Министр зейнетақы қорындағы ақшаны кімдерге алуға болатынын айтты
Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасы ескеріледі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысынан кейін вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтты деп хабарлайды Baq.kz
«Президент тапсырма берді. Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізуде. Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасына қараймыз. Бірінші кезекте тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтерді сатып алуға қаражаттың жұмсалуын қарастырамыз», - деді Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер бұл мәселе мұқият зерделеуді талап ететінін, соның негізінде нақты ұсыныстар әзірленетінін айтты.
«Біз қарауымыз керек, бұл зейнетақы қорындағы жинақталған қаражатқа байланысты. Бұл жерде азаматтардың өмір бойына зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін және тұтастай зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын бұзбау үшін нақты шешім қажет», - деді ол.