Мамытбеков мырза, ұсынысымызға құлақ асыңызшы!

Oinet.kz 12-06-2019 894

Screenshot_18.jpg

2013 жылдан бастап көп маңдай тердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен республикалық бюджеттен мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы биологиялық күрес жүргізу үшін жылына 150 миллион теңге мөлшерінде субсидия берілді. Бұған барша халық, соның ішінде мақташылар дән риза. Дегенмен...

Биоагенттердің тірі организм екенін, оны ұзақ сақтауға болмайтынын есепке ала отырып, бөлінетін субсидияны берудің тәртібіне қатысты өз ұсынысымды білдірсем деймін. Мен биофабрикалар мен биозертхана басшыларымен сөйлескенімде «олар биоагенттер мен биопрепараттардың құнын арзандатуға бөлінетін субсидияның 50 пайызы ақпан-наурыз айларында аванс ретінде, ал, қалғаны маусымның аяғында атқарылған жұмыстардың сапасына қарап берілсе...» дейді. Бұдан не ұтамыз?

Біріншіден, зиянкестердің дамуын ғылыми негізде есепке алып, биоагенттерді уақтылы және керекті мөлшерде өндіруімізге мүмкіндік туады.

Екіншіден, әрбір 500-1000 гектар мақта алқабына анықтаушы-агрономдарды жұмысқа алып, олардың көмегімен мақта алқабын барлық кезеңде назарда ұстаймыз.

Үшіншіден,  келісімшартта көрсетілгендей, өнімге жауап беретін болған соң сапалы биоөнім өндіріп, зиянкестердің дамуын есепке алып, биоагенттердің алқапқа уақытылы және керекті мөлшерде шығарылуын, оның дұрыс таратылуын қадағалап, шаруаның улы химикаттарды негізсіз қолдануына тыйым саламыз. 

Алдын ала берілген аванс биоагенттерді өндіруге қажетті қоректік азық өнімдерін сатып алуға және газға, электр қуатына, лаборанттардың жалақысына, құрал-жабдықтарды жаңартуға, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізуге, салық төлеуге жұмсалар еді. Нәтижесінде адамдардың денсаулығына зиянды, экологияның ластануына, шитті мақтаның сапасының төмендеуіне алып келетін улы химикаттардан бас тартып, қоршаған ортаны ластамайтын, адамдар мен жан-жануаларға мүлдем зиянсыз биологиялық әдісті толықтай енгізу қамтамасыз етіледі.

Біздің бұл ұсынысымызды аудан әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да қолдап отыр. Министр мырза Сіз де осы ұсынысымызға құлақ асып, қолдау білдірсеңіз, айтар алғысымыз шексіз. 

Елемес Сабыров,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының үздігі,

Мақтарал ауданының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері. 

«Рейтинг» газеті  №8, 3 наурыз 2016 жыл

Mall-ға әуес әкімдер...
Зеленскийдің алғашқы жалақысы таң қалдырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу