Марат Тәжин. Президент әкімшілігіндегі миссиясы

Oinet.kz 23-08-2019 860

Marat-Tazhin.jpg

Марат Тәжиннің Мәскеудегі дипломатиялық миссиясы күтпеген жерден аяқталып, оның Ақордаға оралуы қаңтардың басты саяси сенсациясына айналғаны сөзсіз. Орын алып жатқан түрлі саяси процестерді ой елегінен өткізе отырып, биліктің идеология саласындағы кризис-менеджерге деген қажеттілігі туындағанын байқауға болады. Мемлекеттік органдардың, жалпы биліктің имиджі кейінгі кезеңде айтарлықтай нашарлай түскені рас. Халық арасында теріс көзқарастардың күшейе түскені де алаңдаушылық туғызады. Ішкі саясаттағы сәтсіздіктердің салдары түрлі толқулар мен қоғамдағы скептицизмге ұласуы идеология саласын ретке келтіруге мәжбүрлей түсті. 

Биліктегілер бұл маңызды миссияны тек Тәжин атқара алатынын түсінеді. Біздіңше, Марат Мұханбетқазыұлының бұл жолғы басты міндеті - халықтың билікке деген сенімін қайтару, ұлттық саяси элитаның құлдырап кеткен имиджін түзеу. Шыны керек, барған сайын қазақстандықтардың мемлекеттік органдарға деген наразылығы күшейіп келе жатыр. Жуырда ғана қабылданған  уақытша тұрғылықты орын бойынша тіркелу қажеттігі жайлы талаптардың өзі көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Террористер мен экстремистерді тізгіндеуге арналған бұл реформадан қарапайым қазақстандықтар зардап шегіп отырғаны да анық. 

Сарапшылар мына жайтқа назар аударады. 2013 жылы мемлекеттік хатшы қызметі атқарып тұрған уағында Тәжин мемлекеттің ақпараттық саясатын қатаң сынға алған. Оның айтуынша, мемлекеттік ақпарат құралдары арқылы жүргізіліп отырған үгіт-насихат жұмыстары тиімсіз әрі  нәтижесіз аяқталып  отыр. Алайда, артынша ауыс-түйістер орын алып, Марат Тәжин дипломатиялық жұмысқа ауыстырылған соң бұл бағыттағы реформалық жұмыстар аяқталмай қалды. 

Саясаттанушылардың пікірінше, бұған дейінгі ішкі саяси дағдарыстар дәл осы Тәжиннің тікелей араласуымен шешіліп  отырған. Біраз жыл бойы еліміздің бас идеологы болып келген Тәжин 2000-шы жылдардың басында «Қазақстанның  демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысы мәселесін де, 2005-2006 жылдардағы Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатысты туындаған шиеленістерді реттей алды. Сарапшы  Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің пікірінше, Тәжиннің алдында тұрған ендігі күрделі міндет  - тым нашарлап кеткен үгіт-насихат жұмысын жандандырып, билік пен қоғам арасындағы байланыстарды жақсарту. «Негізгі мақсат - билікке деген сенімді сәл де болса ояту. Теңгенің құнсыздануын, көптеген сыбайластық дау-дамайлар, жер сатуға қатысты шерулер, әділетсіз соттар мен ұзақ мерзімге созылған сәтсіз ақпараттық саясатты ескерсек, бұл орындалуы өте қиін міндет», деп топшылаған С.Сұлтанғалиев дегенмен алдағы уақытта елде позитивті өзгерістер болатынына сенімді. 

Сондай-ақ, Тәжиннің Ақордаға оралуы транзиттік кезеңге дайындық ретінде де бағаланып отыр. Соған қарағанда, алдағы уақытта іске асырылатын конституциялық реформаны іске асырудың идеологиялық жағын қадағалау Марат Мұханбетқазыұлына сеніп тапсырылды. Ол үшін Президент әкімшілігіндегілер қоғаммен қарым-қатынас жасаудың жаңаша әдістерін ойлап табуы тиіс. Бұл ретте айта кетерлігі, биліктің халықпен әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істеу қажеттігін де кезінде алғаш ұсынған осы Тәжин болатын. 

Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев бұл ретте Тәжиннің қандай команда қалыптастыра алатынына назар аударады. Ақордаға оралған идеологтың сапалы жұмыс атқаруы үшін ең әуелі кадр мәселесіне көңіл бөлуі тиістігі түсінікті. Оның үстіне, соңғы кездері  еліміздің электоральдық құрылымы да айтарлықтай өзгергенін ескерген жөн. «Бүгінгі таңда ел халқының  орташа жасы 31-ді құрайды, оның ішінде қазақтардың орташа жасы - 26 жас. Бұл жаңа аудитория, оның ойлау жүйесі мен ақпаратты қабылдау алгоритмі басқаша.  Жастар көп күткенді ұнатпайды, барлығына бірден  жеткісі келеді. Жастар революциялық өзгерістерге бейімдеу келеді. Қазақстанға шақырылып жатқан ресейлік саяси технологтар мен медиа саласы мамандарының тиімсіз жұмысы осы фактормен түсіндіріледі», деп есептейді Т.Қалиев.  

Тәжиннің орасан зор тәжірибесі сыртқы саясатта да аса қажет болатын түрі бар. Қазіргі таңда Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздер ұйымдастыру миссиясын жүзеге асыруға талпынуда. Бірімен-бірі ымырасыз күрес жүргізіп жатқан тараптардың Қазақстанды сенімді әріптес ретінде қабылдауының өзі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін танытып отырған жайт. Әйткенмен, бұл жоба іске аспаған жағдайда Қазақстанның ықпалы азая түсуі де мүмкін. Оның үстіне, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне өткендіктен, халықаралық белсенділігі арта түсетіні заңды. Ал бұл ретте идеологтың да рөлі күшеймек.  

Тәжиннің идеолог ретінде шешуге тиіс күрделі мәселелерінің бірі – елде белең алған діни экстремизм және терроризммен күрес. Соңғы жылдардағы террорлық актілер Ақорданы тиімді шараларды қолға алуға мәжбүрлеп отыр. Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып тұрғанында Тәжин идеология саласында Қазақстанның тарихына басымдық беру қажеттігін ұсынғаны белгілі. Қазақ хандығының 550-жылдығын атап өту, ұлттық сананы нығайтып, тарихи танымды арттыра түсуге бетбұрыс жасау  - экстремистік идеяларға төтеп берудегі маңызды тетіктердің бірі. Бұрынғы қызметтеріне қарағанда (Мемлекеттік хатшы, Қаіпсіздік кеңесінің хатшысы) Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары ретінде Тәжиннің құзыры да, әкімшілік ресурстары да көбейетінін ескерсек, ұлттық идеология саласында біршама ілгерілеушілікті күтуге негіз бар деген ойдамыз.

"Рейтинг" газеті, 

2017 ж

Қазақстанның «Түрме Үкіметі»
Бағлан Майлыбаевты қорғаштап жүргендер кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу