Депуттар сайлаушыларымен санаса ма?
– Әбілқасым Үсіпбайұлы, Жергілікті полиция қызметінің бастығы Балтабек Абылаевтың лауазымынан босатылуына келісім беру туралы мәселенің өткен жұмадағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясында қаралмай қалу себебін білуге бола ма?
– Қандай Абылаев?
– Сессияның күн тәртібінде мәселесі қаралатынын ресми газеттер – «Оңтүстік Қазақстан», Южный Казахстанға» бердіңіздер де, кейін қаралмай қалған Абылаев... Хабарлама сіздің атыңыздан жарияланған соң сұрап тұрмын ғой...
– Оны әкімшілік өздері беріп, өздері алды ғой. Басқа ештеңе жоқ ол жерде. Оның әкімшіліктің құзырына жататынын өзің білесің ғой. Енді өздері «қараңыздар» деп берді де, газетке шыққан соң «кейін өзіміз қайтып қараймыз» деп алып қойды. Хат жазып келді, хат жазып алды. Мен не деймін оған...
– Абылаевтың мәселесі тұрақты комиссияда қаралды ма?
– Жоқ, еш жерде қаралған жоқ. Қараған болсақ, айтар едік, осындай әңгіме болды деп. Қарамаған соң ештеңе қосып айта алмайсың ғой, айналайын-ау...
Бұл Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының алтыншы шақырылым депутаты, күні кешеге дейін мәслихат хатшысының міндетін атқарып келген Әбілқасым Досболовпен арадағы ұялы телефон арқылы болған әңгіме. Ойдан құрап, қосып-алғанымыз жоқ, екеуара диалогты сөзбе-сөз келтірдік. Облыстық мәслихаттың мандатын жекешелендіріп алғандай әсер қалдырып, соңғы төрт шақырылымның қатарынан депутаты болып келе жатқан, бір шақырылымда мәслихат хатшысы лауазымын атқарған адамның жауабы осы болды. Халықтың қалаулысы атанып жүрген соң газеттегі ақпаратты қалың оқырман оқыса, яғни «сенім артқан сайлаушыларыма не деймін?» деп қысылған да жоқ. «Өзің жақсы білесің ғой...» де-е-еп тұр. Тым болмаса «Газет бетінде ресми хабарланып қойған соң елден ұят болады. Күн тәртібінен түсірмей Абылаевтың мәселесін қарайық та, сосын жұмысын жалғастыруға келісім бере салармыз» деуге депутаттардың да жарамағанын қарасаңызшы. Тіпті сессияда депутаттардың бірде-бірі тарапынан «бұл қалай?» деген сауал да қойылмады. Олардың ешқайсысының газет оқуға уақыты жоқ-ау. Әйтпесе, ресми газет қана емес, ақпараттық сайттармен жарыса мерзімді басылымдар да «депутаттар Абылаевты лауазымынан босатпақшы» деп жариялап жатты ғой. Бірақ, ешқайсысы білмеді, естімеді деп те ешкімді сендіре алмайсыз. Әйтеуір «сен тимесең мен тимен бадыраң көз...» Солай болған күннің өзінде барлық депутаттар да Досболов сияқты сайлаушылары туралы мүлдем ойламайды. Екеуінің біреуі... Оған кім кінәлі? Мүмкін, сайлау науқаны кезінде берген уәделерінің барлығы орындалмайтынын білсек те таратқан «сый-сияпаттарына» мәз болып, алданып дауыс берген өзіміз шығармыз... Мұнысы қалай енді?! Бұл депутаттардың халықтың қалауымен емес, биліктің қолдауымен мәслихат мандатын иеленетінін білдіре ме? Солай болса, бұлар қуыршақтар ма, біз кімге дауыс бергенбіз? Әлде күнбағыстар ма, күн қайда болса сол жаққа бет бұратын? Онда әкімдік пен мәслихат мәселені өзара шеше берсе халықтың сенімі, берген даусы қайда қалады? Ең болмаса ресми адамның бірі елге, ақпарат құралдарына қысқаша болса да түсінік беруі керек еді.
Әрине, біздің Балтабек Абылаевтың жұмыстан босатылуына түк те қызығушылығымыз да, мүддеміз де жоқ. Тек өзіміз жазған жайтқа қайта оралып көтерілген мәселенің неліктен аяқсыз қалғанын көпшілікке түсіндіруді жөн көрдік.
Мұрағаттан, 2016 ж