Бекназаровта не бедел бар?..
Мәслихат депуаттығына талас-тартыстың алғашқы раунды аяқталды. 20-сынан кейін науқан негізгі бөлігіне көшеді...
Жақында Шымкент қалалық мәслихатының сессиясы өтті. Осы жиыннан кейін мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров журналистермен бір-екі ауыз тілдескен болатын. Президенттің Жарлығы шығып, ел саяси науқанның қашан болатынынан тегіс құлақтанып қойған. Күбір-сыбырдың, енді абыр-сабырға айнала бастаған кезі. Мұндай сәтте «сайлауға түсесіз бе, жеңіске жететініңізге қаншалықты сенімдісіз, жеңіліс тапсаңыз не істейсіз?» деген сауал қойылса кім болса да «Құдай қаласа», «бәрін дода шешеді», «ешкімнің маңдайына депутаттық мәңгілікке жазылмаған» дегендей екіұшты жауап беріп жатады емес пе?!
Ал Нұрлан Бекназаровтың осы сауал көлденең қойылған кезде «сайлауда жеңіске жету үшін түсемін» деп шарт ете қалғанда мұнысының не әзілі, не шыны екенін айыра алмадық. Бәрекелді! Бәлкім бұл өз-өзіне сенімді адамның сөзі шығар. Сайлауда ұдайы жеңіске жете беретін, жеңілістің дәмін татып көрмеген адамның пікірі шығар. Өйткені Нұрлан Құдиярұлы бұған дейінгі бес шақырылымның төртеуінде депутат болған. Соңғы екі шақырылымда мәсхатшы. Алтыншы айналымға да қара жаяу кетіп бара жатқан жоқ. Биліктің партиясы «Нұр Отанның» атынан түскелі жатыр. Праймеризде бағы жанған кандидаттардың бірі. Ертең сайлауда өзі айтқандай жеңіске жеткен соң, мәслихат хатшысы міндетін ары қарай жалғастыра беру де ойында бар шығар. Айтса, Бекназаров айтсын, мақтанса Бекназаров мақтансын. Дегенмен...
Осы күні депутаттардан ар-ұят кетіп бара жатқан сияқты. Халықтың қалаулысы деуге ауыз бармайды. Сайлаудан сайлауға дейін тым құрыса сайлаушысымен дені дұрыс кездесу өткізбегендер де жүр. Оны айтасыз, осы Шымкент қаласында Сайрам ауданынан қосылған 100 мыңнан астам халық екі жарым жыл бойы депутатсыз отырды. Коммуналдық проблемалардан әбден зәрезап болған осы сайлаушылар талап-тілегін кімге айтарын білмеді. Не бір депутат, не мәслихат хатшысы тырс еткен жоқ. Сайлаудан сайлауға дейінгі аралықта түскен партияларын ұятқа қалдырып, дау-дамай, тартыс таластан көз ашқызбағандар тағы да сол партияның атынан сайлауға түскелі жатыр. Міне, саған парадокс! Бұған дейін белгілі бір округті меншіктеп алған депутаттар енді партияны да «жекешелендіріп» алуға көшкен бе?
Естеріңізде шығар, осыдан екі жыл бұрын Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров пен «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы басшыларының арасында текетірес басталды. Партия белсенділері Бекназаровты мәсхатшылықтан кетіреміз деді. Мұндай шешімді партияның жиынында қабылдап, жаңа хатшы болуға лайықты кандидаттарын да анықтап қойған болатын. Алайда ықпалды күштер Нұрлан Бекназаровтың тағдырын майшаммен қарайтын мәселені сессияның күн тәртібіне шығартқызбай қойды. Бұл дау-дамайға бандиттер араласып, бір депутаттың отбасын қорқытуға дейін, оның соңы депутаттың ақпарат құралдары арқылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен көмек сұрауымен аяқталды. Осы талас-тартыста депутаттық беделді, партияның абыройын ойлаған кім болды дейсіз? Енді бүгін солардың бәрі де партияшыл, партияның атын жамылып, жалауын көтеріп сайлауға түскелі жатыр. Сайлауға партияның атынан түссе жеңіске жететінін жақсы біледі. Ал жеңіске жеткен соң не істейді? Баяғы әдетіне баса ма?
Нұрлан Бекназаровта сонда не бедел бар? «Нұр Отанда» не бедел бар?
Айтқандай мәсхатшыны Шымкенттегі троллейбус паркімен не байланыстыратыны өз алдына бөлек әңгіме.
Жәнібек Тархан
«Рейтинг» газеті, №5, 11 ақпан 2016 жыл