Трактор зауыты не болды, Тұяқбаев мырза?
Қазір жылт еткен ақпаратқа ел елең ете қалады. Жуырда Ордабасы ауданы Төрткөл елді мекенінде шағын трактор құрастыратын зейнеткер тұрады екен деген ақпаратты алдымен әкімдіктің ресми сайты жариялап, артынша мемлекеттік газетте жарияланды. Ақпараттың қысқаша мазмұны мынадай:
Мамандығы бойынша энергетик Жақсылық Отаубеков зейнеткерлiкке шыққаннан соң үйiнде қол қусырып отыра алмапты. Техникадан хабары бар ол шағын трактор құрастыруға ден қояды. Еңбегі нәтижесіз болмайды. Көп ұзамай энергетиктің қолыннан құрастырылған шағын трактор үйдегі бар шаруаны дөңгелетуге кіріскен. Трактордың өзі жанармайды аз жейді, алты аттың күші бар. Мұндай тиімді техникаға кім қызықпасын?! Төрткөлдік диқандар Жақсылық ағаның қолынан шыққан шағын тракторына жабыса кеткен көрінеді. Бірі жүйек салады, бір жер тырмалайды. Әйтеуір, қолдан құрастырылған трактор ауылдың қажетіне жарап жатыр екен. Жақында Төрткөлдегі таптырмас техникаға қызыққан бәйдібектіктер зейнеткер өнертапқышқа арнайы тапсырыс берген көрінеді...
Апыр-ай дедік, осы ақпаратты оқып. Басқасы басқасы дәл осы Ордабасы ауданының халқы шағын трактордан тарықпауы керек еді ғой дедік. Техника таппай қиналған бәйдібектік шаруалар тапсырысты Жақсылық Отаубековке емес, Бадамдағы трактор құрастыру зауытына беруі керек еді. Амал қанша, өкпе-ренішіңді қолдан құрастырылған тракторға күніңді қаратқан әкімдікке айт енді.
Иә, бәрі күні кешегідей есте. Былтыр. 2 шілдеде. Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бадам» индустриалды аймағында трактор құрастыратын зауыттың тұсауы кесілген. «Kaz Kioti» ЖШС-інің трактор құрастыру зауытының құны 40 миллион долларды құрайды. Жоба кореялықтармен бірлесіп жасалған. Зауытта 400 адам жұмыспен қамтылған. Мамандар Кореяда оқып келген. Жылына 5 мың дана трактор шығарылады. Алдағы уақытта трактордың бөлшектерін осы «Бадамда» құю жоспарланған. Елбасының алдында айтылған осындай ақпараттарға кәдімгідей қуаттанып қалғанымыз бар еді... Апыр-ай, сонда ордабасылық диқандарға сол 5 мың трактордан тым құрыса 5 трактордың бұйырмағаны қалай?
Жалпы Оңтүстікте жүзеге аспай қалған жоба дегеніңіз жетіп артылады. Қайбір жылы Сайрамда әйнек шығаратын зауыттың тұсауы кесілгені есімізде. Әлдебір іскер азаматтар Фосфор зауытының базасында кір жуғыш ұнтақ шығарамыз деп, мемлекеттен қыруар жәрдем алған. Оны айтасыз, осыдан оншақты жыл бұрын Шымкентте ұшақ шығаратын зауыт салынатын болған, естеріңізде болса 5-6 жыл бұрын тікұшақ шығаратын кәсіпорынның негізі қаланған. Зауыт бар, бірақ тұтынушыға жетіп жатқан өнім жоқ. Велосипед те шығарылмайтын Оңтүстікте ұшақ, тікұшақ шығару қиын әрине, дегенмен шағын трактор шығару қисынға келетін-ақ еді. Өкінішке қарай, трактор зауыты да былқылдақ жоба сияқты.
Ары-бері сұрастырып жүріп білгеніміз Елбасының қатысуымен өткен телекөпір барысында атқамінерлер зауыт туралы мәліметтерді тым көпіртіп жіберген екен. Инвесторлар зауытта 5 мың емес, 3,5 мың трактор шығаруға уәде берген. 2015 жылдың соңына дейін 600 трактор шығарамыз деген. Алайда бұл жоспар да іске аспаған. Былтыр зауытта бар-жоғы 40 трактор құрастырылған. Кәсіпорын басшылары ақпарат құралдарына берген сұхбатында 2017 жылы 1,5 мың трактор шығарамыз деген. Көріп отырғандарыңыздай басында 5 мың болған цифр 2,5 мың, одан кейін 1,5 мыңға бірақ түсті. Ал нақтысы 40 қана.
Сонда жергілікті атқамінерлер кімді алдап отыр? Өнеркәсіп саласына жетекшілік ететін басшылар зауыт ашу жағына келгенде Оңтүстіктің бірінші орын алғанын үнемі айтумен келеді. Бірақ көзбояушылық, мақтангершілік жасау жағына келгенде нешінші орын алатынымызды да бір екшеп қойсақ артық болмас еді? Естеріңізде болса, «Рейтинг» газетінде уақтысында президенттің өзі барып көрген Арыс қаласы аумағындағы «Ақдала агрофирмасына» қарасты томат зауытының тұралап, кейіннен мүлдем тоқтағаны туралы бір емес бірнеше мақала жарық көрді. 2014 жылы Шымкентке жасаған ресми сапары кезінде президент облыс әкімінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласына жауапты орынбасары Сапарбек Тұяқбаевты орнынан тұрғызып, өзі тікелей тұсауын кескен «Азиякерамик» кәсіпорны мен томат зауытының неге тоқтап тұрғанын арнайы сұрап, оны тез арада қайта ашу туралы тапсырма берген. Төрт жыл бойы өлі тыныштықты бастан кешіріп тұрған «Азиякерамик» кәсіпорнына инвестор іздеу жұмыстары осыдан кейін жеделдетілді. Ақыр аяғында зауыт сатылып кетті. Сол жылдың қазан айында Тұяқбаев Арыстағы томат зауытын аштық деп жұрттан сүйінші сұраған. Алайда кәсіпорынның түтіні бәрібір түзу ұша қоймады.
Бұл жерде біздің айтпағымыз не? Бәлкім Бадамдағы трактор зауытын салуға қазынадан бір тиын да шыққан жоқ, қиындық дегеніңіз барлық кәсіпорында болады, қазір нарық заманы дейтін шығарсыз. Иә, рас, бірақ дәстүрге айнала бастаған телекөпір барысында ашылып, мемлекеттің басшысына үлкен қуаныш сыйлаған зауыттар елді қуанта алмаса, көпке жәрдемін тигізе алмаса оны неге айтпасқа? Осындай тұзы жеңіл кәсіпорындарды қайта түлету үшін міндетті түрде Елбасының өзі қайта тапсырма беруі тиіс пе? Осыдан төрт жыл бұрынғыдай, Шымкентке келіп, Сапарбек Тұяқбаевты орнынан тұрғызып, «трактор құрастыру зауыты не болды? Кезінде ішінде кондиционері бар, батпаққа тығылмайтын техника болады, бүкіл Қазақстанның шаруасын қарық қыламыз деген едіңдер? Сол зауыттың қазіргі жағдайы қалай?» деп сұрауы тиіс па еді?
Трактор құрастыру зауыты облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметовтың кезінде жүзеге асқан жоба. Телекөпірге осы зауытты ұсынған да соның өзі екендігінде күмәніміз жоқ. Трактор зауытына деген қызуғышылықтың суығаны, ықыластың азайғаны бәлкім Мырзахметовың қызметінен кетіп қалғанымен байланысты ма екен? Әйтеуір бір әкімнің істегенін бір әкім іліп әкетпейтін жаман әдетті қоятын кез жетті емес пе? Біздің айтпағымыз осы ғана.
Сонымен трактор құрастыру зауыты не болды Сапарбек Құрақбайұлы?
Мұрағаттан, 2016 ж