Шымкенттік гимназия баскетбол добын 232 мың теңгеге сатып алмақ болған
Шымкент қаласында білім беру мекемесі баскетбол добын 232 000 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша депатаментінің басшысы Дәурен Ерғарин мәлім етті.
-Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2,2 млн. теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды. Қалалық білім басқармасының «№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы» КММ мемлекеттік сатып алу жоспарында 2,7 млн. бюджет қаражатына 20 доп алуды бекіткен.
Тауардың әрбір бірлігі 2-ден 10 есеге дейін асыра бағаланып есептелген.
Мемлекеттік мекеме баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Департамент мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына жоспардың тармағын қайта қарау туралы ұсыныс хат жолдады. Нәтижесінде 2,2 млн. теңгеден астам қаржы үнемделді. Айта кетейік, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратын «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталына үнемі мониторинг жүргізеді,-делінген антикор басшысының әлеуметтік желідегі жазбасында.