Нығматулин, Жақсыбеков, Исекешев... Ақордадағы ауыс-түйістердің астарында не жатыр?

Oinet.kz 09-07-2019 933

Screenshot_14.jpg

Осы аптада Астанада болған кадрлық ауыс-түйісті тосын деуге келмейді. Жерге қатысты наразылықтар мен Ақтөбедегі терактіден кейін және билікті басып алмақ болған ұйымдасқан топтың әрекеті Ақордадағы биік астаудан ас ішіп жүргендерді  «қай жерден қателік жібердік?», «енді не істеу керек?» деген ойға жетелегені айтпаса да түсінікті. Ал мұның соңы кадрлық ауыс-түйіске апарары белгілі. Неге екенін кім білсін, ақпарат құралдары Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин  Мәжілістің спикерлігіне қарай жылжып, ал оның орынтағын  Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков алмастыратынын алдын ала айтты. Жақсыбековтың орнына Исекешевтің тағайындалатынын сол күні-ақ Мәсімов үкімет отырысында білдіріп қойды.  Артынша бәрі айны-қатесіз тура келді. 

Бір айта кетері, Әділбек Жақсыбеков пен Нұрлан Нығматулиннің карьерасында көп ұқсастық бар. Нұрлан Нығматулин Әділбек Жақсыбековке екі мәрте орынбасар болған. Біріншісі Астананың әкімі болғанда, екіншісі Президент әкімшілігінің жетекшісі кезінде. Екеуі де Президент әкімшілігін басқарған, екеуіне де «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымы жүктелген.  Екеуі де Мемлекеттік хатшы болған (рас Нығматулин бұл қызметті уақытша атқарды).

Ал ойламаған тұста Мәжілістің төрағасы тізгінінен айырылып қалған Бақтықожа Ізмұхамбетов жылы орнымен неге ерте қоштасты, ол кімге ұнамай қалды? Бұл ауыс-түйістің ең тосындау тұсы осы.   Ізмұхамбетов бір емес екі облысты басқарған әкім. Министр болған. Ол 2012 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде  Мәжіліске «Нұр Отанның» атынан сайланды. Мәжілісте көп депутаттың ішінде қалып қоймай төменгі палата төрағасының орынбасары қызметіне қонжиды. Бірақ сол жолы Ізмұхамбетовтың вице-спикерлігі 7-8 айға ғана созылып, Атырау облысына әкімі болып кетті.   Биыл ол Атыраудан қайта Астанаға бет түзеп,  Мәжілістің төрағалығына сайланған. Спикерліктің қызығын Ізмұхамбетов үш ай ғана көрді. Бұл жолы Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне кетті. Не үшін? Рас, Ізмұхамбетов қылшылдап тұрған жігіттік шақта емес. Келер жылы жетпіске толады. Мұндай жастағы шенеунік-шалды ардагерлер кеңесіне жіберу қисынды дүние. Егер солай дұрыс десек, оның кандидатурасын спикерлікке өткізу не үшін қажет болды? Әлде Ізмұхамбетов бірдемені бүлдіріп қойды ма? Жоқ, гәп Ізмұхамбетовте емес, гәп қалыптасқан жағдайда болып тұрған сияқты. Жерге қатысты наразылық, Ақтөбедегі жағдай сөз жоқ, биліктің беделіне әжептәуір нұқсан келтірді. Ішкі бірлік пен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екендігін көрсетті. Мұны Президенттің өзі растап берді. Нығматулиннің кандидатурасын спикерлерікке ұсыну барысында Елбасы:   «Ол Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Соңғы жылдары Мәжілістің V шақырылымын басқарып, көбіңізбен бірге еңбек етті. Оның Президент Әкімшілігіндегі екі жарым жыл істеген қызметі Президент сайлауы, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы сияқты қауырт саяси кезеңдерге сәйкес келді. Еліміз үшін ауқымды саяси жұмыстар жүргізілді. Сайлаулар жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып, жақсы бағаға ие болды. Халқымыз ынтымағын көрсетіп, бізді қолдады. Сондықтан жұмысты одан әрі жалғастыруымыз қажет» - деді. Яғни, Нығматулинді Мәжіліске оралтуының арғы жағында Парламентке деген халықтың сенімін оралту жатыр.  Мұны бір деңіз. Екіншіден, Президент әкімшілігінде өткен жиында Елбасы Нығматулиннің Парламент сайлауларын жоғары деңгейде ұйымдастыра білгенін, осы кездері халықтың ауызбіршілік көрсеткенін атап өтті. Президент әкімшілігінің үлкен күш екенін, елдегі саяси жағдайды толығымен бақылауында ұстайтынын осы сөздерден кейін-ақ түсіне берсеңіз болады. Алайда соңғы айларда болған жағдайлар Президент әкімшілігіне Нығматулиннен де мықтырақ адам баруы тиістігін айқындап берді. 

Мәжілістің төрағалығына Нұрлан Нығматулин осыменен екінші қайтара келді.  Бірінші төрағалығы несімен есте қалып еді? Екі жәйт есімізге түсіп отыр.  Біріншісі- ақпарат құралдарында Елбасының мұрагеріне қатысты тақырыпты талқыламау туралы хат жолдағаны. Президенттің орнын басуы мүмкін кандидаттарды іздеу, болжам айту қисынсыз, арандату деді. Бұдан «саяси кроссворд жасамаңыздар» деді. Осынысымен Нығматулин Елбасыға шын берілген адам екенін дәлелдегісі келді. Екіншісі, Сәке, Мәкеге қатысты. Министр Досаев залда отырған депутаттардың біріне «Уәке» деп сөз бастағаны сол, Нұрлан Нығматулин «Сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын, сіз мынау ұлттық сипаттағы комплиментіңізді дастархан басында айтыңыз, депутатқа тек аты және әкесінің атымен өтініш білдіріңіз» деп, шарт ете қалғаны бар.  Нығматулин өте ресми адам саналғанымен, оның шенеуніктік амбициясы да жоқ емес. Кландар туралы сөз айтылса, Нығматулин де соның ішінде жүреді. Серік Ахметовтың істі болуын Нығматулинмен байланыстыратындар да бар. 

Әділбек Жақсыбеков Астана астана болғалы оның тұңғыш әкімі қызметін атқарған. Бақандай алты жыл. Астананы облыс орталығынан мемлекеттің ордасына айналдырған азамат.  Жақсыбеков биліктің барлық дерлік баспалдығынан өткен.  Елбасы оны 2014 жылы Астананың мэрі қызметіне қайта алып келді. Идея бойынша ЭКСПО дәл осы Жақсыбековтың басшылығымен өтуі тиіс еді. Алайда жағдай күрт өзгерді. 

Осы аптада болған тағайындаулар туралы пікір білдірген белгілі саясаткер Петр Своик: 

-Еуропа елдерінде бизнес пен билік екі бөлек дүние. Бізде мұндай бөліну жоқ. Билік қайда болса, бизнес те сонда. Еуропада саяси бастамалар партиялардан шыса, бізде Президент әкімшілігінен басталады. Бізде шын мәнінде ешқандай партиялық институт деген жоқ, бәрі баяғыша кландық, жүздік, трайбалистік формада өтіп жатады,- депті. Мұнымен келіспеуге болмайды. Әділбек Жақсыбековты жаңа ұжымымен таныстыру барысында мұны Президенттің өзі де шет жағалап айтып қалды. 

-Аппараттың басшысы деген Президент үшін өте маңызды. Өте сенімді, өте білгірлікті қажет ететін қызмет. Сондықтан Әділбек Рыскелдіұлын қайтадан қайтаруды ойладым. Біраз уақыт істеп кетті. Министр болды, ар жағында елші болды. Барлық жағынан өте тәжірбиелі, салмақты, бөліп жармайтын адал қызмет істейтін адам керек болды,-деді Елбасы.  Жақсыбековтың тәжірибесі мол, амбициясы жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмайды. Оның әлдебір кланның құрамында жүргені туралы әңгімелер айтылған емес. Осы қасиеті мейілінше маңызды роль ойнайды. Жақсыбековтың кандидатурасы кландардың бәріне жағады, яғни таразы басын тең ұстауға мүмкіндік береді. Өйткені халық толқыса өйтіп-бүйтіп сабырға шақыруға болатын шығар, Құдай кландардың толқуынан сақтасын. Кландар өзара қырқысса, төңкерістің көкесі сонда болады деген сөз. 

Жақсыбековтың орнын басқан Әсет Исекешев үшін бұл үлкен секіру. Кейбір елдерде Астананың мэрі президенттен кейінгі лауазым саналады. Рас, Исекешев Астананың экс-әкімдері  Жақсыбеков, Шөкеев, Тасмағамбетовпен иық тіресе алатын кадр емес. Бірақ жаңа қызмет қырықтан енді асқан Исекешев үшін өте үлкен мүмкіндік. Өйткені әкім болудың, оның ішінде елорданың әкімі болудың жөні қашанда бөлек.  Исекешевтің бұған дейін әкім болып көрмегенін айтушылар да табылып жатыр. Алайда ол тәжірибеге келгенде қара жаяу емес. Екі мәрте вице-премьер болған. Министрліктің тізгінін  ұзақ жыл ұстады. Өзін жаңа заман ағымына сай келетін шенеунік ретінде көрсетті. Айтқандай, Исекешевтің отандық киім киіп, отандық көлік мініп,  өз тауарларымызды жарнамалағанын жақсы білеміз. 

Әсет Исекешев Астананы басқаруға кіріскен  жетінші әкім. ЭКСПО-ны өткізу бақыты осы жетінші әкімге бұйырайын деп тұр.

Әсет Исекешевтің орнына Инвестиция және даму министрі болып Жеңіс Қасымбек тағайындалды.  Ол 2009 жылдан бері - Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы болып істеп келген. Әкесі Махмұд  Қасымбеков уақтысында  Президент Кеңсесінің бастығы қызметін атқарған.

Сарапшылар ауыс-түйіс мұнымен тоқтамайды, ол Астана күніне дейін жалғаса береді деп отыр.  

Б.Әбдірашұлы, 

«Рейтинг» газеті №24-25, 23 маусым 2016 жыл

Оңтүстікті басқарған тоғыз әкім туралы
Мемлекеттік қызметкерлерде бедел бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу