Зейнетақы мен жалақы индексацияланады
Алдағы уақытта зейнетақы мен жалақы индексацияланады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылы зейнетақы индексацияланды. Қазір адамдар «10-15 мың теңге қосымша төлене бастағанын, ал инфляция одан жоғары екендігін» жазып жатыр. Көптеген адам риза емес. Бұған қандай пікір білдіресіз? Адамдар индексацияның қайта жүргізілетіндігіне үміттене ала ма?» - деп сұраған еді БАҚ өкілдері Алтай Көлгіновтен Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін.
«Жалпы, реформалардың барлығы халықтың табысын арттыруға бағытталған. Сіз айтып отырғандай, зейнетақы көтерілді. Биыл инфляция да рекордтық көрсеткішке жетті. Мұны ешкім жауып-жасырып отырған жоқ. Сондықтан, келешекте де индексация жүргізіледі», - деп жауап берді вице-премьер.
Оның нақтылай түсуінше, биылға шешім қабылданып қойды. Дегенмен, келешекте индексация жасалады.
«Әрине, келешекте жалақыға қатысты да индексация болады. Өздеріңіз де дәрігерлердің жалақысының көтерілгенін білесіздер. Биыл мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға, медицина қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға артты. Барлық салада, оның ішінде жеке компанияларда жалақы көтеріліп жатыр. Кәсіподақтар, жұмыс берушілер және жергілікті атқарушы органдар арасында үшжақты келісімшарт бар. Бұл тұрақты жұмыс және үнемі жүргізіліп отырады», - деді Алтай Көлгінов.