Көшеровтың кадрлық саясаты: Жақында орынбасарлар арасында жаппай өзгеріс болады
Нұралхан Көшеровтың Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалғанына ертең бір ай толады. Әдетте қызметке жаңа келген әкімнің жұмысын кадрлық ауыс-түйістерден бастайтыны бұрыннан белгілі. Алдымен орынбасарларын, аппарат басшысын жаңартатын. Одан әрі ауыс-түйістер аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қарай ойысатын. Осылайша жаңа әкім командасын жасақтап барып іске кірісетін еді. Алайда...
Өткен бір айдың ішінде Нұралхан Көшеров бірде-бір тағайындау жасаған жоқ. Бұл нені білдіреді?
Есесіне жақын арада облыстағы аудан, қала әкімдері орынбасарлары арасында үлкен ауыс-түйіс басталғалы жатқан көрінеді. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, орынбасарлар өзара орын ауыстырып, тәжірибе алмасады. Бұл Ақордадан келген тапсырма ма әлде Көшеровтың кадр мәселесіндегі жеке бастамасы ма, ол жағын білмедік, бірақ бір белгілісі ауыс-түйіске бірінші кезекте бір орында ұзақ отырып қалған орынбасарлар ілігетінге ұқсайды. Қысқасы, бір креслоға тамыр байлап қалған кадрлар жылы орындарын суытады деген сөз. Облыста қатып қалған кадр саясатының жаңа тынысы ашылып, бойына қан жүгіретін түрі бар. Тың бастама өзін қаншалықты ақтайды? Бәрі де уақыттың еншісіндегі дүние, әрине.
Жалпы, барлық уақытта істің тетігін кадрлар шешкен ғой. Соңғы уақытта Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа кадр саясаты іске аса бастады. Қайбір жолы Президент тәжірибені арттыру үшін кадрларды үнемі ауыстырып отыру қажеттігін де айтқан. Бізде жоғары лауазымды қызметтерде кадрлық ауыс-түйістер онсыз да жиі жасалады. Мәселен Түркістан облысының әкімі қызметінің орташа «жасы» 3-4 жылдан асқан емес. Облыстың тізгінін бар-жоғы 11 ай ұстаған басшылар да болған. Ал аудан, қала әкімдері соңғы уақытта енгізілген тәртіп бойынша әр төрт жыл сайын жаңарып отыруы тиіс (биылдан бастап олар 4 жыл сайын сайланады). Алайда осындай талап-тәртіптің аудан әкімдерінің орынбасарларына жүрмейтіні түсініксіз. Осы себепті бізде бір орыннан 4 жыл түгілі 10-15 жылдан бері қозғалмаған орынбасарлар жетіп артылады. Бұл нені білдіреді? «Незаменыймый» кадрлардың аудандарда көп екендігін бе әлде аудан әкімдіктеріндегі кадрлық мәселенің Ақорда мен облыс әкімдігінің назарынан тыс қалып кеткенін бе?
Түркістан облысындағы аудан, қала әкімдерінің сайттарында жарияланған мәліметтерге қарап отырып біз әкім орынбасарының орынтағында ұзақ отырып қалған шенеуніктердің рейтингісін жасап шығарған едік. Тізімге назар аударып көріңіз.
Түркістан облысында аудан әкімінің креслосында ең ұзақ отырған шенеунік-- Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен болып шықты. Марат Сүгірәліұлы бұл қызметке 2009 жылдың 9 сәуірінде тағайындалған екен. Бас-аяғы 16 жылға жуық уақыт деген сөз. Не деген қажыр-қайрат, табандылық десеңізші. Ол осы жылдары Түлкібастың тізгінін ұстаған кем дегенде алты әкіммен шәй деспей жұмыс істеген екен. Оның арасында аудан әкімінің міндетін де атқарған. Қайбір жылдары оның аты-жөнін әкімдердің кадрлық резерві есептелетін «А» корпусына іріктелген үміткерлердің тізімінен де байқағанбыз. Алайда Марат Жанесеннің маңдайына мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық карьерасында аудан әкімі болу жазылмады. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Түлкібас аудандық әкімдігіндегілер зейнет жасына толуына байланысты оны құрметті демалысқа шығарып салуға дайындалып жатқан көрінеді.
Рейтингтегі екінші орынды--Мақтаарал ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Алтын Ешанқұлова иеленді. Алтын Күнтуқызы декреттік, басқа да кішігірім үзілістерлі қоспағанда Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметін 15 жыл бойы атқарып келе жатыр екен. Ол бұл лауазымды алдымен іріленген Мақтарал ауданында бастап, 2018 жылы қайта бөлініп шыққан Мақтаарал ауданында жалғастырды. Біздің білуімізше, ол әкім орынбасарлары арасында әзірге жалғыз нәзік жанды. 2010 жылы «Рейтинг» газетінде «Оңтүстіктегі идея мен идеолог» деген тақырыппен жарияланған, оқырман арасында қызу пікірталас туғызған мақаламызда біз аудан, қала әкімдерінің идеология саласына жетекшілік етіп келе жатқан орынбасарларға тоқталған болатынбыз. Осы мақалада Алтын Күнтуқызы туралы:
--Әлі орда бұзар жасқа жетпеген орынбасар қыз бұған дейін Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің кадр бөлімінде қызмет атқарып, кадрлық ротацияның пәрменімен ойда-жоқта Мақтарал өңіріне кеп қалған көрінеді. Әрине, кадрмен жұмыс істеген жас маман елдің де қадірін біледі деген оймен осы қызметке тағайындалса керек. Сөз жоқ, Алтын Күнтуқызы жас кадр, болашағы әлі алда,-деп жазған екенбіз. Міне, содан бергі аралықта табаны күректей 15 жыл өтіпті. Сол кезде дүниеге келген сәби енді екі-үш жылдан кейін мектеп бітіреді деген сөз. Зымыраған уақыт десеңізші. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, А.Ешанқұлова орынбасарлар арасындағы кадрлық ауыс-түйіске алғашқылардың бірі болып ілігетінге ұқсайды. Алтын Күнтуқызының болашағы әлі де алда деген ниеттеміз.
Үшінші орынды—Төлеби ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Сержан Дүйсебаевқа бердік. Ол бұл қызметті 2012 жылдың наурыз айынан бері атқарады. Оған дейінгі еңбек жолын өндіріс орындарында, шаруашылықтарда өткізген. Аудан әкімдігінде бөлім басшысы болған. Аудан әкімінің міндетін атқарушы болып та істеген. Жалпы Төлебиде «незаменыймый» кадрлардың қарасы басқа өңірлермен салыстырғанда көптеу болып шықты. Біз бұған аздан кейін тоқталатын боламыз.
Төртінші орынды --Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов алды. Ол орынбасар лауазымын 2012 жылдың маусымынан бері табан аудармастан атқарып келеді. Серік Алтынбекұлының еңбек жолын 1987 жылы Алматыдағы Жазушылар одағы ғимаратының сантехнигі болып бастағанын біреу білсе біреу білмеуі мүмкін. Әкім орынбасары болғанға дейін талай қызметтерді атқарған, барлық баспалдақтардан өткен маман. Бұл жолғы кадрлық ауыс-түйістер оның карьерасына қаншалықты әсер етер екен? Бір орында 13 жыл бойы тұрақтап қалған орынбасардың назардан тыс қалып кетуі мүмкін емес шығар деген ойдамыз.
Жалпы аудан әкімінің орынбасары лауазымына әркім әрқалай жолмен келеді. Орынбасарлыққа дейінгі ұзақ жолды біреу бас маманнан, біреу сантехниктен бастаса, рейтингте бесінші орынға табан тіреген Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев бұл креслоға облыстық мәслихаттың депутаттығынан келген. 2016 жылы. Бірақ әкімдік жүйеде ешқандай тәжірибесі жоқ болса да текті әулеттің өкілі саналатын Мадияр Мұхтарұлы облыстағы ең үлкен, халқы тығыз қоныстанған Сайрамда тоғыз жылдан бері әкім орынбасары лауазымын атқарып келеді. Мұның арғы жағында қандай тылсым-сырлардың бар екенін сайрамдықтар білмесе, біз біле алмадық.
Рейтингте сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары лауазымына 2017 жылы тағайындалған, содан бері осы қызметті табан аудармастан атқарып келе жатқан бір топ шенеуніктерді де енгіздік. Олардың қатарында Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев бар. Сегіз жыл бойы орынбасардың креслосында тәжірибе жинаған, әбден шыныққан осы кадрлардың арасынан келешекте аудан әкімі шығып жатса, таңқалмаймыз.
Ал, аудан, қала әкімдігінде бөлім басшысы лауазымын атқарған, бір орында ұзақ отырып қалған кадрлардың тізімін жариялауға газеттің бір беті жетпейді. Дегенмен бірлі-жарымына тоқталайық. Бір орында ұзақ отырған бөлім басшыларының ішінде Ордабасы ауданы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаеваға жететін ешкім жоқ болып шықты. Ол аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің (2010 жылдан бастап экономика және қаржы бөлімі) басшысы лауазымына 2007 жылы тағайындалған екен. Бұл дегеніңіз 2 жылы кем 20 жыл деген сөз. Шамасы Ордабасыда ауданның экономикасы мен қаржысын Алтынай Әуезханқызынан басқа шемішкеше шағатын ешкім табылмаса керек.
«Незаменыймый» кадрлар тек қаржы мен экономикада десеңіз, қателесесіз. Төлеби аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымын Әуесбек Әсілбек 2009 жылдан бері, ал Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін Жұмабай Абдиев 2010 жылдан бері атқарып келеді екен. Мансұрбек Ашрапов Төлеби аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы болып 2014 жылдан бері істеп келеді. Осыған қарағанда облыста кадр тапшылығы шарықтау шегіне жеткен өңір-- Төлеби ауданы болса керек.
Мақтаарал ауданының мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін Жандарбек Тәтеев --2012 жылдан бері, Созақ ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметін Ербол Айдарбеков, Қазығұрт аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметін Мұрат Сапиев --2013 жылан бері атқарып келеді екен. Ал Ильхам Азизбаев Кентау қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметіне 2015 жылы тағайындалған екен. Не деген кадрлық кризис десеңізші. Әлде оның басқалай себептері бар ма? Аудан әкімінің орынбасарлары арасындағы кадрлық ауыс-түйістер, ротациялар бөлім басшыларына да жасалады ма?
Не де болса әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 5 ақпан 2025 жыл.