«Спецназ» Бозымбаев

Oinet.kz 03-02-2025 40

Жасыратыны жоқ, Қанат Бозымбаев ақпарат құралдары үшін қызық тақырып. Онда да Қанат Алдабергенұлының жоғары лауазымды қызметтер атқарғаны ғана емес, оның саясаттағы салмағы, орны, өзіндік стилі, имиджі, айтқан сөзі, батылдығы, бәрі-бәрі жиі талқыланып жатады. 

Screenshot_1.jpg

Былайша айтқанда оны бәрі таниды, бәрі біледі және ел арасында ол туралы көп әңгімелер айтылады.  

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 90-шы жылдардың ортасында Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмахановтың көмекшісі болып бастаған Қанат Бозымбаев қызмет баспалдағында тез көтерілді. 1997 жылы министрліктің бөлім меңгерушісі қызметін атқарған ол 2001 «KEGOC» ААҚ-ның президенті болса, 2007 жылы «Самұрық» АҚ-ның Басқарма төрағасы, ал 2009 жылы Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Міне, осы жылдардан бастап Бозымбаев ақпарат құралдарының беттерінде жиі көрінетін болды. 

Алайда қызметте тез көтерілген Қанат Алдабергенұлының жолы үнемі ашық, жарқырап жатқан кең даңғыл болған жоқ. Бозымбаевтың да басы дауға қалған кездері көп. Аяғынан шалып, абыройдан жұрдай етіп, қызметтен мүлдем аластатып жібермек болған жағдайлар да жиі кездесті. 

Павлодар облысының әкімі болып жүрген кезде баласы «қыз зорлады» деген шатаққа ілігіп, бүкіл ақпарат құралдары бұл тақырыпты біразға дейін шулатты. Соңында осы ақпаратты таратқан басылымның бас редакторы 8 жылға сотталып кетті. Оған осы ақпаратты жария қылмас үшін облыс әкімінен 500 мың доллар талап етті деген айып тағылды. Осы тұста егер басқа әкім болса ақпараттың тарап кетуінен қорқып, ақша бопсалағандардың айтқанына көніп, айдағанына жүре берер ме еді деген де ойдың келетіні рас. Бұл да Бозымбаевтың батыл саясаткер екенін білдіретіні анық.

Одан 2018 жылдың соңында энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс берілді. Бұл мәселені алдымен сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қозғап, мемлекет басшысының атына энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс хат енгізді. 

Арада төрт айдай уақыт өткенде, нақтырақ айтсақ, 26-ақпан күні мемлекет басшысының бұйрығымен энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа берілген тәртіптік жаза алынып тасталды.

Алайда арада төрт күн өткенде энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков пен бірнеше лауазымды тұлға жемқорлық дерегі бойынша ұсталды. Ғани Сәдібеков -- Бозымбаев қызметке қайда барса да қасынан тастамайтын, үнемі орынбасары болып тағайындалатын сенімді кадрдарының бірі болатын. 

Жұрт осынау оқыс оқиғалардың астарынан үлкен «саясат» іздеді. Түрлі болжам-жорамалдар жасалды. Тіпті сөгісінен құтылған Қ. Бозымбаев сол екі ортада Ақордаға ауысып, үлкен қызметке тағайындалуы тиіс болған екен. Әрине, мұндай кадрлық өзгерістер бір күнде шешіле салмайтыны белгілі ғой. Бірақ, үлкен кісілер ақылдаса келе осынау жауапты қызметке Бозымбаевты лайық көрген білем деген де әңгімелер айтылды... 

Одан көп ұзамай энергетика министрінің тағы бір орынбасары Бақытжан Жақсалиев үй қамағына алынды. 

Дәл осы ақпан айында Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент Н. Назарбаев коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етіп, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов және табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Азамат Матиевті біраз іреп алды. Қазақстандық монополистер тарифті асыра көтерудің арқасында бірнеше миллиардты құрайтын көлденең табысқа кенеліпті. Бұл туралы еліміздің бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың өзі мәлімдеді. 

Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуына қарағанда табиғи монополиялар субъектілері жұмысына жүргізілген ауқымды тексерудің нәтижесінде монополистер тарапынан өзіндік шығындарын қасақана көтеру және 29 млрд теңге сомасында олардың күмәнді келісімдері белгілі болған. Бас прокурор соңғы бес жылда жылу энергиясына тарифтер 2 есеге, ал, электр энергиясына үштен бір бөлікке өскенін айтты. 

Міне, осы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қанат Бозымбаевтың үшінші орынбасары Анатолий Шкарупаға ақша жымқырды деген айып тағылды. Ертеңінде-ақ бірқатар ақпарат құралдары «Үш бірдей орынбасары қамауға алынған Бозымбаев осы қызметінде отыруға қандай моральдық құқы бар?» деген мәселені қаузай бастады. 

Осылайша энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың арасында ертеден басталған «мылтықсыз майдан» осы тұста тіптен, қыза түсті. Қанат пен Қайраттың арасын қандай қара мысық кесіп өтті, екеуінің қарым-қатынасы қай кезден бастап бұзылды, әрине, бұл жағы бізге белгісіз. Әлде Қанат Бозымбаев Қожамжаровтың туған жері Жамбыл облысында әкім болып жүрген кезде араларында салқындық пайда болды ма екен? Кім біледі... Біз бұл мақаламызда біреуді жақтап, екінші жақты даттап, бір жағына бұра тартып отырғанымыз жоқ. Бірақ, осындай үлкен даудың орын алып, оның төңірегінде осындай әңгімелердің айтылғаны жасырын емес. 

Бір жылдың ішінде үш бірдей орынбасары қамаққа алынып, тариф мәселесі қауіпсіздік кеңесінде арнайы қаралып, жаза арқалап шыққан энергетика министрінің есімі ақпарат құралдарынан түспеді. Бұрын-соңды еліміздегі министрліктерде мұндай тосын жағдай болған емес.

Одан кейін 2019 жылы Су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішевтің қылмыстық ісіне байланысты өтіп жатқан сот отырысында да Қанат Бозымбаевтың есімі қайта-қайта айтылды. «60 миллион пара алуға оқталды» деген айып тағылып, абақтыға жабылған И. Әбішев алғашқы сот отырыстарының бірінде өзінің адвокаты арқылы осы іске тапсырыс берді деп, үш адамның есімін жария етті. Олар – энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және кезінде «Қазақ барысы» жарысын ұйымдастырушылардың бірі болған Арман Шораев. 

Ислам Әбішев «Қазақ күресі» федерациясының президенті қызметін қоса атқарған болатын. Ал, Қ. Бозымбаев Халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті. Әбішевтің әңгімесіне қарағанда екі федерацияның арасында бәсекелестік болған көрінеді. Яғни, Бозымбаев Әбішев басқаратын федерацияның жұмысына қызығып, араға Арман Шораевты салып, екі ұйымды біріктіруге күш салыпты. Бұған әрине, Әбішев пен Түкеев көнбеген. «Содан Бозымбаевтар федерацияны тартып алудың басқа жолдарын тапты» деген Әбішев өзінің түрмеге түсуінің түп-төркінін осыдан іздеді. 

Есімі аталған үш азаматтың ішінен тек Арман Шораев қана бұл айыптауға қарсы үн қатып, федерацияға Бозымбаев тарапынан пәлендей қызығушылық болмағанын мәлімдеді. Иә, Шораев Әбішевке жолығып сөйлескені рас екен, бірақ, ешқандай да мәжбүрлеу, тартып алу әрекеттері болмаған, сондықтан ол адвокаттың кешірім сұрауын талап етті. 

Көп ұзамай, «Қазақ үні» ақпараттық агенттігі бұл ақпаратты теріске шығарып, ондағы деректердің сенімсіз екенін хабарлады. 

2019 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев біраз ауыс-түйістер жасап, соның ішінде Қанат Бозымбаевтың бір күнде президент көмекшісі болып кеткені жұртты айран-асыр қалдырғаны рас. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Қанат Алдабергенұлының денсаулығына байланысты қызмет ауыстырғаны туралы мәлімет таратты. Бозымбаев мойын омыртқасына ота жасатқандықтан дәрігерлер оған іссапарды азайтып, біраз уақытқа дейін ұзақ жол жүруге, ұшақпен жиі сапарлауға болмайтыны туралы ақыл-кеңес беріпті. 

Қаңтар оқиғасы кезінде де Алматы облысының әкімі қызметін атқарып жүрген Қанат Бозымбаев қып-қызыл даудың ортасында қалды. Ет қызуымен елдің алдында артықтау сөз айтып қойған Бозымбаевты жерден алып жерге салғандар да көп болды. Сонымен бірге «қаңтар қырғынында елдің алдына тайсалмай шығып, жұртпен әңгімелескен екі әкімнің бірі – Бозымбаев» деп керісінше оны аспанға көтерушілер де көп болды. Көп ұзамай Қанат Бозымбаев қызметімен қош айтысты.

Осыдан кейін өмір бойы биік мансаптан бір сәтте қол үзіп көрмеген Қанат Бозымбаевтың «қызметтік карьерасы осымен тәмам болды» деп жорамалдағандар көп болған. Бірақ, Тоқаев тағы да сенім артты. 

Қалай айтсақ та дәл қазір Қанат Бозымбаев премьер-министрдің орынбасары қызметінде Мемлекет басшысының «спецназ» кадрына айналып отырғаны анық. Үнемі оқыс оқиғалардың, даулы, шулы жерлердің ортасында Бозымбаев жүреді. Және аз уақыттың ішінде елдің сүйіктісіне айналып үлгергендей. 

Бозымбаевта бәрі бар, білім, тәжірибе, батылдық, іскерлік, бәрі бойынан табылады. Біздіңше саясаттың қазанында әбден қайнаған Бозымбаевтың болашағы әлі алда.

«Дикий Арман» өзіне қол салмақ болған. ҚАЖК мәселеге түсінік берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу