Мемлекеттік қызметкерлерде бедел бар ма?

Oinet.kz 09-08-2019 1008

Screenshot_16.jpg

Мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекесін атап өтуде. «Кадр бәрін шешеді» дейтін тәмсіл әлі де маңызын жойған жоқ. Әр аймақтың тұрғындары алды¬мен әкімдерінің және оның командасының іскер¬лігінен үміт күтеді. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің 48 пайызы әйелдер, орташа жас - 35-ті құрайды екен. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жұмыс істей бастаған сәттен мемлекеттік аппаратқа орналасу тартымдылығы айтарлықтай көтеріліп, 1 бос орынға үміткерлердің саны біршама өскен. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік органдар қатарындағылар 5 есе артқан. Ал адамдардың мемлекеттік қызметтен кету деңгейі 2 есеге жуыққа қысқарыпты. Бұл Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов келтірген деректер.

Мемқызмет саласында бірқатар реформалар жүргізілгені мәлім. Қайсыбірін айтайық, «А» мен «Б» корпусы пайда болды, оған өту үшін сынақтар өткізілді. Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Қазаққа беймәлімдеу термин болғанымен, мағынасы мен мәні көңіліңе қонымды меритократия ұғымы қолданысқа енді.  Яғни, неғұрлым қабілетті үміткерлерді іріктеп, әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық ауқаттылығына қарамастан басқарушы орындарды ең қабілетті адамдардың иеленуі қамтамасыз етілуі тиіс. Жеке тұлғалық жетістіктері арқылы мемлекеттік қызметке келген кәсіби даярлығы жоғары мамандар жұмысқа тұрып, істей алатын болды. Сөз жүзінде бәрі жақсы өзгеріс-ау, ал ол талаптардың іс жүзінде сақталу- сақталмауы бөлек әңгіме. Әйтсе де, бүкіл командасын ертіп келетін, жергілікті кадрды емес Елордадан шақырғанды жөн көретін, оқудан кейін жайлы кабинеттен шықпаған, елдің жағдайын жете білмейтіндерге таңдау жасайтын басшыларды көрген жұрт әлгі меритократияңызға күмандана қарайды. Мысалы, Оңтүстікте облыстық әкімдіктегі кейінгі кадрлық өзгерістерге көз жүгірткен жұрт солардың арасында, тым болмаса ауыл-ауданда бір ай істеп келмеген жауапты мемлекеттік қызметшілердің барын біледі. Облыс басшысы ауысқанда бір топ қызметкерлердің «соңынан ере кеткендерін» де, жаңа басшыны «жағалап келгендердің» де барынан хабардар. Келгендердің кейбірінің қызметі кіші болғанымен сөзі ірі, әрі өтімді екенін айтушылар да аз емес. Яғни, жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметте көп оңды өзгерістер жүзеге асуда дегенге «қарға тамырлы қазақты» сендіре қою әзірге қиындау болып тұр.

«Отыздан асқанда  орда бұзғандар»

Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов мырза мәлім еткендей мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы-35, яғни, мемлекеттік аппарат жасара түсуде. Ал сол жастар сенімді қалай ақтады немесе ақтауда?  Жоғарыдан бастап, бірқатарына тоқталсақ. Жүрісінен жаңылып, «аузынан авария» болған, 35 жасында  еліміздегі ең жас министр атанған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов «патамушто» деген лақап атты арқалап, қызметімен қоштасты. Яғни, артылған міндетті атқара алмады. Жас министр зейнетақы реформасын халық арасында насихаттауда мүлт кеткен болатын. 

Еліміздің қаржы және экономика саласын басқарып үлгерген Ерболат Досаев алғаш рет министрлік креслоға 33 жасында отырыпты. Қаржы министрі болып 1 жыл қызмет атқарған Е.Досаевты Денсаулық сақтау министрі болады деп ешкім ойламаған еді. Алайда, ол басқарған министрлікте 250 миллион теңгенің тиімсіз және мақсатсыз пайдаланылғаны мәлім болды. Дегенмен, оның қызметтен кетуіне Оңтүстік Қазақстан облысында 149 баланың ВИЧ жұқтыруы себеп болғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Жылдар өте экономика саласына министр болып Үкіметке қайта оралған Е. Досаевты жер мәселесі жайлы орынды тағы да босатуға мәжбүр етті. Ал, 33 жасында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болған Қайрат Келімбетов  Премьер-министрдің орынбасарына дейін көтеріліп барып, төмендеді. Қызметте ұзақтау отырған Әсет Исекешев 38 жасында индустрия және сауда (қазіргі инвестиция және даму) министрі болып тағайындалды. Содан бергі жеті жылда орнынан мызғымаған оның құрғақ уәдеге құмар екенін айтушылар көп. Қаншама жобалар жұртқа жария етіліп, тіпті кейбірі салтанатты түрде ашылғанымен жүрмей қалды. Ісінен сөзі басымдау министр шілденің басында Елбасы алдында есеп беруі тиіс еді. Алайда, ол күні кеше басқа қызметке ауысып кетті, яғни Астана қаласына  әкім болды. 39 жасында білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіповтің әлсіз басшы болғанын «бетке басушылар» бар. 36 жасында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болған Бақыт Сұлтанов (бүгінде Қаржы министрі) кезінде  бюджеттің игерілмеуі, мемлекеттік бағдарламалардың іске аспауы сынды кемшіліктері бойынша сыналған-ды. Қуандық Бишімбаев та 36 жасында Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Дегенмен, «болашақтық» Бишімбаев елге оралған соң банк саласында да, өндірісте де жұмыс істеді. Ел тарихындағы ең жас вице-министр атанды, 2006 жылдары вице-премьер К.Мәсімовтың көмекшісі де болды. Ал, 2009-2010 жылдары Президенттің көмекшісі қызметін атқарды. Яғни, бұған дейін бірқатар жауапты қызметтерді атқарып, елге танылып үлгерген-ді.

Кабинеттік шенеуніктер ауданға, ауылға жіберілсе...

Оңтүстікке оралсақ. Маусым айының басындағы мәлімет бойынша, облыста мемлекеттік органдарда 638 бос лауазымдар бар екен. Осыншама орынның бос тұруы мемлекеттік қызметке деген қызығушылықтың жоғын немесе лайықты азаматтардың азын білдірсе керек. Өткен жылы тест тапсырған 4 мыңға жуық үміткерлердің 65 пайызы шектік мәннен төмен баға алуы да көп жәйтті аңғартады. «Айлығы аз, талап жоғары» деп санайтындар да, мемлекеттік қызметті күнкөрістің көзі деп қарайтындар да  табылар. Дегенмен, мемлекеттік қызмет бойынша жалпы штаттық саны – 8730 бірлікті құрайтын облыста 8092 маман жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, жастарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту мақсатында «Алтын қор» кадрлар резерві жасақталған. Биыл жоғары оқу орнын үздік бітіретін 70 студент ОҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында кадрлар резервіне іріктелмек. Оңтүстікте де жастардың өсуіне мүмкіндік жасалуда. Бұл орайда олардың халықпен жұмыс істеу тәжірибесі, елді мекендердегі жағдайды жақсы білу-білмеуі ескерілуі тиіс те еді. Өйткені, әлеуметтік жағдайды жіті қадағалап, күрделі мәселелердің алдын алып отыру билік үшін бүгінгі таңда маңызды. Жұрттың наразылығын тудырып, шеруге шығаратын жағдайға жеткізбеу үшін халықпен жұмыс істей алатын, сөзі өтімді де тәжірибелі қызметкерлердің басым болғаны уақыт талабы.

Оңтүстікте де жастардың жауапты да лауазымды қызметтерді атқаруына мүмкіндік берілуде. Әзірге іскерлігімен немесе бедел-біліктілігімен ел аузына іліккен бірін де байқамадық. Кабинеттерінде «шыңдалып» жатқан оларды облыс тұрғындары танымауы да мүмкін. Мүмкін мықты маман болар, бірақ ел назарындағы мәселелерге қатысты өз көзқарасын, пікір-ойын айтқандарын аңғармадық. Айтуға міндетті де емес шығар, дегенмен... Облыс әкімі аппаратында жастардан кімдер бар? Облыс әкімінің орынбасарлары арасында ең жасы Сапарбек Тұяқбаев екен. 37 жастағы С.Тұяқбаев мамандығы бойынша халықаралық қатынастар бакалавры, гуманитарлық ғылымдар магистрі. Ілгеріде облыстағы индустриалдық аймақтардың жұмысы бойынша сыналған С.Тұяқбаев өзінің 450 мың теңге, әйелінің 150 мың теңге айлық алатынын да айтып салған-ды. Тіпті, үстіндегі кәстөмі 80 мың теңге тұратынын, Астанадағы пәтерін жалға бергенін, ал Шымкентте пәтер жалдап тұратынын да журналистерден жасырмады. Пәтерді көбіне уақытша тұрақтайтындар немесе баспана алуға жағдайы келмейтіндер жалдайтынын ескерсек, С.Тұяқбаевтың қайсысына жататыны беймәлім.  Жалпы облыс әкімінің орынбасары өзге әріптестеріне қарағанда танымалдылығы басымдау мемлекеттік қызметкер. Ал, облыс әкімі аппаратынан жұрт таниды-ау деген жас маманды атай алмаймыз. Әрине, қызметке жаңа келген жастардың жұртқа танылуына, өзін көрсетуіне уақыт та керек. Аппаратта отырғандардың не жұмыс атқаратыны да көпшілікке беймәлім. Облыс әкімі аппаратының басшысы, мамандығы бойынша  – заңгер, экономист 35 жастағы Еркеғали Әлімқұлов бұған дейін де бірқатар қызметтерді атқарыпты. Ауыл-аудан, өндіріс –шаруашылықта істеген жоқ демесеңіз кеңсенің жұмысын біледі. Оның орынбасарларының бірі 36 жастағы Ақберен Елгезекті ақын ретінде танитындар баршылық. Алматы қаласында туылған, мамандығы бойынша біліктілігі – тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы А.Елгезек журналистикаға да жақын. Кезінде «Ұлт» порталын ашып, жүргізген. Аппарат басшысы орынбасарларының тағы бірі 35 жастағы Әсет Байсынов  «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» аясында кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселелерімен айналысатын болады. Біле жүріңіз. Ал Ұлыбританияның Imperial College London жоғары оқу орнын және АҚШ-тың Дьюк Университетінің Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебін тәмәмдаған 33 жастағы Нұрлан Кеңесов облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары ретінде жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін арттыру мен халыққа қызмет көрсету мәселелерімен айналыспақ. «Отызында орда бұзғанымен» кеңседен шықпайтындардың «қырқында қамал алатынына» күмәнданушылар да, «қолдаушысы» аман болса көлеңкесінен қалдырмай ала жүріп «өсіретінін» айтушылар да жоқ емес. Еңбекқор, ізденімпаздары аппаратта «отырып қалмай», жоғарыға талпынатыны және мәлім. 

Астанадағы кешегі ауыс-түйістер елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайды, соңғы кездердегі оқиғаларды екшеп-саралағаннан соң туындаған шешім де болар. Соңғы кездері еліміздегі заңдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын күшейту туралы ұсыныстар айтыла бастады. Бұл орайда, үкіметтің қазір болмаса кейін әлеуметтік толқуға негіз болуы мүмкін заңдарды немесе экономикалық бағдарламаларды сараптау бойынша жұмысты күшейткені де маңызды. Сондай-ақ, шенеуніктердің жан-жақты ойланбай шығарған шешімдері мен әрекеттері де әлеуметтік ахуалды шиеленістіре түсуі ғажап емес. Яғни, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтегілердің халыққа мейлінше жақын болғанын қалайтындар көп.

Еркін Досымбай,

Мұрағаттан, 2016 ж

Нығматулин, Жақсыбеков, Исекешев... Ақордадағы ауыс-түйістердің астарында не жатыр?
Дариға Назарбаева дап-дайын президент
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу