Жақып Бөкенбаев зейнеткердің жұмбағын шеше ала ма?
Отырар ауданының зейнеткері Бекбатыр Айменов жұмбағын шешкен адамға 1 миллион теңге бермекші. Ол құрылысшы күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласында өткен көрмеде өзінің жобаларын облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев бастаған атқарушы билік басшыларына таныстырып, оларға мынандай есеп берді.
"Бір күйген кірпіш жай тұрғанда ауыр салмақты көтере алмайды, езіліп кетеді. Ал құрылыстағы кірпіш үстіне дәл сондай мың кірпіш қаланса да неге үгітіліп кетпейді? Осы жұмбақтың шешуін тапсаңыз, бір миллион теңге санап беремін" деді зейнеткер облыс әкімінің орынбасарына.
Бекбатыр Айменовтың өзінің айтуынша, жасы 75-те. Зейнетке шыққанға дейін шаруашылықпен айналысқан адам. Балаларын жоғарғы оқу орындарына түсіру үшін емтиханға даярлау барысында физика, геометрия пәндеріне қызығушылығы арта түскен. Содан бері өз бетінше тұрғын үйлердің сызба-жобаларын жасауды хоббиіне айналдырыпты. Көрмеге алып келген қос жобасы да көпшіліктің назарын аударды. Оның бірі баспалдақтары жоқ цилиндр пішіндес көпқабатты тұрғын үй болса, екіншісі - үлкен қалаларда күн энергиясымен қозғалатын аспалы жол көліктерімен жолаушылар тасымалдау. Алайда 100 қабатқа дейін баспалдақсыз үй салуға болатынын дәлелдеуге ұмтылған ақсақал әзірге жобаларының құрылысына қанша қаражат кететінін айта алмады. Ол үшін алдымен жасап көру керек болып тұр.
Сондықтан шығар, билік өкілдері Б.Айменовті тыңдағаны болмаса, ешқандай кесімді ой айтқан жоқ. Ал, оның жұмбағын Б.Атамқұловтың құрылысқа жауапты орынбасары шеше ала ма, жоқ па, бұл жағы бізге беймәлім...
Мұрағаттан, 2016 ж