Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент – келген қонақ жылап, қайтқысы келмейтіндей қалаға айналмақ»

Oinet.kz 04-05-2019 1118

fffe889c5177379b6a9a1af3362.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстағалы Бейбіт Атамқұлов кеше бірінші кадрлық ауыс-түйіс жасады: Шымкент қаласының әкімі болып Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов тағайындалды. Кандидатураны Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары әдеттегідей бірауыздан қолдады. 

- Елбасы Шымкент қаласының маңыздылығын ескере отырып, қала басшылығына Оңтүстіктің тумасы, беделді және тәжірибелі азамат Ғабидулла Рахметоллаұлын жіберіп отыр, - деді облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы. - Ал, Дархан Сатыбалды облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Өңірімізде атқарылатын шаруалар көп. Сондықтан, бірі оң қолым, бірі сол қолым болып, Сіздердің қолдауларыңызбен бірге қызмет атқаратын боламыз деп ойлаймын. Соңғы жылдары Шымкент қаласында ауқымды жұмыстардың атқарылғанын жақсы білесіздер. Жаңа бас жоспар бекітілді. Бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, қаланың көркейгенін атап өту керек. Дегенмен, өзекті мәселелер де жеткілікті. Бірінші, қаладағы жаңадан салынған және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептерді жаңа оқу жылына дайындау керек. Екінші, Шымкент қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету керек. Қаладағы жылу беретін бірден бір мекеме – "3 – Энергоорталықты» көпқабатты тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды жылу маусымына дайындау қажет. Уақыт өте тығыз, өте аз қалды. Үшінші, үлкен мәселелердің бірі – қаланың сәулетін ретке келтіру, көгалдандыру, жарықтандыру, абаттандыру. Абаттандыру үшін бірінші кезекте Шымкентті сүю керек. Бүгін осындай өз қаласын сүйетін басшыны тағайындап отырмыз. Төртінші, инфрақұрылым мәселесі. Қалада жол қозғалысын реттеу схемасын әзірлеу керек. Осы ретте балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекте болуы қажеттігін ескерсек, барлық білім беру мекемелерінің алдында бағдаршамдар, жасанды кедергілер, жол белгілері және аяқ жолдар орнатылуы тиіс. Өткенде бірнеше мектепті аралап көрдім, сонда таңқалдым, құрылыстар қызыл сызыққа өтіп кеткен, тротуарға орын қалмаған. Балалар мектепке көлік жүретін жолмен барады. Бұл қауіпті ғой, өзіміздің балаларымыз. Тіпті, жаңа салынған мектептердің жанында да тротуар жоқ. Миллиардтаған қаржыны сол мектептерге жұмсадық, бірақ, ертең балалар сабаққа батпақты кешіп барады. Бесінші, қалада жұмыссыздық жоғары деңгейде. Сондықтан, өндірісті дамытып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұл салада, әрине біраз жұмыс атқарылған, бірнеше индустриалдық орталық ашылды. Қалалық әкімдік пен мәслихат, ардагерлер кеңесі жаңа әкімге қолдау білдіріп, бірлесе отырып қойылған міндеттерді абыроймен атқарады деген сенім бар. 

Шымкенттің су жаңа әкімі оңтүстіктікқазақстандықтар үшін бейтаныс жан емес, осы өңірдің, дәлірегі бұрынғы атауынша айтсақ, Шымкент облысы Киров (қазіргі Келес өңірі) ауылында кіндік қаны тамған. 1975 жылдың 23 қаңтарында. Мамандығы экономист-бухгалтер, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебін (Неміс әкімшілік ғылымдары жоғары мектебі, Шпайер қаласы) мемлекеттік әкімшіліктік басқару магистрі мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі екен. «Нұр Отанның» мүшесі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару істері жөніндегі агенттіктің бас маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төраға орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі, бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы болған. 2013 жылдан Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейінгі аралықта Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымында отырған.  

Рас, Кеңестік жүйенің «көзін көріп, дәмін сезіп үлгерген» бүгінгі облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлын «сөзге жүйрік, таудан құлаған өзендей ағып тұр» деп айту қиын, дегенмен, Кеңестік идеологияның дәуренінің біту уақыты мен мектептен түлеп ұшып, мамандық алған мезгілдері тұспа-тұс келген орта буын өкілдерінің көпшілігі сөзге сараңдау келетінін аңғаруға болады. Тіпті, әкесі «араторлардың» да балалары көпшілік алдында қылдан май суырғандай етіп шешен, тапқыр сөйлей алмай жүр. Шымкенттің су жаңа басшысы Ғабиболла Әбдірахимовтың сөзі қаншалықты сұлу, ісі тап-тұйнақтай екенін алдағы уақытта біле жатармыз, ал алғашқы әңгімесі (өз сөзінен көп алшақтай қоймадық) төмендегідей өрбіді:                     

- Шымкент қаласын басқару, тұрғындарына қызмет көрсету мен үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Сондықтан, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіргім келеді, өзім туған қалаға осындай лауазымға жібергені үшін. Қазақстанда Астана, Алматы қалаларынан кейін Шымкент үшінші қала, Президенттің ерекше назарында. Президент Шымкент қаласын әрі қарай дамыту туралы біраз тапсырмалар берді. Бейбіт Бәкірұлы, Сіздің қолдауыңызбен барлығымыз бір қол болып, қаламыздың деңгейін үлкен деңгейге, үлкен стандарттарға сәйкес қылып, тек қана өңірде емес, Қазақстандағы ең бір әдемі, ең бір қолайлы, күні-түні адамдар көшеде қыдырып жүретін, Шымкентке келетін адамдар қайтқысы келмейтін қалаға айналдыруымыз керек. Әрбір келген адам «міне, қала деген осындай болуы керек» деп айтып кетуі керек. Осы жерден жылап қоштасып, кетпеймін деп тұрып алу керек. Сондықтан, Құдай қаласа Елбасының тапсырмалары бар, Бейбіт Бәкірұлы да бірқатар тапсырмалар берді, солардың барлығын іске асырамыз. Сіздердің алдарыңызда Шымкенттің дамуы үшін адал қызмет етемін деп сөз беремін.

Әрине, қала әкімінің сөздің емес, істің адамы болғанын барлығымыз қалаймыз. Облыс орталығын екі жарым жыл басқарған Дархан Сатыбалды сөзін былай деп жұптады:

- Шымкент қаласының экономикасының дамуына, ортақ істі атқару барысында маған көрсеткен қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Соңғы жылдары Шымкенттің әлеуметтік және экономикалық даму жолында ауызбіршілігімізді нығайта білдік, бұл үрдіс әрі қарай да жалғасады дегенге сенімдімін. Екі жылда көптеген жағдай орын алды, тарихи маңызды құжаттар қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, бас жоспарға сәйкес қаланың көлемі 40 мың гектардан 117 мың гектарға ұлғайды. Ұлғайып қана қойған жоқ, соның әсерінен туындайтын мәселелер де көбейді. Шымкент қаласының аумағына аудандардан 40 елді мекен енді, соған сәйкес төртінші аудан ашылды. Бірнеше сайлау өтті. Одан да басқа көптеген тіршіліктер болды. Соның барлығына өздеріңіз белсенді қатысып, ауызбіршіліктің арқасында бүгінгідей нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстар бар. Шымкент қаласының жаңа басшысымен де қоян-қолтық жұмыс жасап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмысты жалғастырамыз деген ойдамын.

Адамды өсіретін де, өшіретін де сөз ғой. Дегенмен, қаламгерлер атынан тілек айтқан жазушы-журналист Мархабат Байғұттың пәлсапалық пайымдары біразының жүректеріне жетіп, жұмыстарына тың серпін, жаңаша шабыт сыйлағандай әсерде қалдырды. 

- Құрметті Бейбіт Бәкірұлы, арғы аптада Елбасының өзі келіп, үлкен жиын өткізіп, облысымыздың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметовке алғыс білдірді, өзіңізге өзгеше сенім артатынын, жоғары жауапкершілік жүктейтінін айрықша атап көрсетті. Әлі де болса олқы түсіп жатқан 4-5 бағыт бойынша тапсырмаларды талдап-талдап көрсетті. Ұлысымыздың ұйытқысы атанған, алтын құрсақты аймақ атанған, бүкіл Қазақстан бойынша халық көп тұратын өңір атанған, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Оңтүстік Қазақстанға әкім болып келуіңізбен қаламгер қауымы атынан құттықтаймыз, - деді Мархабат Байғұт. - Өзіңіз келгелі тұңғыш тағайындау болып жатыр. Өзіңіз айтпақшы, оң қолыңыз да, сол қолыңыз да құтты болсын! Дархан Амангелдіұлы екі жарым жылға жуық уақыт Шымкентті басқарды. Өте жақсы басқарды, бұл кісі күрделі кезеңде келді. 40 бірдей елді мекен Шымкентке қосылып, аумағы да салмағы да артып жатқан кез еді. Осы кезең ішінде облыс орталығы көркейді, көріктенді, көгерді. Биылдың өзінде 50-ден астам көпқабатты үйлер пайдалануға берілді, балабақшалар, мектептер, емдеу орындары ашылып жатыр. Қоғамдық көлікте кемшілік өте көп еді, ол да жөнделіп келе жатыр. Автобустар көбейді, қызмет ету сапасы артты. Бұл кісінің парасаты, пайымы мерт, көп сөйлемей көп іс тындыратын, іскерлігі шынайы, мәдениеті мінәйі кадр екеніне көз жетіп, жұртшылық сыйлайтын болды. Жаңа қызметінде де үлкен табыстар, жаңашылдық тілейміз. Ғабидолла Рахметоллаұлы жұртшылық, облыс халқы жақсы біледі, өте жоғары жауапты қызметтерде істеген. Тәжірибесі мол, шыныққан, ширыққан, ысылған кадр. Елбасының сеніміне ие болғандардың бірі. Шымкенттің өзіңіз айтқандай қала болуына тілектеспіз, ниеттеспіз, табыс тілейміз. 

Елбасы келген сайын Шымкент туралы жақсы пікір айтады, келген сайын Қазақстандағы ең ірі үшінші қала, мегаполис болады дейді. Жолдауында да арнайы жазылды. Шымкент туралы әдемі әзілдерін де айтып кетеді. Былтыр жазда келгенінде отыз шақты зиялы қауым өкілін қабылдап, шүйіркелесіп, емін-еркін, емен-жарқын әңгімелесті. Орыс драма театрының директоры Вербицкий деген көркем жігіт, көркем сөйлейді, ол Шымкенттің көркейгендігін, адамдардың мәдениетінің жоғарылағанын, семішке шақпайтынын, темекінің тұқылын көшеге тастамайтынын, соның барлығын тізбелей айта келіп, «мәдениетті сөйлей бастады шымкенттіктер, бұрынғыдай нашар сөздерді айтпайды» деп еді, Елбасы күліп, «Шырайлы Шымкент шаһары деген атының өзі айтып тұр ғой, өңшең Ш-дан басталады, бірақ кейбір шіренген шымкенттіктер шошитындай ш-дан келетін сөзді де айтуын қоймай келе жатыр ғой» деп әзілдеді. «Бірақ, сен оны түсінбейсің ғой» деп күлді. Келешекте де кемеңгерліктің кемелі, егемендіктің ерені, көрегендіктің кемелі Елбасымыз осы Оңтүстікке, оның ішінде Шымкентке келіп, қатты қуанатындай, бұрынғыдан да қатты қуанатындай болсын деген тілектеміз. Сондай ниеттеміз. Қазір халық жергілікті басшылардан не күтеді? Шешенсініп сөйлегенді емес, шешімді сөз күтеді. Көсемсініп көрінуді емес, кесімді істерді күтеді. Жаңашылдықты күтеді. Әлем күрделеніп бара жатыр, дүниежүзінде дүрбелең бар. Соның барлығынан жол тауып, жаңашылдықпен, іскерлікпен, ынтымақпен, бірлікпен жұмыс істеуге жазсын. Зиялы қауым, қаламгерлер қауымы, ардагерлер қауымы Сіздерге көмектесуге, қолдауға дайын. 

Сөзден сөз туып, ойды ой қозғайды емес пе? Мархабаттың Байғұттың сөзін жалғап әкеткен облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы қаланы керемет ету үшін онда керемет адамдардың тұру керектігін, қазіргі жастарға байлық пен билік «идл» болып кеткенін, сол «идл»-ды басқа бағытқа бұру керектігін, яғни жастар үшін жақсы адамдарды «идл» жасау керектігін айтты. 

Айтқандай, Ғабидолла Рахматоллаұлы көпшілік алдында сөйлегеннен кейін  қаланың жаңа басшысы мен облыс әкімі көпшіліктің көзінше төс түйістіріп, құшақ айқастырды. Шыны керек, шымкенттіктер қала мен облыс басшысының арасындағы мұндай жылылықты, бауырмалдықты жиі сезіне бермейді. Облыс тарихында тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыттарды осы екі лауазым иелерінің бір-бірімен ортақ тіл табыса алмай, көзқарастары қабыса алмай келе жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Әйтеуір, осы төс түйістіру, құшақ айқастыру ұзағынан сүйіндірсінші. Әйтпесе, қашанғы «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері келе бермек?    

Мұрағаттан, 2015 ж

Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлар саны екі есе өскен
Еуропаны босқындар қаптап келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу