Ресей: НАТО отпен ойнап отыр
Орталық Азия жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, НАТО елдері Украинаға уәде еткен әскери техниканың 98 пайызын жіберді. Бұл жөнінде альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.
"Бұл 1550-ден астам бронекөлік, 230 танкі және басқа да әскери құрал жабдықтар", - деді Столтенберг.
Ол сонымен бірге НАТО елдері ондаған украин әскери бригадасын техниканы қолдануға үйреткенін жеткізді. "Бұл Украинаға басып алынған жерлерін қайтарып алу үшін күшті позицияда тұруына көмектеседі", - деді Столтенберг.
НАТО елдері Украинаға әскери, гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. АҚШ бүгінгі күнге дейін 71 млрд доллар, Ұлыбритания 10 млрд доллар, Германия 7 млрд доллардан астам қаржы бөлді.
Ресей өкілдері батыс елдерінің Украинаға көмектесіп жатқанына бірнеше рет пікір білдірген. Олардың пікірінше, "Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы НАТО отпен ойнап жатыр".