«Нұр Отандағы» келеңсіздіктер үшін кімге шара көрілді?
Өткен жұмада «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ХХХ есептік-сайлау конференциясы өтті. Іс-шараға Астанадан ат арылтып Мәжіліс депутаттары келді. Аудан-қалалардан жіберілген арнайы делегаттар жиналды. Үлкендер жағы кезектесіп баяндама жасасты, жастар жағы жалынды сөздерден нұр жаудырды, партияның Саяси Кеңесіне мүше болғандардың жаңа тізімі мақұлданды. Жиын соңы әдеттегіше партияның облыстық филиалының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың қорытынды сөзімен аяқталды.
Осы жиында айтылған мәселелерді тізіп, мақала жазуды мақсат тұтып отырғанымыз жоқ. Осы конференцияны сылтауратып, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына жуырда тағайындалған, қайбір жылдары орынбасары парамен ұсталғаннан кейін Отырар ауданы әкімі қызметінен кеткен, содан бері көпшіліктің назарынан тыс жүрген Әлімжан Құртаевқа да тоқталмаймыз. Біздің айтпағымыз басқа еді.
Филиалдың былтырғы жылы атқарған жұмыстарын баяндаған Әлімжан Құртаевтың айтуынша, партия тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, партиялық тәртіпті бұзған мүшелердің мәселесі үнемі күн тәртібінде тұрады екен. Баяндамаға қарағанда мәслихат депутаттығына партияның келісімінсіз түскен 1 азамат партия қатарынан шығарылыпты. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, сотталған 10 мүше партбилетінен айырылған. Сөгіс арқалаған, ескерту алғандардың өзі бір қыдыру. 1 лауазымды шенеунікке үстінен жазылған шағымға байланысты ескерту беріліпті.
Рас, партия жазалаушы, қудалаушы орган емес. Дегенмен анда-санда болса да «аут» кетіп қалған мүшерелерінің мәселесін қарап, тәртіпке шақырып қою баяғы КПСС-тің заманынан бері бар тәжірибе. Және бұл тәжірибені теріс дей алмайсыз. Дегенмен жаза беру, тәртіпке шақыру дегеніңіз әділдік қағидаларына арқа сүйеуі тиіс шығар. Партия басшылары құлап жатып, сүрінгенге күлгендей болмасын дегеніміз ғой.
«Нұр Отанда» қағазға жазылып, бекітілген мынандай заңдылық бар: Сайлауда бір округтен партия атынан тек бір ғана кандидат бақ сынайды. Ол кандидат партияішілік праймеризде анықталады. Ал бұл шешіммен келіспей, сайлауға өз атынан түскен мүше партия қатарынан шығарылады. Өйткені бұл партияның шешіміне бағынбау, әріптестерінің қалауымен санаспау дегенді білдіреді. Бұған дейін осындай «бағынбаушылыққа» жол берген біраз депутаттарға билік партиясы кешіріммен қарап келген еді. Өткен жылғы сайлаудан бастап жазылған заңдылық орындала бастапты. Бәрекелді дейміз! Алайда біздің көкейімізде тұрған сауал мынау: 2012 жылы өткен сайлауда партияның біраз белсенді депутаттары праймеризден өте алмай, партия атынан түсу мүмкіндігінен айырылды. Әділетсіз шешімге келіспеген олар сайлауға жеке дара түсті. Біразы жеңіске жетті. Сайлаудан кейін сол жеңімпаздар партия қатарында қалды. Мақұл дейік. Алайда былтырғы сайлауда сол жеңімпаздардың біразы сайлауға партияның атынан түсу мүмкіндігінен тағы айырылды. Ақылға сыйымсыз тірлік. «Нұр Отанның» абырой-беделін түсіретін осындай әрекеттер үшін кім жауап берді? Кімге тәртіптік шара көрілді?
Былтыр сайлауда «Нұр Отанның» атынан түсіп, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған Айдархан Орынбасаровтың үстінен арада бір ай өтпей жатып құзырлы органдар қорқытып алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, қамауға алды. Кейіннен А.Орынбасаровтың партияға дәл сайлаудың алдында өткені анықталып, ол ақпарат құралдарында, жұрт арасында үлкен шуға айналды. Партияның беделіне көлеңке түсірген осы келеңсіздік үшін кім жауапқа тартылды? Кімге тәртіптік шара көрілді?
Соңғы кездері партияның праймеризінде бағы жанғандардың қатарында кәсіпкерлер көбейіп барады. Мәслихаттағы мандаттың денін қалталылар иеленуде. «Нұр Отан» бизнесмендердің партиясына айналып бара жатқандай? Мұның арғы жағында айтпаса да түсінікті біраз жәйт бар ғой...Бұл үшін кімді тәртіпке шақыру керек? Кімге ескерту жасау қажет?
Әрине, мұндай жағдайлар Құртаевтың кезінде жасалған жоқ. Бұған дейінгі бірінші орынбасар Болатбек Қыстауовтың да бұл іске қатысы болмауы мүмкін. «Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары тізгінін ол кезде Берік Оспанов ұстады. Б.Оспанов қызмет ауыстырғанымен, партбилетін ауыстыра қоймаған шығар, сірә.
P.S. Айтқандай осы жиынға бүгінде Мәжіліс депутаты болып жүрген Берік Оспановтың қатысатындығы айтылып еді. Бірақ Берік Серікұлы төбе көрсетпеді.
Рейтинг газеті,
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,
2017 ж