Жақсыбеков «Цеснабанктен» айырылуы мүмкін
Отандық банктердің жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқаны бұған дейін талай рет жазылып еді. Коммерциялық қаржы институттарына қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік бюджеттен оқтын-оқтын қыруар ақша бөлініп отыратынына ел-жұрттың да еті үйренді. Әуелгіде «мемлекет неліктен жекеменшік банктерге қол ұшын созып, қарыздарын жауып отыруы тиіс?» деген сауалдар қойылғанымен, нақты жауап алынбады. Сөйтсек, банктеріміз бұрын-соңды болмаған пайдаға кенеліп, барған сайын «семіру үстінде» екен.
Атап айтқанда, биылғы жылдың алғашқы 10 айында банктердің табысы 27,7 триллион теңгені құрапты. Оның ішіндегі таза пайда 566,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл соңғы бес жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,4 пайызға артық екен. 2018 жылдың толық мәліметін бірнеше айдан соң білетін боламыз.
Жалпы, қаржылық секторда жұрт түсіне бермейтін түрлі процестердің жүріп жатқаны рас. Мәселен, талай жыл бойы үздіктердің қатарында саналып келген «ҚазКоммерцбанктің» аяқ астынан күрт нашарлап шыға келгені тосын жаңалық болғаны рас. Ақыры ол «Халық банкінің» құрамына кіріп тынды.
Сарапшылардың айтуынша, биыл елдегі банк секторында түбегейлі өзгерістер орын алуы тиіс болатын. Болжамға сәйкес «ХалықБанкі» мен «Қазком», Capital банк пен Тенгри банк, «Цесна банк» пен «Центр Кредит», сондай-ақ «RBK» мен «Qazaq банкі» өзара бірігіп, отандық қаржылық жүйенің жаңа конфигурациясы қалыптасады деп күтілген. Бәлкім, «Астана банк», «Эксимбанк» пен «Qazaq банкі» секілді қаржылық құрылымдардың төңірегіндегі жайсыз оқиғалар осы үлкен сценарийдің құрамдас бөліктері болар. Бұдан біраз бұрын «Цесна банктің» «Центр Кредитпен» бірігетіні жайлы болжамдар таралғанымен, сценарий жүзеге аспады. Дегенмен, «Цеснаға» қатысты жыр мұнымен бітпейді. Сарапшылардың пікірінше, көп ұзамай бұл қаржылық ірі ұйым «Халық Банкінің» қарамағына өтуі ықтимал. Әйтпесе, кезінде «Казкомда» басқарма төрағасы қызметін атқарып, осы ұйымның «Халық Банкімен» қосылу процесіне басшылық еткен Ульф Вокурканың аяқ астынан «Цеснабанк» АҚ басқарма төрағасы болып шыға келуін, «Қазкомда» басқарма төрағасының орынбасары болған Ұлан Байжановтың «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшелігіне өтуін немен түсіндіресіз? Қалай десек те, бұл оқиғалар «Цесна» корпорациясының қожайыны, күні кеше ұлттық элитадағы ең беделді фигуралардың бірі болып саналған Әділбек Жақсыбековтың бұрынғы ықпалынан айырылуының салдары ретінде қабылдануда. Жақсыбеков үшін банктен айырылу – бұрынғы ықпалы мен беделінің соңғы тірегінен айырылу іспетті.