Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Президент әкімшілігінде бес жыл бойы жетекшінің орынбасары қызметін атқарып келген Майлыбаевтың әуелі қызметінен босатылып, артынша тұтқындалуы ұлттық саяси элитаны айтарлықтай дүрліктіріп жібергені рас. Басқа-басқа, бұған дейін Президент әкімшілігінде басшылық қызмет атқарып келген азаматты тұтқындау деген болмаған. Осы жайттың өзі, сонымен бірге Тәжиннің Мәскеуден шұғыл түрде шақырылуы биліктегі бақталастық пен саяси дағдарыс белгілерінің барын көрсетіп берсе керек.
Бес жылға созылған «Майлыбаевтың дәуіріне» қандай баға беруге болады? Осыған кеңірек тоқталуды жөн санап отырмыз. Ол Ақордаға 2011 жылы белгілі саясаткер Мәулен Әшімбаевтың орнына келген. Жасыратыны жоқ, Майлыбаев осы уақыт ішінде қатты күшейді. Оның Президент әкімшілігінде осыншама ұзақ отыра алатынын алғашында ешкім болжамады. Қызметінен айырылмаған жағдайда бірер жылдан соң саяси элитаның нағыз «сұр кардиналы» атанары хақ еді. Ішкі саяси ойындар жүргізудің хас шеберіне айналған ол билік дәліздерінде неше-түрлі құйтырқы жүрістерді жасап тастады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Президент әкімшілігіндегі орынбасарлық орынтаққа дәмесі бар үш кандидатты Ақордаға қайтып жоламайтындай етіп бетін қайтарған.
Майлыбаев әсіресе ақпарат кеңістігіндегі маңызды фигураға айналды. Оның ықпалындағы ақпараттық ресурстармен кез-келген саясаткер санасатындай деңгейге жетті. Ол ол ма, Бағлан Асаубайұлына қолдау білдірушілер тіпті көршілес Ресейден де табылғаны қызық болып тұр. Майлыбаевтың Ресейдің саяси топтарына жақындығы жайында біраздан бері айтылып келген. Оны тіпті «қазақстандық Кириенко» деп те атайтын болыпты. Кезінде «Росатомды» басқарған Сергей Кириенко қазір Путиннің командасында идеологиялық бағыттың тізгінін ұстап отыр. Майлыбаев Қазақ ұлттық университеттің журналистика факультетін орыс тілінде бітірген. 1998 жылы Мәскеудегі Ресей мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын тәмамдады. Арада бірнеше жыл өткен соң «Казахстанская правда» газетін басқарды. Ресейліктер оны еуразияшылдық идеяға берілген саясаткер ретінде бағалайды, құрметтейді. Оны мынадан білдік.
Майлыбаевқа тықыр таянғаны сезілді ме, әйтеуір бірнеше ай бұрын Ресейдің бірқатар ақпараттық ресурстарында Майлыбаевты қорғауға бағытталған ақпараттық науқан жүргізілді. Бірнеше сайттарда «Охота на Майлыбаева. В Казахстане развернулось наступление на идеологов евразийства» деген мақала жарық көрді. Мақала авторы «Майлыбаевты қазақ фашизмі қудалауға кіріскен» деген ойды айтқысы келеді. Әуелі осы материалда Майлыбаевтың кім екені, оның қандай күштермен тартысуға мәжбүр болғаны сипатталады: «Қазақ фашизмі шындыққа айнала бастады. Антиорыс ұрандары жиі айтылуда, орыстардан ана тілін ұмытып, қазақ тілін меңгеруді талап ету күшеюде, басшылықтағы славяндардың саны азаюда... Ендігі нысана – ең негізгі еуразияшылдардың бірі, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев». Осыдан-ақ Майлыбаевты жақтайтындардың кім екені айқын байқалады.
Мақала авторы Майлыбаевқа шаң жуытпайды. Оның пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік төңкеріске жол берілмей, украин сценарийінің жүзеге аспауы Майлыбаевтың арқасы екен. Бағлан Майлыбаевтың тұсында елде тапсырыспен мақала жазудан арылған медиа кеңістік орнаған болып шықты. «Бірақ, бұл Қазақстанда күш алып бара жатқан, элиталар мен олигархиялық күштердің қолдауына ие белгілі-бір топтарға жақпағаны сөзсіз. Сондықтан олар Назарбаевтың тиімді де ықпалды Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасарына деген сеніміне селкеу түсіру үшін барын салады», делінген сол мақалада. Ал Майлыбаев тарапына сыни пікір айтқандар бірден «проамерикандық бағыттағы, радикалдық маргиналдық ұлтшылдар» болып шыға келді. Ол ол ма, «Майлыбаевқа шабуыл жасау – Назарбаевтың өзіне шабуыл жасау болып табылады» деген де пікір айтылды.
Дегенмен, бұл әрекеттер Майлыбаевты құтқара алмады. Оның қандай мемлекеттік құпияны кімге, қандай жағдайда жариялағанын көпшілік сол күйі білмейді. Біле алмайтын да шығар. Бізге белгілісі, дәл қазір Майлыбаевтың төңірегіне топтасқандарға да қатысты қудалау орын алуы мүмкін. Бағлан Асаубайұлының командасына, оның ықпалындағы ақпараттық ресурстарға қара бұлт үйірілді. Мұның арты немен тынарын уақыт көрсете жатар.
Мұрағаттан, 2017 ж