«Мақтаралға ұялмай қалай келіп отырсың?»

Oinet.kz 01-07-2019 1035

Screenshot_7.jpg

Осы аптада Оңтүстікке ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков келіп, Мақтарал ауданындағы шаруашылықтарды аралады, мақта жөнінде жиын өткізді. Министр облыс әкімі Бейбіт Атамқұловпен бірге өңірде биоагент өндіретін ірі кәсіпорын «Биофабрика-Жетісай» ЖШС-інде болды. Бұл кәсіпорын жылына 50 мың гектарға алқапқа жететін биоагенттерді өндіре алады.

 «Рейтинг» газетінің көзі қарақты оқырмандарының есінде шығар, мақта зиянкестерімен күресте денсаулыққа зардабы  көп улы химикаттан бас тартып, биотәсілге көшуді ауданның құрметті азаматы, қадірменді қариясы Елемес Сабыров ұсынған. Қария өзінің бастамасын жүзеге асыру үшін Астанадағы Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Парламентке көп шапқылады. Ақыр аяғында талап-тілегінің дұрыстығын дәлелдеп, Үкіметтен ақша бөлінді, Мақтаралда биофабрикалар салына бастады. Бірақ Астанадан, облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапқан биотәсілге Мақтарал ауданының сол кездегі әкімі Серік Тұрбековтің қырын қарап, түрлі кедергілер жасағаны, ең ақыры жиналыстың хаттамасындағы мәліметтерді бұрмалауға дейін барғаны, онысы сот арқылы әшкерленіп, масқарасы шыққанын біз бұған дейін де жазғанбыз. Қызығы сол, шаруаларды осылай шулатып жүрген  Серік  Тұрбеков жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. А.Мамытбеков Мақтаралдағы биофабриканы аралаған кезде Серік Тұрбековтың өзі де жүрген. Осы сапар барысында оған Елемес ақсақалдың ауыр сөздер айтқаны туралы әңгіме қазір ел ішін кезіп жүр. Бізге осы әңгіменің анық-қанығын ақсақалдың өзі телефон арқылы айтып берді. Ол былай деді:

-Бұл өткен аптада болған оқиға. Ералиев ауылдық округінде мақта шаруашылығына қатысты семинар өтеді, оған облыс әкімі қатысады деген соң арнайы барғанмын. Облыс әкімі келмей қалды. Оның орнынына ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, өзімізге жақсы таныс Серік Тұрбеков келген екен. Мен сол жерде сөз алып, Тұрбековке ауырлау сөздер айтқаным рас. «Мақтаралға ұялмай қалай келдің, өтірікші болдың, соттастың, енді отырысың мынау» дедім. Сол жерде аудан әкімі маған басу айтып, сабырға шақырды, жиналыстың күн тәртібінен ауытқымауымды өтінді.

Кешегі күні облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың өткізген жиынына да қатыстым, сөз сөйледім. Биотәсілді енгізуге кедергі келтірушілердің барын баяндадым. Осындай әңгімені бастағаннан-ақ залда отырған С.Тұрбеков орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Кім біледі, бәлкім ұялған шығар. Алайда мен одан әріге барғаным жоқ, ешкімнің атын атамадым. Бір нәрсені қазбалай беруді, біреуді ұялта беруді мен де дұрыс көрмеймін.

Биотәсілді енгізуге Асылжан Мамытбековтың тікелей көмек көрсетінін бұған дейін де айтқанмын. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың да бұған көп еңбегі сіңді. Жеке қабылдап, бір сағат әңгімелестік, талап-тілегімді тыңдады.  Сондықтан бұл екі азаматқа менің ризашылығым зор. Осы жолы ол екеуіне тағы үш өтініш айттым.

Біріншісі, биотәсілге қатысты. Биотәсілге бөлінетін субсидияның 50 пайызы ерте көктемде наурыз, сәуір айларында берілсе тиімді болар еді. Екіншісі жайылым мәселесі. Мақтаралда мал жайылатын жер жоқ. Қолдағы малды жас балалар бағады. Мал егістікке түседі.  Біздің жақта мақта алқабына түскен жылқыны атып алды. «Мал ашуы-жан ашуы» деген бар. Ашу үстінде адамды да атып алмасына кім кепіл?! Жақында мен облыстағы біраз әулиелі жерлерді араладым. Созақ ауданындағы Ысқақ баптың кесенесіне бардым. Кесененің басында қонақ үй түгілі не мал соятын, не дәрет алатын орын жоқ. Баба Түкті Шашты Әзіз, Домалақ ана, Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиенің басында барлық жағдай жасалған. Осындай жағдай Ысқақ бап кесенесінің басында неге жоқ? Ысқақ бап баптардың бабы. Ол тіпті Арыстан баптың да арғы бабалары саналады. Бұл үшінші өтінішім еді. Әкім мен министр үш өтінішті де орындауға уәде етті,--деді бізбен тілдескен ақсақал.

Шенеуніктің  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындала салысымен ақсақалдардан, шаруалардан ауырлау сөз естігені қайбір жақсылық дейсіз.

Б. Ерназар,

«Рейтинг» газеті №16, 28 сәуір 2016 жыл

Мәулен Әшімбаев Президенттің көмекшісі болып тағайындалды
Бейбіт Атамқұлов: «Әйелдердің арасында облысты басқаратындары да бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу