«Князь» - Кеңес Рақышев

Oinet.kz 04-06-2019 1546

Screenshot_9.jpg

Елдің назары осы аптадағы ауыс-түйістерге көбірек ауып,  қаржы саласындағы елеулі оқиға тасада қалып қойғандай болды. Осыдан біраз уақыт бұрын «Рейтинг» газеті 90-шы жылдардағы ұлттық саяси элитаның жарқын жұлдызы – банкир Нұржан Субханбердиннің дәуірі аяқталып келе жатқанын жазған едік. Міне, енді отандық банк жүйесінің ең  танымал ойыншысы -  әйгілі «Казкоммерцбанк» қожайынын ауыстырды. Негізі қаланғалы бері бұл қаржы институты «Казком дегеніміз -  Субханбердин, Субханбердин дегеніміз – Қазком» деген ұранмен тірлік кешіп келген. Бұл формула өзгерместей болып көрініп еді. Қазақтан шыққан тұңғыш миллиардер Субханбердинді ешкім орнынан ығыстыра алмастай көрінген еді. Бірақ, елімізде бизнестің бағыт-бағдарын саяси процестер анықтайды емес пе? 

Сарапшылардың айтуынша, Әбілязов пен оған қарасты БТА-Банктің көзін жою ретінде басталған арнайы операция түбінде біріккен Казком+БТА құрылымынан Субханбердинді қуып шығумен аяқталды. Осы мақсатқа жету жолында шешуші рольді 36 жастағы мультимиллионер Кеңес Рақышев атқарды. Субханбердиндей дарабозды ығыстырған бұл «қай бала?» дерсіз. Айтайық. 

Қызық, бұл дәулетті жігіт жайлы қазақстандықтардан  гөрі шетелдіктер көбірек білетін секілді. Өйткені, халықаралық бизнес байланыстары өте мықты. «Форбс» журналының миллионерлер тізімінен түспейтін Рақышевтың қарамағындағы бизнес жобаларды тізіп шығудың өзі біраз уақыт алады. Сарапшылар оның байлығын 684 миллион долларға бағалап отыр. Оның басқаруындағы «SAT & Company» акционерлік қоғамы металлургия, құрылыс, машина жасау салаларындағы 30-дан астам ірі компанияларды біріктіреді. 2013 жылы бұл корпорацияның нарықтық капитализациясы 88 миллиард теңгені құраған. Бұдан бөлек әр жылдары «Отан» зейнетақы қоры, «Банк Астана-Финанс» банкі, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы және басқа да ұйымдардың жұмысына араласты. Қазіргі таңда еліміздегі ең ірі сауда желісінің бірі – «Magnum Cash & Carry» компаниясының да инвесторы атанды. Онымен шектелместен, 2012 жылдан бастап АҚШ, Еуропа мен Израильдегі жобаларға қаржы құя бастады. Тіпті 2013 жылы Кеңес Рақышев әлемдегі ең үздік 10 жеке инвесторлардың тізіміне енді. Кішігірім инвестицияларын айтпастан, ірі қаржы жұмсаған жобаларды тізіп шығайық. Америкадағы Mobli сервисінің дамуына – 20 миллион доллар, TriPlay жобасына – 5 миллион доллар, Net Element жоғарытехнологиялық компаниясына 32 миллион доллар, Fastlane Ventures венчурлық қорына 13 миллион доллар жұмсады. Мойындау керек, бұлардың арасында болашағы зор жобалар да жоқ емес. Мәселен, Рақышевтің қарамағындағы Store Dot  компаниясы ұялы телефонды бар болғаны 30 секунд ішінде 100 пайызға зарядтайтын құрылғы ойлап тауыпты. Бірер жылдан соң жаңа өнім нарыққа шығарылады деп күтілуде.  Ал Рақышевтің өзі  нанотехнологиялық өндірістердің бірін Қазақстанға алып келуге  ниетті екенін жасырмады. 

Құлыбаевтың көлеңкесі

2014 жылдың басында Рақышевтың қолында «Қазкоммерцбанктің» бірде-бір акциясы жоқ еді. Ал қазіргі таңда мақала кейіпкерінің қолында дәл осы банк акцияларының 56,75 пайызы шоғырланған.  Сөз жоқ, бизнес саласының нағыз вундеркинді!

Әлбетте, Рақышевтің бизнес жүргізудегі шеберлігін, жұмсалған қаржыдан еселеп пайда түсіру қабілетін мойындаймыз. Әйткенмен, сарапшылардың айтуынша, оның басты артықшылығы – Тасмағамбетов және Құлыбаевпен өте жақын тұруы. Алғашқысы – қайын атасы, екіншісі – сенімді бизнес әріптесі. Екеуінің де қолдауына ие болып, жақсы пайдаланған. Рақышевтің түрлі бизнес жобаларға тым белсене араласып, капиталын таңқаларлықтай жылдамдықпен өсіріп отыруында бір гәп бар. Базбір саясаттанушылардың пікірінше, Рақышевке тиесілі барлық дерлік жобалардың тең жартысы Құлыбаевқа тиесілі  көрінеді. Тимур Асқарұлы осылайша жасырын түрде іс-қимыл жасап, өзгелердің назарына іліге бергісі келмейтін сыңайлы. Сондықтан, сарапшылар «Қазкомның» нағыз қожайыны Рақышев емес, Құлыбаев деген пікірді алға тартады. 

Шешенстанға еңбегі сіңген...

Кеңес Рақышевті әсіресе Шешенстан халқы қатты қадірлейді екен. Шешендер оны жай бизнесмен емес, «князь» деп атайды. Бұл елдің басшысы  Рамзан Қадыровтың өзі  интернеттегі парақшасында «Шешенстанда жасап жатқан қайырымдылығы үшін халқымыз менің бауырым Рақышевты  «князь» деп атайды» деп жазды. Онымен шектелместен, шешен басшысы Рақышевті «Қадыров атындағы» орденмен де марапатталды. Қане, мұндай мәртебеге басқа қай қазақ  жетті екен? Рамзан  Қадыров анау-мынауды мойындамайтын, адуынды саясаткер ғой. Оның Навальный, Ходорковский секілді оппозицияшыл саясаткерлерге қарсы мәлімдемелері Ресей түгілі әлемді дүрліктірді. Қадыровтың кей-кейде тіпті Кремльдің  де айтқанын тыңдамай кететіні бар. Оның әрбір қадамынан, әр сөзінен «Шешенстанның қожайыны – менмін» дейтін емеурінді сезесіз. Сөйткен Рамзан Қадыров неліктен Рақышевты өзінің бауыры, «қазақтың князі» деп атай қалды?  Екеуінің қажылықта бірге түскен суретінің өзі неге тұрады.  Жалпы, Кеңес Хамитұлы шешен елінің басшысын бұрыннан таниды екен. 2007 жылы Қадыровты елге қонаққа шақырып, қайын атасымен, сол кезде Астана қаласының әкімі қызметіндегі Иманғали Тасмағанбетовпен  кездестіргені  жайлы да интернетте ақпарат тараған. Екеуінің әңгімелері жарасқанына күмәніміз жоқ. Айтпақшы, Қадыровтың «суфизмді» жан-тәнімен қолдап, оны таратуға барынша күш салатыны да белгілі...

Бауырлас халыққа көмектескен жақсы ғой, алайда Рақышевтің Шешенстандағы жомарттығына қатысты қазақстандық саясаткерлердің жасаған мәлімдемелері біраз мәселенің басын ашып берді. Одан түсінгеніміз, Рамзан Қадыровтың бауыры атанып, орденін иелену қымбатқа түсетін мәртебе екен. Расында да Рақышев шешендерді қарық қылған екен. Қайбір жылы депутат Мұхтар Тінікеев Рақышевтің мәселесін көтеріп, оның Шешенстандағы демеуші ретінде қаржыландырған жобаларын тізіп берді. Грозныйда көпқабатты ғимарат соғып беріпті. Орденмен марапатталып тұрған сәтінде Рақышев «Терек» футбол командасына ұшақ сыйлайтынын, Шешенстан астанасында аурухана тұрғызып беретінін мәлімдеді. Мұны естіген қазақстандық саясаткерлер бұлқан-талқан болды. Оппозиционер Болат Әбілев «Рақышевтің ақшаны қандай жолмен тапқаны түсініксіз бола тұра, миллиондаған қаржыны оңды-солды таратып жүргені сұмдық қой. Бұған  Тасмағамбетовтің күйеу баласы болуының арқасында қол жеткізгені түсінікті. Оны бұрыннан танимын, ортанқолды, қатардағы бизнесмен. Ол Алматыда жер мен жылжымайтын мүлікті сату арқылы байыған» деп мәлімдеді. Бұдан шығатын қорытынды – Рақышевтың Шешенстанда мықты бизнестік мүддесі бар.

Байлығы асып-тасыған қазақтардың Лондоннан аса қымбат үй сатып алатыны «игі дәстүрге» айналды ғой. Соған сәйкес Рақышевтың бірнеше жыл бұрын 15 миллион долларға «Саннингхилл Парк» атты элиталық тұрғын үйді сатып алғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Бірақ, Кеңестің өзі ағылшын журналистеріне тек делдалдық қызмет атқарғанын айтып ақталды. 

Әзірше Рақышевтың белсенділігі бизнес және спорт саласында байқалып тұр. Ол ұлттық спорт түрлеріне арналған «Қазанат» кітабының соавторы, кезінде Алматы қалалық бокс федерациясын басқарған. Қазір республикалық дзюдо федерациясының президенті. Осылай кете берсе, күндердің күнінде саяси карьераны жасауға да кірісіп қалар деген де болжам бар. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Субханбердиннің дәуірі аяқталып келе ме?
Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлар саны екі есе өскен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу