Оңтүстікті басқарған тоғыз әкім туралы

Oinet.kz 09-08-2019 1274

Screenshot_6.jpg

Фотода Зауытбек Тұрысбеков. Фото - Азаттық радиосынан алынды

–Өзіңіз әкімшілік басқару жүйесі басталған 1992 жылдан 2008 жылға дейін, яки зейнеткерлік жасқа толған күніңізге дейін мемлекеттік қызметте жүрдіңіз. Облыс басшыларына «ғалым әкім», «жалын әкім», «алым әкім», «арын әкім» деген сияқты аттар қойып, баспасөзде әзіл-шыны аралас жаздыңыз да. «Ақтолғай» атты кітабыңызда әкімдік жүйе жықпылдары туралы біраз нәрселер бар. Осы Оңтүстікті басқарған әкімдер хақында нендей пікірлер түйдіңіз? Білуге бола ма?

– Облыстың алғашқы әкімі, «ғалым әкім» Марс Үркімбаев жаңадан құрылған ішкі саясат бөлімін басқаруға шақырды. Нағыз ғылым қонған. Ғылым тапқан, адал да аңғал, ырың-жырыңды, күншілдік-кекшілдікті жақтырмайтын, жаңашыл, ізгі де ізденімпаз, рыноктық қарым-қатынасқа қатты берілген, селкеусіз сенген басшы еді. Тәуелсіздікке қуанғанынан-ақ жұрт түгелдей тазарады деп ойлайтын. Тәртіпке түседі деп имандай иланатын. Нарықтық нақтылы серпілістерге, серпінді секірістерге негізделген жаңаша жолдар, бастамашыл бағдарлар ұсынды. Бірақ біреуі түсінді, екеуі түсінбеді. Оңтүстігіңіздің керемет қасиеттері көп бола тұра тұңғыш әкімнің тосындығын тосырқады. Жаңашылдығын жатырқады. Жоғары интеллектілігін, биік мәдениетілігін толыққанды қабылдай да, бағалай да білмеді. Тезірек кетірмекті күйттеген күштер көбейді.

«Жалын әкім» Зауытбек Тұрысбеков күрмеулері көбейе түскен кезенейлі кезеңдерде қиын түйіндерді шеше білді. Көбін шешпесе-дағы, шеберлікпен, шешендікпен шегіндіре білді. Сөзбен демеді, уәдемен жебеді. Жалындап көрінді. Ештеңеден ерінбеді. 

 «Алым әкім» деп алғашқы бастамалары аса құптарлықтай көрінген Қалық Абдуллаевты атағанбыз. Өкінішке қарай, олқы-толқы тұстарға жеткілікті назар жықпады. Қиын түйіндері шиеленіскен уақыт та кедергілерді көлденең тартып, өңірдегі басшылығы ұзаққа бармады. 

  Бердібек Сапарбаев сынды саңлағыңызды «арын әкім» деп атағанбыз. Адымдасы да, қадамдасы да, қол сермесі де, екпіні де аса арындытұғын. Тыным таппайтын. Тыныш отырмайтын. Орасан іскер боп бұйырды. Облысыңызға. Газ мәселесіне де, жарық жөніне де, жалақы жағына да, зейнетақы хақына да етене еніп, бетпе-бет белдесіп, жүзбе-жүз айқаспақтан арындығын аямады. Сапарбаев жөнінде кейінірек те жазғанбыз. Шығыс Қазақстандағы тасқынға тосқын қойғанын қаламға арқау еткенбіз.

Болат Жылқышиевіңіз де жап-жақсы, жан-жақты, парасатты басшы бола білді. Жазушы тұлғаның текті перзенті ретінде тірліктері, ізгілікті істері мен ізденістері аз емес. Шымкентіңіздейін шаһарыңызға басшылар тағайындауда жіберген кей кемшіліктері ғана опыныстарға ұрындырды. 

«Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген Қалтай Мұхамеджановтың қағидасын қайта қанаттандырған, Шымкентіңізді шымға бөлеп, гүлге орап, көкжелекпен көмкермекке құлшынған Өмірзақ Шөкеевіңіз бізден тез көтеріліп, жылдам биіктегенін білесіз. 

   Мінезі мінәйі, өлең оқуы «шынайы» шығатын, «командалық» әдіске беріліңкіреген Нұрғали Әшіміовіңіз «жылы жақтағы жетінші әкім жылы жымияды» деген атпен Астанаға аттанған. 

Сегізінші әкім Асқар Мырзахметов талапшылдық пен талдамалықты берік ұстай білді. Алғашқы жылдан-ақ «кетеді екен, көтерілетін көрінеді» деген сөздер шығып, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумынынң бес жылдығында, Түркістан шаһарындағы жиында әзілдеп, «Асқар Исабекұлы, сізді кетеді-кетеді деп, бес жылға толтырдық қой. Жалпы жеті деген жақсы сан» дегенбіз. Біз. Кейбіреулер «Құтыла алмай жүрсек, тағы екі жылға создыңыз ғой» деп ренжіген. Ақыры жеті жылға жуықтап барып, жоғарылады. Өзге өрелі істерін айтпағанда «Даңқ» мемориалы, Тәуелсіздік саябағы, «Қазына» этномәдени-тарихи кешені, жаңа әкімшілік және іскерлік орталығы, тағысын тағы толып жатқан тірліктеріне, әсіресе, аяулы Асқаров аялаған, бәзбір пысықтар әдейі тоздырып, талан-таражға салып, бөлшектей иемденіп алғысы келген дендросаябақты дертінен біржолата айықтырған Асқар Исабекұлының іскерлігіне ел разы. Рас, Жұмат Шанин атындағы театрдың жаңа ғимаратынан, облыстық «Отырар» кітапханасынан жөнсіз үнемделіп, жосықсыз қысқартылған қаржыларға байланысты кілтипандар көзге көрініп, көңілге кірбің түсіретінін де жасыра алмайсыз. Әттең-ай, өзге жақтардан қысса-дағы, құрылысшылар қасиетті өнер ордаларын қыспаққа алмауы керек еді ғой. Дейтіндер күрсінеді. Қазіргі кездері.

Тоғызыншы әкіміңіздің келгеніне тоғыз ай толып, оныншы айыңызға аяқ басып үлгеріпті. Инновациялық, инвестициялық ізденістер молайып, кәсіпкерліктің көкжиектері кеңейіп келеді. Шымкент шырайлана, аудандар мен ауылдар райлана түспек. Әрбір ауданның нақтылы немен айналысатыны анықталды. Жер жағдайы сараланды. «Қазығұртkz» журналы қайтадан қалыңдатылып шыға бастады. Бейбіт Атамқұловтың көмегімен. Осы басылымның тапсырысымен біз тоғызыншы әкіміңізден сұхбат алдық. Көп жобалардың жасалып жатқанына көз жеткіздік. «Әдебиет әлемі» кешенін салуды көздеп отырыпты. Жаңа басшы. Онда «Әдебиетшілер үйі», «Ақын-жазушылар аллеясы» орналаспақшы. Жақсы мұқабамен, жаңаша дизаинмен Оңтүстік ақын-жазушыларының таңдамалы туындыларынан құралған 100 томдық жинақ шығарылмақ. Несі бар, жан жадыратарлық жаңалықтар ғой. Қуана құптадық. Қазжазодақ филиалының директоры Бақытжан Алдияр бас редактор  болып табылатын «Қазығұртkz» журналының алғашқы санына тоғызыншы әкіммен әңгімемізді «Сөз бен іс: сындарлы сұхбат» деген айдармен жарияладық. Ең басты мәселе сол сөз бен істің алшақтамауында ғой. Біле білсек. Сөз бен істің арасы, халық пен биліктің арасы алыстамаса деген ниеттеміз біз-дағы.

(Осы сейсенбіде, 2016 ж, 21 маусымда жарық көрген «Жас Алаш» газетінен ықшамдалып алынды)

Тұяқбаев не дейді, Тұрбеков пен Т. Елғонов не дейді?
Нығматулин, Жақсыбеков, Исекешев... Ақордадағы ауыс-түйістердің астарында не жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу