Мәсімовтің зәулім үйі сатылымға шығарылды
10-02-2025
«Халықтың үнінен құлақ асатын мемлекет» қағидасына жүгінсек, әрбір басшы қарапайым халықтың ұсынысын, талап-тілегін ескеруі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысының жаңа әкімі Нұралхан Көшеровке айтар қандай талап-тілек бар? Жаңа әкім ескерсе, қолға алса дегендей нендей ұсыныс айтуға болады?
Біз осы жөнінде уақтысында облыстың дамуына өзіндік үлесін қосқан, өзіндік пікірі бар бірқатар азаматтармен хабарласқан едік.
Иманәлі БАЙДӘУЛЕТ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Медицинаға білікті мамандарды тарту қажет
– Менің байқағаным, соңғы жылдары Түркістан облысының денсаулық саласында елеулі оң өзгерістер бар. Соның бірі-- облыстық аурухана пайдалануға берілгелі жатыр. Ол жерге ең бірінші кезекте жас әрі білікті мамандарды тарту керек. Соларды шақырып, жағдай жасаса, жаңа аурухананың деңгейін тез көтеруге болады.
Түркістанның басқа қалалармен салыстырғанда мүмкіндігі мол деп ойлаймын. Дәрігер мамандарын даярлауда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің медицина факультеті үлкен жәрдем болады. Мен кезінде осы факультетке 10 жыл басшылық жасадым. Түркістанның ол кездегі жағдайы қазіргідей емес. Ауруханалардың жағдайы нашар еді. Ал материалдық базасы мықты аурухана болмаса, дәрігер мамандарын дайындау мүмкін емес. Себебі, студент теориялық білім мен практикалық білімді қатар алып жүруі керек.
ХҚТУ-дың медицина факультетіне декан болған жылдары 80 миллион доллар қаражат бөлдіріп, Университеттің клиника- диагностикалық орталығын салдырдық. Оның функционалдық мүмкіндіктері өте жоғары. Қажетті құрал-жабдықтармен де жақсы қамтылған. Түркия мемлекетінің медицина мамандарымен байланысы зор. Енді студенттердің теория мен тәжірибені қатар алып жүруіне жақсы мүмкіндік жасалды. Бұл облыс медицинасын жаңа сапаға көтереді деп ойлаймын.
Уақытысында Түркиядан білікті хирург мамандарды шақырып, қоян жырық сияқты туабітті кемістігі бар балаларға арнап тегін оталар жасаттық. Егер сол оталарды шетелде істетсе, қыруар ақша төлер еді. Біздің осы жобамыз сол кездегі Президенттің назарына ілігіп, жоғары бағасын алған болатын. Өзіміздің дәрігерлердің тәжірибесін арттыратын осындай жобаларды ары қарай жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кетері, жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша облыс әкімі бакалавр мамандардың резидентурада оқуы үшін грант бөледі. Менің байқағаным, осы гранттарды ортадағы пысықайлар саудаға салатын көрінеді. Сондықтан облыс әкімі грантты бөліп қана қомай, оны иесіне әділетті жолмен жетуін бақылауына алып, қадағаласа деген ұсынысым бар.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері:
«Жаман адам болмайды, жаман тәрбие болады»
– Бізде сөз бар ғой «әкім бол – халқыңа жақын бол» деген. Жалпы менің танымым бойынша әкім деген халықтың басқарушысы емес, ол елдің қызметшісі. Облыс әкімі халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Қанша жерден тәжірибелі басшы, мықты маман болса да, өңірдегі жағдайды сол жердегі халықтан артық ешкім біле алмайды.
Ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөлу керек. Түркістан облысындағы халықтың негізгі табыс көзі --ауыл шаруашылығы. Ауыл дегенде қазақтың негізігі шаруашылығы – мал ғой. Сол төрт түлікті өсіруге жағдай жасау керек. Түркістанда басқа облыстарға қарағанда суармалы жер көп. Оны дұрыс пайдалануға тиіспіз.
Кеңес Одағының кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы өндірісі ең мықты өңірлердің бірі болатын. Қазір де өндірісті дамытып жүрген іскер бизнесмендер бар. Мәселен өздеріңіз білетін Серікжан Сейітжанов сондай азамат. Бірнеше өндіріс орындарын ашты. Міне, осындай жігіттерді аяғынан шалмай, мүмкіндік жасау керек. Өндіріс орындары ашылған сайын, жұмыс орындары көбейеді, халықтың жағдайы жақсарады.
Ал енді кадр мәселесінде әр басшының өз ұстанымы бар. Мен 2000 жылдың желтоқсанында Отырар ауданына әкім болып бардым. Келесі жылдың қарашасында сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев маған «Сіз не істеп жүрсіз?Әлі командаңызды да жасақтай алған жоқсыз ғой» деді. Сонда мен Сапарбаевқа:
«Мен еш уақытта кадрлық бизнеспен айналысқан емеспін. Мен ондай істі өмірімде істеген емеспін. Істемеймін де. Екіншіден, мен осы елдің азаматымын. Қартайғанда намазға сол кісілермен бірге тұрамын. Сонда балаларын аш қалдырған адамдармен қалайша бір сапта тұрып намаз оқимын? Үшіншіден, негізгі мәселе – жұмыс. Мен осы ауданды қабылдап алғанда Отырар 16 ауданның ішінде рейтинг бойынша 14 орында тұрған еді. Қазір ол 4 орынға шықты. Осы жұмыстардың бәрін жалғыз істеді деп тұрсыз ба? Оны сол жердегі қызметкерлер істеді», - дегенім бар еді.
48 жыл басшылық қызметтерде жүріп өз командамды жинап, бір адамды жұмыстан шығарған емеспін. Өйткені әкем «Қарағым, жаман адам болмайды, жаман тәрбие болады» деп айтып отыратын. Менің түсінігімде басшы барған жерінде тұрақты кадрлармен жұмыс істесуі керек.
Батырбек КӨШЕРБАЙ, кәсіпкер:
Кірісті көбейту үшін кәсіпкерлерге жағдай жасалуы тиіс
– Нұралхан Көшеров Түркістан облысына келгенге дейін үш өңірдің салық мекемесін басқарған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Менің білуімше, ол Түркістан облысында орынбасар ретінде экономика, кәсіпкерлік салаларына жауап берді.
Кешегі күні Дархан Сатыбалдыны Президент қабылдады. Түркістан облысындағы еңбегіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, Дархан Сатыбалдының тұсында инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, кәсіпкерлікті дамыту саласында оң өзгерістер болды. Ал енді қарап отырсаңыз, осы салаларға Н.Көшеров жауапты болды.
Дегенмен облыста әлі де болса жүйлейтін жұмыстар жетерлік. Мәселен мемлекеттік сатып алу саласында. Көп жағдайда тендерлерде бір компания бірнеше нысанның құрылысын ұтып алады. Нәтижесінде мойнына алған міндетін уақтында орындай алмай қалады. Ал тәжірибесі бар, әлеуетті өнім беруші кейбір компаниялар конкурсқа қатыса алмайды. Осыдан кейін олар конкурсты ұтып алған компанияға өтініш жасап, қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Жалпы жылдық бюджет бекітіле сала, мемлекеттік сатып алудың бюджеті де бекітілу керек. Кешіктірмей конкурс жариялау қажет. Бізде көп конкурстар жаздың ортасында өтеді. Неге соны қаңтар айында өткізбеске?! Бірінші тоқсаннан қалдырмай, бүкіл конкурстарды өткізіп тастаса, мердігерлер жұмыстарына ерте кірісер еді. Өйткені көктем мен жазда атқарылған жұмыстың сапасы қара күздегі жұмыстардан әлдеқайда жоғары болады.
Рас, басқа өңірлерге қарағанда біздің облыс дотацияны көп алады. Себебі, бізде тұратын халықтың саны кейбір облыстардан бірнеше есе көп. Мектептің өзі мыңнан асады. Ал бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға берілетін жәрдемақы өте көп шығынды қажет етеді. Сол себепті де Түркістан облысының өзіндік кірісінен гөрі шығысы көбірек.
Алайда жағдай солай деп қарап отыруға болмайды ғой. Кірісті көбейту үшін кәсіпкерлерге өте көп қолдау көрсетілуі керек. Өндіріс орындарын ашу қажет. Ал мұның бәрі тек айтуға оңай.
Бек ӘБИЕВ, журналист:
Әр өңірдің өз проблемасы бар
– Әкімнің басты міндеті – сол өңірдің экономикалық әлеуетін жақсарту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Бәрі айналып келгенде инвестиция тартуға барып тіреледі ғой.
Өмірзақ Шөкеев те, Дархан Сатыбалды да өзінің іскерлігін облысқа келгенге дейін-ақ дәлелдеп қойған басшылар болды. Екеуі де өздеріне жүктелген міндеттерін атқарды. Нұралхан Көшеров қаласа да, қаламаса да жұртшылық оның іскерлігін, басқарушылық қабілетін алдыңғы әкімдермен бағалайтын болады. Халықтың қалауын, берген бағасын, қалыптасқан таным-түсінігін өзгерту қиын.
Екіншіден, соңғы жылдары Түркістан өңірі жемқорлықпен аты шықты. Аудандық білім басқармаларындағы қаржы жымқыруларға қатысты сот үкімдерінің алды шығып жатыр. Жуырда ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияларды талан-таражға салуда да Түркістан облысының аты көп аталды. Сондықтан облыс басшысы жемқорлыққа жол бермеу жағына назар аударуы тиіс.
Түркістан өңірі ерекше аймақ. Мысалға Сарыағаш пен Кентаудың, Түлкібас пен Шардараның халқын, экономикасын салыстыра алмайсың. Әр өңірдің өзіне тән проблемасы бар. Бір ғана мысал, облыстағы Созақ, Түркістан, Сауранның халқы экологиялық аймақта тұрғаны үшін бюджеттен үстемақы алып тұрды. Ал Кентау бұл санатқа биыл қосылды. Үстемақы осы қыстан бастап берілуі керек еді, бірақ оны жазға ысырып тастады. Кентаудың халқы оны да күтіп отыр, облыс әкімі уәде еткен деп. Ертең жазда ол ақша тауып бере алмаса, оның соңы шуға ұласады.
Облыста жыл сайын ағыны судың тапшылығы да көп шаруаның жүйкесін жұқартуда. Диқандар дайын өнімдерін сата алмай шірітіп жатады. Мақтаның жағдайы айтпаса да белгілі. Әрине, мұның бәрі жалғыз облыс әкімі шешетін шаруа емес. Сондықтан әкім елге шын жаны ашитын, міндетін адал атқаратын кадрларға таңдау жасауы керек деп ойлаймын.