Көпшілікке беймәлім Көшеров кім? - Ең үлкен облысты ең жас әкім басқарады

Oinet.kz 15-01-2025 30

Түркістан облысының әкімі қызметіне жуырда тағайындалған Нұралхан Көшеров  жұмысын қызу бастап кетті. Соңғы бір аптаның көлемінде күн тәртібінде тұрған, Президенттің тікелей тапсырмасы есептелетін мәселелерге қатысты жиналыстар өткізіп, қарамағындағы шенеуніктерге, аудан, қала әкімдеріне қадау-қадау тапсырмалар беріп тастады.  

Screenshot_12.jpg

Оның арасында Түркістан қаласындағы бірнеше құрылыс, өндіріс нысандарын аралады.  Кентаудағы жылу орталығында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын арнайы барып көрді. Әйтеуір, жаңа әкімнің қадамы жаман емес, облыс әкімдігінде қызу тірлік.

Әкімді жергілікті жерден тағайындағанның бір жақсы жері осы ғой—облыстағы ахуалды бес саусағындай біледі.  Егер облыс басшысы елордадан келген жағдайда, жаңа әкім жұмысын айналасымен танысудан бастар еді. Ал бұған кемі жарты жыл уақыт кететіні біз айтпасақ та түсінікті. Яғни, Нұралхан Көшеровтың «плюсы»--жергілікті жағдайды жақсы білетіндігінгде болып тұр.  Ал  облыс басшысынан келген бойда «минус» іздеу дұрыс емес шығар. Дегенмен айта кетері, Көшеровты облыс әкімдігі мен салық саласындағы мамандар жақсы білсе де жалпы көпшілік үшін беймәлімдеу шенеунік екендігі рас. Ол кімнің кадрі? Қайдан келді? Қандай қарым-қабілетімен облыс басшысы болды? Бәріне рет-ретімен тоқталсақ.

Облысты екі жарым жылға жуық басқарған Дархан Сатыбалды қызметінен кетеді деген әңгіме былтыр референдумнан кейін бір көтеріліп, бір басылып келген еді. Соның реті  жылдың басына тура келді. Әдетте әкім кетеді деген әңгіменің шеті шыға салысымен келетін әкім туралы да түрлі болжамдар желдей еседі. Кейбір саяси жауырыншылар ықтимал кадрларды түгендеуге көшті. Түркістан облысының әкімі болуға лайықты кандидаттардың арасында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, Көлік министрі Марат Қарабаевтың аттары аталды. Нәлібаев-Сапарбаев әулетінің қазір дәурені жүріп тұрғанын мойындау керек. Бірақ жеме-жемге келгенде оның Түркістан облысына  «географиясы» сәйкес келмеді дейді біреулер. Ал Марат Қарабаев уақтысында Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде жауапты жұмыстарды, соның ішінде басқарма басшысы қызметін атқарған. Қарабаевтың кандидатурасы әні-міне болып кететіндей көрініп тұрған еді (кейбіреулер оның түбінде болып кететініне әлі де сенімді). Алайда осы жолғы кадрлық ауыс-түйісте күткен кадр сырттан емес, жергілікті жерден тағайындалды 

Өткен кеткенді сараптап қарасақ, облыс басшысының жергілікті жерден тағайындалуы соңғы отыз жылдан астам уақытта тек екі рет кездескен екен. 1993 жылы облыс әкімі Марс Үркімбаев қызметінен кеткен кезде оның орнына бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков тағайындалған болатын. Бұдан кейін 2002 жылы Бердібек Сапарбаев Астанаға қызмет ауыстырған кезде оның орнын Шымкент қаласының әкімі Болат Жылқышиев басты. Басқа жағдайдың бәрінде облыстың бірінші басшылары елордадан немесе басқа өңірден келген екен. 

Осы жолы облыс басшысының жергілікті жерден тағайындалуы нені білдіреді? Бұл Ақордада кадрлық кризистің кейбіреулер айтқандай, күйіп тұрғанын көрсете ме әлде Президенттің жергілікті кадрларға көбірек ставка жасай бастағанын білдіре ме? Сіздің ойыңызша, мұның қайсысы қисынға келеді? 

Айтпақшы, осы жерде айта кетейік, соңғы жылдары қалыптасқан үрдіс бойынша облыс әкімі болуға Президент екі үміткерді қатар ұсынады. Осы екеуінің біреуін таңдау құқығы облыстағы мәслихат депутаттарының еншісінде. Нұралхан Көшеровке балама ретінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың кандидатурасы ұсынылды. Алайда бәрі алдын ала шешілген, жоғарыдағылардың сызып берген сценарий бойынша іске асқаны айтпаса да белгілі жағдай ғой. 

Премьер Олжас Бектенов жаңа әкім Нұралхан Көшеровті облыс активімен таныстыру барысында оған экономиканы нығайту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, халықты қолжетімді әрі сапалы ауыз сумен және азық-түлік өнімдерінің тұрақты бағасын қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.  Президенттің экономиканы дамыту мәселесіне айырықша басымдық беріп отырғаны да ескертілді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толады. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы өндіріс орындарының басым бөлігі Шымкент қаласының еншісінде қалды. Осы себепті бүгінгі күні Түркістан дотацияда отырған облыстардың көшін бастап тұр. Республикадан алатын қаржының көлемі триллион теңгеден асады. Өзіндік кіріс 10 пайызға да жетпейді.  Облысты ең құрығанда өз шығысының 20-30 пайызын өтейтін өңірге айналдыру үшін әлі көп тер төгу қажет. Бұл үшін экономика саласын терең білетін, инвесторлар мен өндірістің тілін түсінетін маман қажет. Осы жағын ескеретін болсақ, таңдаудың неге дәл Көшеровке түскенін болжамдау қиын емес сияқты. Себебі облыс әкімінің бес орынбасарының ішінде Нұралхан Көшеров экономика, қаржы саласында басшылық қызметтерді атқарған, бұл салада  кәсіби тәжірибесі бар жалғыз кадр саналды. 

Нұралхан Көшеров еңбек жолын Мәжіліс депутатының көмекшісі болып бастаған. Бұдан кейін ұзақ жылдары салық органдарында қызмет еткен. Астана қаласы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары лауазымына дейін жоғарылаған. 2015 жылы ол Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа орынбасар болып келді. 2018 жылдан бастап қайтадан  салық органдарына оралды. Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақтау, Шымкент қалалары мен Атырау облыстық бөлімшелеріне жетекшілік еткен. Бір сөзбен айтқанда Көшеров кірістің көзін білетін маман. 2023 жылдың басында Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына кірісті. Енді міне, екі жылдан кейін облыстың тізгінін қолға алды. Жоғарыда айтылғандай, Көшеровты әкімдікке алғаш рет алып келген Ғабидолла Әбдірахымов болатын. Сол себепті де көпшілік оны «зың әкімнің» кадрі есептейтін. Мұның шындыққа қаншалықты жанасатынын қайдам, бірақ Көшеров енді Дархан Сатыбалдының кадрі деп нық сеніммен айтуға болатын сияқты. «Себебі оның облыс әкімінің креслосына отыруына Дархан Сатыбалдының өзі ықпал еткен болуы мүмкін» дейді кейбір білгіштер. Мұны да жоққа шығаруға болмайды.  

Айтпақшы,  реті келгенде айта кетейік, Нұралхан Көшеров Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарына әкім болып тағайындалған кадрлардың ішіндегі ең жасы есептеледі. Ол өткен желтоқсанда 40-қа толды. Тек облыс қана емес, ол қазіргі өңір әкімдерінің ішіндегі ең жасы  саналатын көрінеді. Халқының саны жағынан ең үлкен облысты ең жас кадр басқармақ. Қаншалықты басқара алады? Президенттің, елдің үмітін қаншалықты ақтай алады? 

Бәрі уақыттың еншісіндегі мәселе. 

Жәнібек ТАРХАН

Коммуналшыға жарымаған Шымкент: Әкім орынбасарының орны жеті айдан бері бос тұр
Жаңа әкім жұмысын неден бастауы керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу