Субханбердиннің дәуірі аяқталып келе ме?

Oinet.kz 04-05-2019 871

Screenshot_7.jpg

Нұржан Субханбердин. Көпшілік үшін ол танымал технократ, отандық бизнестің пионері әрі қазақтан шыққан тұңғыш миллиардер ретінде белгілі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең сәтті бизнес жобалардың бірі – «Казкоммерцбанктің» негізін қалаушы. Субханбердиннің позициялары, қаржылай жағдайы мызғымастай болып көрінетін. Алайда, соңғы жылдарда «Казкомның» берекесі кете бастағандай. Бұрындары Субханбердиннің толық жекеменшігі болып есептелетін бұл банктің акцияларын елдегі басқа саяси-қаржылық кландар иелене бастады. Нұржан Сәлкенұлының өзі де «Форбстың» тізіміне бірде ілініп, бірде ілінбей жүр. Неге? Кейбір сарапшылар «Субханбердиннің дәуірі аяқталып келеді» дегенді алға тартуда. Расында солай ма?

«Казкоммерцбанктің» бірнеше ірі акционері бар. Солардың ішінде Нұржан Субханбердиннің атында  бар-жоғы 11,42 пайызы тіркелген. Қалайша дерсіз? Банктің негізін қалаушы адам емес пе, демек акциялардың кемінде тең жартысын қолында шоғырландыруы тиіс қой. Асықпаңыз. «Казкомның» тағы бір акционері – «Орта Азиялық инвестициялық компаниясының» үлесінде банктің 23,27 пайызы бар. Ал сол компанияның қожайыны Субханбердин. Яғни, мақала кейіпкері «Казкомның» 37,87 пайызын қадағалайды.  

2007 жылы банкирдің капиталы 1,8 миллиард долларға теңелген еді, ал өзі «Казкомның» 87 пайыз үлесіне ие болатын. Содан бері сегіз жыл өтті.  «Форбстың» соңғы рейтингісіне көз жүгіртсек, Субханбердин байлығының жартысына жуығынан айырылған. Соңғы дерекке жүгінсек, сарапшылар оның дәулетін 950 миллион долларға бағалап отыр. «Казкомның» жағдайын 2007 жылғы қаржы дағдарысы шайқалтып жіберді. Банктің активтері құнын жоғалтып, бұл өз кезегінде Субханбердиннің де қалтасына салмақ түсірді. Турасын айтқанда, банктің қожайыны нарықтағы акциялардың бағасына өте тәуелді. «Форбстың» тізіміне бірде кіріп, бірде жоқ болып отыруының да себебі осы.

Әйткенмен, Субханбердиннің барлық сәтсіздіктерін тек нарықтағы жағдаймен байланыстыруға да болмайды. Саясаттанушылар мен экономистер «Казкоммерцбанк» біраз жылдан бері мемлекет тарапынан қысым көріп келе жатқанын алға тартады. Әрине, бұл тікелей күш көрсету, заңды белден басу емес. Мәселе белгілі топтардың сойылын соғу барысында әкімшілік ресурстарды пайдаланып, ықпал етуге келіп тіреледі. 

Барлығы – «жас түркілер» феноменінен басталды. Сарапшылардың пайымдауынша, осы қозғалысқа араласу – Субханбердиннің түбіне жете бастаған саяси қателік болған секілді. Өйткені, 2001 жылға дейін «Казкоммерцбанк» үкіметке айтарлықтай ықпал ете алатын қаржылық топ  ретінде қалыптасып үлгерген империя еді. Әр жылдарда банкте қызмет атқарған немесе акционер болған менеджерлер кейіннен министрлер кабинетіне жол тартып, лауазымды қызметтерге тағайындалды. Әлбетте, олардың барлығы үшін Субханбердин – нағыз «авторитет» болды. Алайда, астыртын ықпалдылықты шынайы саяси күшке трансформациялау жайлы шешім қабылданған соң, «Казкомға» деген мемлекеттің де көзқарасы өзгере бастады. 

90-шы жылдарда күш ала бастаған «жас түркілер»  тобын басқарған көшбасшылардың арасында Субханбердиннің есімі жиі аталды. Оппозицияның жұмысына  белсене араласқанымен, банкир Субханбердин жариялылықтан аулақ жүрді. Оның қандай да бір мәлімдеме жасағаны, жиындарда төбе көрсетуі, партияның басы-қасында жүргені немесе шеруде ұрандатуы тіптен байқалған емес. Есесіне елдегі саяси процестерге астыртын ықпал еткені жайлы дерек көп.  Алайда, жариялылықтан қашып, қанша жасырынса да Субханбердинге қарсы ашық шабуыл  ұйымдастырылды. Бір кездері «сарай бұлбұлы», Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған Ермұхамбет Ертісбаев  «Ақ Жол» партиясы мейлінше танылған уақытта бірқатар мәлімдемелер жасап, «оппозицияның артында тұрған басты күш – Субханбердин және «Казкоммерцбанк» деп қайталаудан шаршамады. Оны тіпті «қазақстандық Ходорковский» деуден де тайынбады. Ертісбаевтың сөзіне сенсек, Әбілов,  Бәйменов сияқты саясаткерлер  – Субханбердиннің марионеткалары болған. Әрине, «саяси бұлбұлдың» әр мәлімдемесіне сене берудің қажеті жоқ,  бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны да» белгілі емес пе?

Қысқасы, осындай оқиғалар Субханбердинді қиындау жағдайға қалдырды. Оның үкіметке қатысты ықпалы да азая бастады. Ол аздай, елдегі өзге саяси кландар ұрымтал сәтті пайдаланып, «Казкоммерцбанк» үшін таласуға көшті.  «Казкомды» нысанаға алғандардың арасында әсіресе Кеңес Рақышев пен Айгүл Нуриева жетістікке жетті. Екеуі де «Форбс» тізімінің алғашқы ондығына кіретін аса ықпалды, мол қаржылық ресурстарды басқаратын олигархтар. Рақышев – Тасмағамбетовтың күйеу баласы. Қысқа мерзім ішінде елдегі ең ықпалды бизнесмендердің қатарына кірген ол бұрыннан көздеген мақсатына жетіп, әуелі «БТА Банк», кейін «Казкоммерцбанктің» басшылық құрамына  кірді. Дәлірегі, былтыр ақпан айында «БТА Банк» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланса, биыл наурыз айында   «Казкоммерцбанк» директорлар кеңесінің мүшелігіне өтті. Оның үстіне, Рақышев  «Казкомның» 16 пайыз акцияларын иеленіп алды. 

Айгүл Нуриева – көпшілік үшін есімі аса таныс болмағанымен, шын мәнінде миллиардтаған доллардың айналымын тікелей қадағалайтын фигура. Ең дәулетті қазақстандықтардың тізімінде №7 орынға жайғасқан Нуриеваны (оның байлығы 920 миллион долларға бағаланады) сарапшылар қазіргі Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен тығыз байланыстырады. Бүгінгі таңда Нуриева «Казкоммерцбанк» империясының 28 пайызына ие. 

Осылайша, Субханбердин бірте-бірте өзі негізін қалаған банктегі позицияларынан айырылуда. Себебі, акциялардың ірі пакетіне ие олигархтар өз саясатын жүргізе бастайды. 12 жылдан бері «Казкоммерцбанктің» басқарма төрайымы қызметінде жұмыс атқарып келген Субханбердиннің сенімді кадры - Нина Жүсіпова орнын босатты. Бұл қызметке Мағжан Әуезов келді. Субханбердиннің өзі де  банктегі директорлар кеңесінің төрағалығын шетелден шақырылған Марк Хольцманға тапсырды.  Сарапшылар Субханбердинді бұл қадамға итермелеген себеп жайлы түрлі пікір айтуда. Біреулер банкир өз еркімен кеткенін, енді басқалар Субханбердинге қысым жасалғанын айтуда. 

Жалпы, соңғы жылдарда Субханбердин негізінен шетелде жүреді. Қазақстанға тек анда-санда келіп тұрады.  Дерек көздеріне сенсек, 2 ұл мен 7 қызды тәрбиелеп өсіруде. Субханбердиннің мұнай активтері де бар, алайда 2000-жылдардың басындағы кезеңмен салыстырғанда қазіргі күндері бұл активтердің көлемі анағұрлым азайған. Ол сонымен қатар Алматыдағы «Хэйлибери» мектебінің құрылтайшысы. Дегенмен, «Казкоммерцбанк» әлі де Субханбердиннің басты капиталы болып қала бермек.

Сарапшыларды қазір мазалайтын басты сауал – бұл текетіресте Субханбердиннің кейінгі жағдайы не болмақ? Саяси мықты тірегі болмаса  қаржылық ықпалдан айырылу – аса қиын шаруа емес. Осылайша ықпалынан айырыла берсе, Субханбердин күндердің күнінде елге жолай алмайтын жағдайға  жетіп қалуы да ғажап емес.  Тіпті, базбір сарапшылар  «ол Әбіләзовтың тағдырын қайталайды» деген де болжам жасауда. Қалай боларын уақыт көрсетер.

Мұрағаттан, 2015 ж

Елбасыға берген уәдесін Тұяқбаев бір жылдан кейін орындады
«Князь» - Кеңес Рақышев
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу