Аюповқа қатысты тергеу аяқталды. Ал Әбдірахымов ше?
Антикоррупциялық қызмет Кентау қаласының экс-әкімі Рашид Аюповқа қатысты тергеудің аяқталғанын мәлімдеді. Аталға орган Аюповтың ісіне азды-көпті түсінік те берді.
-2013 жылы ол Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкері бола отырып, ірі жеке меншік компаниясының меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірді. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берді. Талап етілген соманы алып, өзіне қалдырып, ақшасының бір бөлігін Астана қаласынан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алуға жұмсады.
Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланған, тергеу сотының санкциясымен ол қамауда отыр.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі,-делінген ресми мәліметте.
Бұған дейін ақпарат құралдарында оқиғаның 2013 жылы болғаны, бұл іске сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары қызметін атқарған Ғабидолла Әбдірахымовтың да қатысы бары жарияланған еді. Дәлірегі Мәсімов, Әбдірахымов, Аюпов үштігі кәсіпкер Сайдулла Қожабаевтан ірі көлемде ақша бопсалағаны айтылған. Алайда антикордың ресми мәліметінде Мәсімовтың де, Әбдірахымовтың да аты аталған жоқ. Соған қарағанда құзырлы органдар бұл іс бойынша жалғыз Аюповқа айып таққан сияқты.