Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Ауыр айыптау, ауыр сөз. Өзі бақандай алты жылдан бері басшылық жасап келе жатқан, ауасын жұтып, суын ішіп отырған өңірдің халқына қатысты осындай ащы пікірді Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев аймақтық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтып салды. Оның айтуынша таулы аумақты қоқыстан тазартуда тұрғындарды айналасын ластамауға үйрету қиын болып тұр. «Табиғаты керемет ауданымызда туризмді дамыту үшін ең алдымен тұрғылықты мекенімізді таза ұстау керек екенімізді жиын сайын айтып жатырмыз. Айыппұл салып жатсақ та халықтың сана-сезімі төмен деңгейде қабылдап жатқаны өкінішті. Алдағы уақытта жаңадан құрылып жатқан жергілікті полиция қызметі мұны заң аясында іске асыратын болады» деді.
Өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы тілге тиек еткен әкім Иірсу кен орнын игеру де жүзеге аспайтынын жеткізді. «Алтын, мыс секілді пайдалы қазбаларды өндіретін зауыт салу жоспарда жоқ. Табиғатқа зиян келтіретін болғандықтан жобаны іске асыру тоқтатылды. Оның орнына туризмді дамытамыз» деді. Бүгінде облыс әкімі Б.Атамқұловтың қолдауымен Иірсу аймағын туризмге ыңғайлау жұмыстары жүргізілуде екен. Тіпті саяхатшылардың еркін жүріп тұруына ыңғайлы болуы үшін Түлкібас пен Төле би ауданын тау арасымен байланыстыратын жол салу да жоспарлануда.
Әбдуәлиевтің әңгімесіне құлақ түрсек Түлкібастың алмасына шетелдіктер де қызығушылық танытып жатыр екен. Ауданда алма баудың көлемін 4 мың гектарға жеткізуге құлшынып отырғандардың қатарында польшалық инвесторлар да бар. Олар алма өсірумен қатар сауда-логистикалық орталығын салуды да көздеуде. Десек те былтыр 725 гектар жерге алма бауы егіліп, аудандағы жалпы көлемі 2791 гектарға жеткен. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға облыс әкімдігі жанындағы «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынынан 400 млн. теңге қаржы бөлінбек. Ауқымды жоспар жүзеге асып, Түлкібас алманың отанына айналар болса, бағбандардың өнімі ішкі нарықпен қатар, еліміздің өзге аймақтарына да шығарылып, саудаланатын болады. «Жемісінің ысырапсыз сақталып, өңделуіне бағбандар бас қатырмаса да болады. Жоспарлы жұмыстарды атқару үшін жергілікті әкімдік ауданнан жеміс-жидектерді сақтайтын 9 қойма, ҮИИД бағдарламасы аясында іске асқан жеміс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығаратын 3 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.» деп сендірді брифинг беруші. Алайда, маман тапшы екен...
Мұрағаттан, 2016 ж