен кіргізген. Қазіргі уақытта трансформаторлар жекеменшік болған соң электр қуатының әр киловатына 25-27 теңгеден, тіпті 50 теңгеден төлейтін елді мекендер кездеседі. Мектеп жетіспеушілігі өз алдына бөлек проблема. Тас төселмеген көшелер, сабағына   батпаққа батып баратын бүлдіршіндердің проблемасы да өзекті.  Кейбір елдімекендерде автобус қатынасы жоқ. Былтыр әкім қаладағы қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгіземін деген. Ол жүзеге аспай қалды. Әбдірахымов әкім болғалы Шымкентте коммуналдық қызметтердің бағасы да күрт шарықтады. Табиғи газдың бағасы екі  рет қымбаттап, ол қымбаттығы жағынан республикада бірінші орынға шықты. Былтыр ауыз су, жаңа жылдан бастап жылу тарифі өсті.  2016 жылы әкімнің «бастамасымен» жолақы 70 теңгеге көтерілді. Әбдірахымов қазір алтын уақытын өзінің атышулы «Шымкентсити» жобасына арнап жатқан сияқты.  Қалашықтың инфрақұрылымын тартуға бюджеттен миллиардтаған теңгелер бөлінді.  Жоба басталмай жатып осыған жауапты қалалық құрылыс бөлімі басшысының үстінен қаржы қымқырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Артынша қызметіне жаңа келген қаланың бас сәулетшісі парамен ұсталды. Осы қиындықтарға қарамастан Әбдірахымов  «Шымкенситиді» аяқтаймын деп отыр. Бәрекелді! Болашақта бұл қалашықта 70 мың халық тұратын көрінеді. Бірақ осы 70 мың халыққа ертегідегідей қала салып беремін деген Әбдірахымов қалған  1 миллион халықтың жағдайын естен шығарып алмаса жарар еді...Былтыр Әбдірахымов халыққа есеп берген кезде ашынған азаматтар «Шымкентсити» жобасы жүзеге асып жатқан «Тұран» мөлтекауданы тұрғындарының құрттаған су ішіп отырғанын айтып еді. Осындай ащы мысалдар биылғы есеп беру жиынында да алға тартылуы әбден мүмкін.    

 Әбдірахымов егер халықа берген уәдесін орындай алмаса, онда бес жылдан кейін қызметінен кететін мәлім еткен еді.  Егер Шымкентті бес жыл басқару  Әбдірахымовтың маңдайына жазылса деңіз. Шымкентке бақандай бес жыл әкім болу әзірге ешкімнің қолынан келген емес. Әбдірахымовтың қолынан келе ме? Себебі «Ақылды қаланың» әкімнің қызметінен кететіндігі жөнінде әңгімелер соңғы уақытта көп айтылып жүр. Бәлкім Әбдірахымовтың имиджін жасаушылардың белсенді әрекетке көшкені де содан шығар. 

P.S. Айтпақшы, Әбдірахымов қызметке келгелі ақпараттық саясатты жүзеге асыруға бөлінген қаржының күрт көбейгені, оны кімдердің ұтып алып жатқаны және қандай «ерекшеліктеріне» байланысты ұтқаны туралы мәселе өз алдына қозғалатын, әлі де зерттеу түсетін тақырып. 

"Рейтинг" газеті,

Мұрағаттан, 2017 ж

Ербол Садыр неге екі сөйлейді?
Рахым Тәңірбергенов: «Түскі ас менен, құрметті білім басқармасы!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу