Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Көрнекі фото
Әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің құрамына кіруді мақсат тұтқан еліміз үшін шекараны қымтап ұстап, ел азаматтары арасындағы алыс-беріске, барыс-келіске тыйым салу тиімсіз есептеледі. Керісінше түрлі ұйымдарға мүше болу арқылы көрші мемлекеттермен шекара еркіндігін қамтамасыз ету саясаты өз нәтижесін беретіні болжанып отыр. Алайда, таяқтың екі ұшы болатыны секілді барынша мұқият болмасақ, бұл қадамның да қауіп төндіретін тұстары аз емес. Еліміздің оңтүстігімен шекаралас Өзбекстаннан өтетін еңбек мигранттарының қатары жылдан жылға артпаса, кеміген жоқ. Көрші Ресейдегі валютаның құлдырауы ала тақиялы ағайындардың көшін онан сайын арттырғаны айтпаса да түсінікті. Еуроодаққа еніп, шекарасын ашқалы отырған қырғыз ағайындардың көш бағытын біз жаққа бұруға алақандарын ысқылап отырғандары сөзсіз. Ал, Қытайдан келгендер саны биыл былтырғыға қарағанда екі есеге өсіпті. Ресми деректерге сүйенер болсақ, артта қалған алты айдың ішінде мемлекетімізде жұмыс істеуге рұқсат алған 38 300 шетел азаматының 12 мыңнан астамы Қытай азаматы екен. Былтыр қысық көзді көршілердің саны 6,5 мыңнан аспаған болатын. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, алдағы бірер жылда қанша қытай Қазақстан асатынын бір Құдай біледі.
Әрине, шекара асқандардың барлығына жолаушы-мүсәпір деп қарауға болмайды. Қаражат табу мақсатын көздеп келгендермен қатар бүгінде әлем елдерін алаңдатып отырған діни экстремизмнің шоғын үрлеп, жалынын өршітуді жоспарлап келетіндер жоқ емес деп кім кесіп айта алады? Мигранттардың әрбір қадамына жіті қадағалау, іс-әрекеттеріне бақылау жасалмайынша жайбарақат күн кешуге болмайды. Өзбекстан мен Қырғызстанда діни ағымдарға қарсы қысым күшейген тұста олардың лидерлері үшін Қазақстан тыныш аймақ, пана болғанын жоққа шығаруға болмайды. Дәл қазіргі кезде Өзбекстанстанның тағы да тыныштығы бұзыла бастаған сыңайлы. Азаттық радиосындағы Өзбек қызметінің хабарлауынша, Өзбекстанның Хорезм облысы Хазарасп ауданындағы милиция қызметкерлері «діни экстремистік ағымдармен байланысы бар» деген күдікпен осы ауданның екі тұрғыны тұтқындалғаннан кейін, мұсылман жігіттерді қудалау күшейе түсіпті. Сақал қойып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын жас жігіттерге экстремистік ұйымдарға кірмеу жөнінде қатаң ескерту жасалып, олардан қолхат алынып, сақалдарын қырып тастау туралы ақыл-кеңестер айтылыпты. Қазір милиция ауданнан тіпті люлилерді (сығандардың шығыс тармақтарының бірі) де қуып жатыр екен. Ал, қуғын көргендер ең қолайлы мемлекет ретінде Қазақстанға қарай босып, бой тасалауы ғажап емес қой. Бұл жайттың барлығы біздің шекара қызметін күшейтуді талап ететіні түсінікті. Міне, осы және өзге де мәселелер кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында ұйымдастырылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара режимінің белгіленген тәртібіне және Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жаза тағайындау ерекшеліктері» атты дөңгелек үстелдің күн тәртібіне қойылды. Оған судьялармен қатар облыстық прокуратураның, ішкі істер департаментінің, адвокаттар алқасының, шекара қызметінің, көші-қон полициясының қызметкерлері қатысып, пікір алмасты, ұсыныстарын айтты.
- Бүгінгі дөңгелек үстел отырысын өткізудің маңызы зор. Өйткені, облысымыз арқылы шекарадан өту фактісі көп. Мемлекетке заңсыз кірген азаматтар тарапынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық іс-әрекеттер жасалып жатады. Мигранттар еңбекке орналасу үшін келеміз деп діни экстремизмді, түрлі қылмыстық жағдайды туындатуы мүмкін. Бұл өте маңызды мәселе. Соттар, құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз миграция, заңсыз еңбек нарығының, діни экстремизмнің тарауына тосқауыл қоюымыз керек. Осындай құқық бұзушылық барысында кінәлілерге қандай жаза түрін қолданған тиімді? Оларға шара көру барысында кездесетін қиындықтар, проблемалар мен оны ретке келтіруге арналған ұсыныстар – бүгінгі жиынымыздың басты тақырыбы болмақ, - деді дөңгелек үстел жиынын ашып, жүргізіп отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Мадияр Балкен.
Күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты Өзбекстанмен шекаралас Мақтарал аудандық №3 сотының судьясы Е.Қожамқұлов шетелдік азаматтардың елімізде тіркеуден өтпей, ел аумағы арқылы транзиттік жол жүру ережесін сақтамай, көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты сот тәжірибесінде қандай жазалар тағайындалатынын айтып берді. Осы тұста дөңгелек үстелге қатысқан судьялар құқық бұзушыларға айыппұл салудың тиімсіз екеніне ерекше тоқталды. Себебі, мұндай сот қаулыларының басым бөлігі орындалмай қалады. Заң бойынша айыппұл салу жөніндегі сот қаулылары құқық бұзушының жұмыс орнына, оқу орнына немесе тіркеуге алынған мекен-жайына жіберіледі. Ал, шетелден келген азаматтарға қатысты сот қаулысын бұл аталған орындарға жіберу мүмкін емес. Осыған байланысты айыппұл салу жөніндегі заң өзгеріс енгізуді қажет етеді. Мәселен, Өзбекстан азаматы елімізге өтсе, оның есеп шотында белгілі бір мөлшерде ақша болуы тиіс. Құқық бұзған жағдайда сол ақшадан алынады. Мұндай тәжірибе өзге елдерде кездеседі. Әйтпесе, кінәлілерге миллиондаған теңгені құрайтын айыппұлдар салынғанымен, ол орындалмай қалып жатыр.
Сот тәжірибесінде ең көп қолданылатын әкімшілік жаза – қамаққа алу. Мәселен, Мақтарал ауданы №3 сотта осы жылдың алғашқы жартысында қаралған 71 әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты істің 69-ына байланысты қамау жазасы тағайындалған. Ал, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Қыдырбаева айтылып отырған мерзім ішінде қаралған 729 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің 539-ына қатысты әкімшілік қамаққа алу шарасы белгіленгенін баяндады. Ал, осы соттың төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғанов Сарыағаш ауданындағы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы қызметін атқарып жүргенде бір күнде 70, кейде 80 мигрантқа дейін қамаққа алу оқиғасы орын алғанын айтып, сол кездегі, бүгінде жабылып қалған қамаққа алу орындарын қайта ашу керек деген ұсынысын жолдады.
Дегенмен, әкімшілік қамаққа алудың да қиындықтары жетерлік. Біріншіден, облысымызда қамаққа алатын арнайы орын жетіспесе, екіншіден, қамалғандарды күзету, тамақтандыру үшін мемлекеттен қыруар қаржы шығындалады. Шалғайдағы аудандардан қамаққа алынған азаматтарды жергілікті учаскелік инспекторлар өз күштерімен, жеке қаражаттарымен алып келуге мәжбүр. Бұл қиындықтан құтылу үшін қамаққа алатын арнайы орындардың санын көбейту қажет. Осы секілді мәселелердің барлығын ескере келе әкімшілік құқық бұзушыларға қатысты ел аумағынан шығарып жіберу жазасы ең тиімді есептеледі. Алайда, бұл жазаны қолдануға тосқауыл болатын қиындықтар да жоқ емес.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Нұрлан Алиев шетел азаматтарының шекарамыздан өткеннен кейінгі міндеттерін түсіндіріп өтті. Еуроодаққа мүше Ресей Федерациясы мен Қырғыз мемлекетінің азаматтары ел аумағында тіркелусіз 30 күн жүре алады. Осы мерзімнен ұзақ жүрген жағдайда тіркелуіне тағы бес тәулік мүмкіндік беріледі. Бұл уақытта да тіркелмесе, үш тәуліктің ішінде тіркелу керектігі жөнінде ескерту жасалады. Тағы тіркелмеген жағдайда әкімшілік шара көріледі. Халықаралық келісімге сәйкес, украиндықтар 90 күнге дейін тіркеусіз жүре алса, Өзбекстан азаматтары үшін біздің мемлекетте тіркеусіз 5 тәулік жүруіне және тіркелу үшін тағы 5 тәулік жүруге мүмкіндік беріледі.
Дөңгелек үстел басында түрлі проблемалар айтылды. Мәселен, Ордабасы аудандық сотының төрағасы К.Мұсаев жеке кәсіпкерлерде жұмыс істейтін мигранттарға қатысты істердің көбейіп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, гастарбайтерлердің көбі облыс орталығында тіркеледі де, өздері аудан-аудандарға шығып кетеді екен. Осының салдарынан олардың іс-әрекеттері қадағалаусыз қалып қояды. Тіпті, олардың арасында тіркелмегендері де аз емес көрінеді. Кісі өлтіру, әйел зорлау секілді аса ауыр қылмыстар осындай тіркелусіз жүргендердің қолымен жасалып жатады. Осы тұста М.Балкен сот тәжірибесінде тіркеуге байланысты тағы бір проблеманың барын айтты. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттардың арасында қолында тіркеу жөніндегі белгісі бар, бірақ, аты-жөні базада болмайтын келеңсіз оқиғалар да кездеседі. Бұл жалған тіркеудің жүргізілетінінің белгісі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, шекара қызметі мен елдегі көші-қон тәртібі қатаң сақталмайынша, шеттен келер түрлі қауіптің, әсіресе діни экстримизмнің бетін қайтару мүмкін емес. Ол үшін құқық қорғау органдары тарапынан қырағылық күшейтіліп, бармақ басты, көз қысты әрекеттерден мүлдем арылғанымыз жөн-ау. Ел ішіндегі тыныштықтың сақталуы шекара қызметіне тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Ш. МЕКЕНБАЙҰЛЫ,
Мұрағаттан, 2015 ж