Коммуналшыға жарымаған Шымкент: Әкім орынбасарының орны жеті айдан бері бос тұр
Шымкентте күл-қоқыс шығаратын компаниялар арасында дүрбелең басталды. Оларды әкімдік жақын арада нарықтан ығыстырып, қаланың күл-қоқыс шығару саласын толығымен бір қолға бергелі жатыр. Осыдан отыз жыл бұрын жекешеленіп кеткен мегаполистің ауыз-су жүйесін мемлекетке қайтарумен айналысып жатқан шенеуніктер Шымкентте тағы бір жоспарын іске асырғалы жатқанға ұқсайды. Бұл Президенттің тапсырмасы ма, әлде Үкіметтің нұсқауы ма, кім білсін, әйтеуір осы жоспардың арғы жағында күні бұрын сценарийі жазылып қойылған бір гәп бар сияқты.
Vera.kz порталының жазуынша, қазіргі уақыта Шымкентте күл-қоқыс шығарумен 8 компания айналысады. Шымкент әкімдігі жақын арада бұл қызметті бір компанияның меншігіне беруге әрекет жасап жатыр. Осыған байланысты конкурс жарияланған. Мегаполистегі күл-қоқысты шығару, тасымалдау және сұрыптауға қатысты конкурстың жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайды. Дәлірегі тендерде жеңіске жеткен компания қоқысты шығарып қана қоймайды, оны сұрыптау жұмыстарымен де айналысуға тиісті. Сол үшін 300 мың тонна қоқысты өңдейтін зауыт салуға міндетті. Инвестор бұл зауытты 2027 жылдың қаңтарында іске қосуы керек. Әкімдіктің инвесторға қоятын басқа да талаптары бар. Мәселен, қоқыс шығаратын компанияның кемінде 60 арнайы техникасы, контейнерлері мен бақылау камералары болуы шарт. Алайда мұншама қаражатты шығаруға қазіргі сегіз компанияның ешқайсысының шамасы жетпейді. Оның басты себебі компаниялардың басты табыс көзі – тұрғындардың төлемақысы. Ал қоқыс ақысын тұрғындардың көпшілігі төлемейді. Сол себепті компаниялардың абоненттерден алашағы жүздеген миллион теңгені құрайды екен.
Шымкент әкімдігі жоғарыдағы жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырмақ. Тіпті бұл жобаны «Clean village» деген аталатын компанияның жүзеге асыратыны да белгілі болып қалған. Мәселен, әкімдік қазірдің өзінде Тұран ауданында күл-қоқыс шығарумен айналысатын компанияны ығыстырып, бұл міндетті «Clean village» компаниясына жүктеген. Тұрғындардың тарапынан арыз-шағымдардың көптігін алға тартып, енді төлемақыны осы компанияға төлеу қажеттігін ескертіп жатқанға ұқсайды.
Аталған сайттың жазуынша, «Clean village» компаниясының құрылғанына көп болмаған. Ол ашылғалы бері мемлекетке салыққа бар-жоғы 9 миллион 380 мың теңге ғана төлеген. Кәсіпорынға Асланбек Чукетаев деген азамат жетекшілік етеді. Құрылтайшысы ретінде Павел Зайнуллин деген азамат тіркелген. Ашық дереккөздерінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, бұл компанияның жоғарыдағы жобаға миллиардтаған қаражатты төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сонда ол ақшаны қайдан алады? Бұл жағы жұмбақ. Қаланың күл-қоқыс шығару саласында қандай ойын жүріп жатыр? Оның ақыры немен аяқталады?
Жалпы Шымкентте күл-қоқыс шығару саласының бетімен кеткені қай заман. Осыдан екі жыл бұрын жаңадан сайланған Шымкент қалалық мәслихатының ең алғашқы қабылдаған шешімдерінің бірі қоқыс шығару тарифін көтеру болды. Депутаттар оны бірден екі есеге қымбаттатуға ешқандай қарсылықсыз келісімдерін беріп, көпшілікті аң-таң қалдырған. Алайда тариф көтерілгенімен, мегаполисте қоқыс шығару қызметінің сапасы жақсарған жоқ. Әсіресе, шеткері аймақтарда тұратын шағын аудандарда қоқыс аптасына бір рет ғана шығарылады. Аптасына алып кететін бір қапшық қоқыс үшін әр отбасы орташа есеппен 2 мың теңге төлейді. Бұл қаншалықты әділетті?!
Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт салумен бұған дейінгі әкімдер де айналысқан. Тіпті шетелдік инвесторларды да тартпақ болған. Алайда сол жобалардың кейінгі тағдыры туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сыздықбековтің қолға алған жобасы қаншалықты баянды болады?
Осы жерде айта кетері, соңғы уақытта Шымкентте коммуналдық қызметке қатысты дау-дамайлар жиілеп келеді. Коммуналдық сала миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис үшін ең басты сала екендігі айтпаса да түсінікті. Алайда Шымкент соңғы жылдары коммуналшы мамандарына зәру. Қайбір жылдары қалалық энергетика және тұрғын үй—коммуналдық шаруашылық басқармасына экономист те, заңгер де, тіпті кеденші де жетекшілік еткен еді. Дәл қазір Шымкент қаласы әкімінің коммуналдық салаға жауап беретін орынбасарының орны көптен бері бос тұр. Соңғы мәрте бұл лауазымды Нұрсадық Ергешбек атқарған. Ол былтыр жазда қызметінен кетті. Содан бергі жеті айда коммуналдық саланың ой-шұңқырын білетін бір маман табылмады дегенге сенуге бола ма?
Қаланың басшылары жүз ойланып, мың толғанатындай бұл соншалықты қиын шаруа болғаны ма? Сіз бұған не дейсіз?