Шаруаларды шулатқан шенеунік ауыл шаруашылығына басшы бола ала ма?

Oinet.kz 10-06-2019 928

Screenshot_18.jpg

Басқармалар қайта құрылған кезде оның басшысы өзгеруі мүмкін. Ал, жаңа басқармаға жаңа басшының тағайындалатыны бесенеден белгілі. Бұдан бөлек облыста біраздан бері басшысыз тұрған құрылымдар да бар. Мәселен ауыл шаруашылығы басқармасы.  Қысқасы, Атамқұловтың командасында үлкен ауыс-түйіс болайын деп тұр. Қазір ел арасында кадрлық тағайындауларға қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатыр.

...Ауыл шаруашылығы басқармасына бірнеше айдан бері лайықты кандидаттың табылмауы көпшіліктің танданысын тудыруда. Жуырда алқалы жиындардың бірінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ауыл шаруашылығы басқармасына басшы тағайындауда ойланып, толғанып жатқанын айтқан болатын. Бейбіт Бәкірұлының он ойланып, жүз толғанып барып таңдаған кадры үмітті қаншалықты ақтай алады? Ауыл шаруашылығын қайта түлетіп, алдына қойылған қадау-қадау жоспарларды қаншалықты жүзеге асыра алады?  ...Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда басқармаға басшы болып бұған дейін Мақтарал ауданының әкімі, одан кейін облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына басшы болған Серік Тұрбеков барғалы жатқан көрінеді.

Уақтысында облыс әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген Серік Тұрбеков Асқар Мырзахметовтың кадры деген әңгімелер жиі айтылады. Мұның қаншалықты шындық екенін білмедік, бірақ Асқар Мырзахметов «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына басшылық еткен жылдары С.Тұрбековтың осында бірқатар лауазымды қызметтерді атқарғаны, А.Мырзахметов облыстың тізгінін қолға алған кезде С.Тұрбековтың Мақтарал ауданының әкімі қызметіне тағайындалғаны рас енді. Осы Мақтаралда басшы болған С.Тұрбековтың мақта егумен айналысатын шаруаларды ұлардай шулатқаны бар. Былтыр. Бұл туралы «Рейтинг» газеті былай деп жазған еді:

...Биыл 6 сәуірде (2015 жылы. «Рейтинг») Мақтарал аудандық әкімдігінде ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілетін «Өсімдіктерді қорғау мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің, биоагенттердің және биопрепараттардың құнын субсидиялау қағидаларының» жобасы талқыланған жиын өтеді. Аудан әкімі Серік Тұрбековтың өзі төрағалық еткен жиында Елемес Сабыров субсидияны шаруаға емес биофабрикалар мен биолабораторияларға берудің тиімділігін айтады. Көпшілік мұны бірауыздан қолдайды. Қарсы болған ешкім жоқ. Бірақ...

Ақсақал жиналыстың хаттамасын ала алмай ұзақ сандалған. Ақыр аяғында араға Сенат депутаты Қ.Айтахановты салып жүріп хаттаманы алғанымен, ондағы көпе-көрнеу жалған мәліметтерді көріп аң-таң қалады. Астанаға жолданған хаттамада дауыс беру қорытындысы бойынша субсидияны биолабораторияға беруді қолдағандар - 57 адам, қарсы болғандар - 2 адам, қалыс қалғандар - 69 адамды құрады деп көрсетіліпті. Жиналысқа қатысушылардың басым бөлігі Е.Сабыровтың ұсынысын қолдамады дегізу  кімге қаншалықты қажет болғаны түсініксіз болып тұр. Мұның артында біз білмейтін бір құпия жатыр ма деген ой келеді. Бұдан кейін Е.Сабыров сотқа талап арыз берген. 

Мақтарал аудандық сотының 23 шілде 2015 жылғы шешімімен танысудың сәті түсті. Шешімге қарағанда сотқа сол кездегі аудан әкімі, жауапкер С.Тұрбековтың өзі қатыспағанымен, сотқа арыз жолдап, талапкердің талабын мойындамайтынын, 6 сәуір күні өткен жиналыстың хаттамасында дауыс берген адамдардың саны нақты көрсетілгенін, сондықтан соттан Е.Сабыровтың талабын қанағаттандырусыз қалдыруды сұранған. «Хаттамада қате кеткен, жаңылысыппыз» демеген.  Алайда сот сол жиналысқа қатысқан көптеген шаруалардың жауаптарын тыңдай отырып, дауыс берген адамдардың саны хаттамаға дұрыс енгізілмей, жиналыста қатысып отырған адамдардың көпшілігі дауыс беріп қолдаған ұсыныс жобаға енгізілмегенін анықтаған. Ақсақалдың талап арызы қанағаттандырылып, аудандық әкімдікке хаттамаға өзгеріс енгізу міндеттелген.

Сонда үлкен ауданның әкімі, уақтысында облыс әкімінің орынбасары болған Серік Тұрбековтың елдің аманатына қиянат жасағаны ма, сонымен бірге сотқа да жалған жауап бермек болғаны ма? 

-Мен осыдан кейін С.Тұрбековты тиісті тәртіптік жазаға тарту үшін 3 қарашада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаметіне арыз бердім. Жуырда осы арызға жауап келді. Аталған департамент басшысының орынбасары—Тәртіптік кеңестің төрағасы Б.Бекжанов қол қойған жауапта  С.Тұрбековты тәртіптік жазаға тарту мерзімінің өтіп кеткені жазылыпты,--дейді Елемес ақсақал. («Рейтинг» газеті, №48-49, 10 желтоқсан 2015 жыл)

Шаруаларды осылайша шулатқан С.Тұрбеков енді ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болса...Оның заңдық құқығы бар шығар, ал моральдік құқығы бар ма?

...С.Тұрбеков ауыл шаруашылығы саласына басшылық етеді деген сыбыс тарағалы мақтаралдық шаруаларда маза жоқ көрінеді.

Жәнібек ТАРХАН, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Дональд Трамп: «Құдаймен ара қатынасым жақсы»
Түрлі-түсті революциялар қалай жасалады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу