Тоқаевтың кадрі... Шымкенттің жаңа әкімі туралы не білеміз?

Oinet.kz 06-09-2023 1208

  Screenshot_2.png

Енді бұдан кейін шенеуніктер қыркүйек келсе, үрейленетін дәрежеге жететін шығар. Себебі президент Қасым-Жомарт Тоқаев  соңғы жылары  Жолдауын 1 қыркүйекте жариялауды дәстүрге айналдырды. Енді бұдан былай министрлер мен әкімдердің арасындағы ауыс-түйісті те Жолдаудан кейін жасаудың үрдіске айналатынына күмәніңіз болмасын.

Жасыратыны жоқ, қыркүйектегі үлкен ауыс-түйіске дейін қызметінен кетуі тиіс екі әкім болса, соның бірі Мұрат Әйтенов еді.  «Әйтенов отставкіге кетсін» деген сөздер әсіресе, шілдеде оның орынбасары тұтқындалған соң жиіледі. Соның реті кешегі күнге тура келді. Сары күздегі кадрлық сапырылысқа Шымкенттің әкімі де ілікті.

Әйтеновтың орнына кімнің келетіні бір күн бұрын айтыла бастады. Бұл жолы болжам қате шыққан жоқ.  

Жаңа әкімнің кандидатурасына келісім беру үшін мәслихат сессиясы кешегі күні сағат 15-00-ге шақырылған болатын. Алайда неге екені белгісіз, жиын бір сағат бұрын, сағат 14-00-де басталған. Бас-аяғы жиырма минуттың ішінде  Ақорданың ресми сайтында Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалғаны жөнінде Президент жарлығы жарияланды. Жаңа әкімді таныстыру рәсіміне премьер Әлихан Смайылов келді. 

Соныменен Үшінші мегаполистің 18-інші әкімі Шымкентте дүниеге келген. Яғни, сырттан келген кадр емес.  Біздің білетініміз, әкесі Әбдімәжит Сыздықбеков елге белгілі кәсіпкер. Қайбір жылдары  әйгілі боксшы Генадий Головкинге  шапан жауып, елдің назарына іліккен, туған жеріне спорттық нысандар салып беріп, ұлтжандылығымен, жанашырлығымен де көзге түскен азамат.   

Ғабит Сыздықбеков Қазақ мемлекеттік заң университетін және Ресейдегі Дипломатиялық академияны тәмамдаған. Еңбек жолын Сырты істер министрлігінің кеңсесінде бастаған. Тап осы жылдары Сыртқы істер министрі қызметін Қасым-Жомарт Тоқаев атқарған.  2007 жылы Тоқаев Сенат төрағасы болды. Сыздықбековтың осыдан кейінгі карьерасы да Сенатта жалғасқан. Яғни, бұл деректерден Сыздықбековтың Тоқаевтың бұрыннан келе жатқан кадрі екендігін байқауға болады. «Тегін адам таз болмайды» деген осы.

 Бұдан кейінгі жылдары Сыздықбеков Сыртқы істер минстрлігіне оралып, осында басқарма басшысы болған. 2017 жылы Тоқаев төрағалық етіп отырған Сенатқа қайта оралады. 2019 жылы тағы да Сыртқы істер министрлігіне барады. Осы жылы  Президент Жарлығымен Қазақстанның Сербиядағы елшісі қызметіне тағайындалады. Ал, 2021 жылы Үкімет кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болған. Биыл ақпанда үкімет аппараты жетекшісі басшысының бірінші орынбасары лауазымына кіріскен. Су жаңа әкім Сыздықбеков туралы әзірге белгілі мәліметтер осы ғана.  

Айтпақшы, қазіргі тәртіп бойынша Президент өңір әкімдерін тағайындауға келісім алу үшін мәслихат депутаттарының қарауына кемінде екі кандидатураны ұсынады. Сыздықбековке балама ретінде мегаполистегі әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев түскен. Дауыс берудің қорытындысында Сыздықбеков 65 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

Кәсіби елші, тәжірибелі аппаратшыдан қаншалықты әкім шығады? Бұл сұрақтарға жауап беру алдағы күндердің еншісіндегі дүние.


Шымкент қаласына жаңа әкім тағайындалды
Әнипа Назарбаеваның Алматы облысындағы колледжі мемлекет меншігіне қайтарылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу