Вице-премьер зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруге 111 млрд теңге жұмсалатынын айтты
Инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы тағы индексацияланады. Нақтыланған бюджетте оған 111 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
"Инфляция дәлізінің 8-10%-ке дейін өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін қосымша тағы 4%-ке индексациялау жоспарланып отыр. Бұл жиынтық мәнде барлық әлеуметтік төлемнің 9%-ке, ал ынтымақты зейнетақының 2021 жылға қарағанда 11%-ке өсуін қамтамасыз етеді", - деді Тоғжанов мәжіліс отырысында.
Нәтижесінде 4,2 миллион адамның әлеуметтік төлемі ұлғаяды. Бұл мақсатқа нақтыланған бюджетте 111 миллиард теңге көзделген.