Әбдірахымов «Қытай қорғанын» бұза ала ма?
Өзін «Шымкент қаласы, 112 орам, Т.Жұманов көшесіндегі 16-ыншы үйдің тұрғынымын» деп таныстырған 78 жастағы Бектан Құлманбетов редакцияға хабарласып, мән-жайды көзбен көру үшін үйіне келіп-кетуімізді өтінді. Аталған мекенжайға барсақ, қарияның баспанасы сайда орналасқан екен. Көшесі асфальтталғанымен жол жағалай үйме тастар көп. Сол қатардағы кемі 7-8 үйдің қақпаларының алды жақтары кішігірім баррикада. Сөйтсек бұл 10 жылдан бері азаптанып келе жатқан тұрғындардың селден қорғану амалдары екен.
– Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Шағымымызды айтып, қалалық әкімдікке талай рет арыз да жаздық. Оның бір данасын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына да бердік. Кезінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовке де жазғанбыз, мәселеміз толық шешілген жоқ, – деп қынжылысын жасыра алмаған қария жергілікті билік басшыларына жолдаған, пошта арқылы жіберген хаттары мен олардың бір-бірін сөзбе-сөз қайталайтын жауаптарын алдымызға жайып салды.
Бұдан алты жыл бұрын жазған арызына қала әкімінің сол кездегі орынбасары былай жауап беріпті: «Сіздің 2011 жылғы 10 ақпандағы №Қ-789 хатыңызға: 112 орамдағы Қ.Қазиев көшесімен қиылысатын Аққараған (Акация) Жұманов т.б шағын қысқа көшелер рельефтік орналасуы жағынан ойпаңда орналасқан. Қатты жаңбыр, нөсер жауған мезілдерде су жиналатын ойпаң жерлерге арнайы су ағатын арық, канализация жүргізілмеген.Осы күрделі мәселе бойынша қала әкімдігі түрғын үй-коммуналдық шарушылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жол салу және көріктендіру секторларының, «ЛТД-Тұрмыс»ЖШС мамандары қатысумен бірнеше рет анықтау зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижеде, қатты жаңбыр жауған күндері үйлер алдына жиналған суларды сорып тазарту үшін «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нен Ас-су сорғыш машиналарынан кезекшілік ұйымдастырылуда. Жоғарыда аталған аталған көшелерде арнайы лоток орнату үшін жобалау мекемелерінен тапсырыс берілді. Жұмыстар 2011-2012 жылдары қалалық бюджеттен қаржының бөлінуіне орай орындалатынын хабарлаймын». Жыл басында жазбаша берілген уәденің орындалуына алаңдаған Бектан ақсақалдың қараша айында екінші қайтара жолдаған шағымына да С.Полатов желтоқсанда жауап жазған. Алайда, екі хаттың мәтіндері бірдей. Тек алғашқысында қаржының қаралуына қарай өтініш орындалатыны жеткізген болса, мұнысында «2011-2012 жылдардың жұмыс жоспарына қосуға ұсыныс жасалатындығын» хабарлаған. Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда келесі жылдың жоспарына енгізуге ұсыныс жасайтындықтары қалай? Бюджеттің қалай бекітілетінін білетінін адам желтоқсанның кейінгі он күндіктеріне дейін келер жылдың жұмыс жоспары нақтыланып, қаржысы қаралып қоятынын жақсы біледі ғой. Талап-тілектері 2012 жылдың бюджетіне де енбейтінін сезсе де ақсақал екі жыл күтіпті. Сосын амалсыз сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке 2014 жылдың 26 қарашасында жедел поштаға 2000 теңгесін төлеп, шағымын жолдаған. Жедел жауап ертеңіне-ақ қолына тиген. Алайда, облыс әкімдігі де аталған мәселені Шымкент қалалық әкімдігіне жіберілгенін мәлімдеумен шектеліпті. Бұған дейін «Нұр Отан» да қалалық әкімдікке сілтеп құтылған екен.
– Құдайдың құтты күні жауын-шашынның болмауын тілеп отырамыз. Аспанды бұлт торлай бастағаннан мазамыз қашады. Жаңбыр жауса, жолға жиналатын шайынды су өзіміз жасап алған «Қытай қорғанымыздан» асып-тасып, 10-15 үйге кіріп кетеді. Жүріп-тұра алмай біз қиналсақ, мектепке баратын балалар су кешіп әуреге түседі. Обалы не керек, «ЛТД-Тұрмыс» жекеменшік болып кетсе де көшеге де, ауламызға да жиналған суды сорып тазартып беріп тұрады. Бірақ олар көмекке келем дегенше, үйлерімізді су басып үлгереді, – деген қарияға бұл мәселені газетке емес, бүгінде басшысы ауысқан қалалық әкімдікке қайта жеткізу қажеттігін айтып едік, «Жанбосынов біледі, телеарналар бірінен соң бірі түсіре бастағанда келіп көріп «жөндейміз» деген..» деді.
Жуырда жүрегіне ота жасатқан ақсақалдың көршісі де бір аяғынан айырылған егде кісі екен.
– Оң жағымыздағы үш, сол жағымыздағы үш көшеден ағып келетін шайынды сулар мәселесін шешу үшін қала әкімдігі уәде еткен латокты орнатудың қажеті де жоқ, – дейді өздігінен жүріп-тұруы қиын Ақжол Айтымбетов Бектан қарияның сөзін қайталап, – тек жоғарыдан келетін суларды мектеп қасынан өтетін латокқа бұру арқылы қаланың кәріз жүйесіне қосып жіберсе болды. Біздің осы мұңымызды газет бетінде қазіргі қала әкімі Ғабидоллла Әбдірахымовтың назарына жеткізсеңіздер. Жас әкім іске құлшынып тұр ғой, шешетін шығар...
Қаланың қақ ортасында өмір сүріп жатса да он жылдан бері азаптан құтыла алмай келе жатқан тұрғындардың мұңын тиісті орындарға жеткізетін депутаты да жоқ. Бар болса да оны ешқайсысы танымайды екен. «Келетін шығар, көрерміз» деген тұрғындардың сайлау туралы ойланғысы да жоқ, аспанға қарайды...Олар депутаттар бірдеңе шешеді деп дәмеленгеннен көрі қаланың жаңа әкімінан көбірек үміт күтетіндерін ашық айтты. Ал әкім Әбдірахымов тасқын судан сақтық ретінде жасалған «Қытай қорғанын» бұза ала ма? Әліптің артын бағалық.
Мұрағаттан, 2016 ж