Зеленскийдің өтірігі әшкереленді
OINET.KZ - Екі нәрсеге қатысты өтірік көп айтылады. Біріншісі соғысқа, екіншісі аңшылықа қатысты. Украинадағы соғысқа қатысты өтіріктер көп айтылып жатыр. Ресей мен Украина ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер бір-біріне қайшы келеді. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Бірақ біреуінің айтып отырғаны шылғи өтірік екендігі рас. Сонда кімдікі?
Өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленский Қара теңіздегі Змеиный аралындағы 13 шекарашының ресейліктермен болған соғыста ерлікпен қаза тапқанын, оларға енді Украина Батыры атағы берілетінін хабарлаған болатын. Сұмдық жаңалық тез тарап кетті. Қалай десеңіз де Зеленский елдің жүрегін елжірететін осындай мысалдарды жариялап жібергенді жақсы көреді. Бірақ ертең өтірігім ашылып қалса, не болады деп ойламайтын сияқты.
Сенбіден бастап Ресей телеарналары Змеиный аралында өз еріктерімен тұтқынға берілген 82 украина жауынгері туралы ақпарат тарата бастады. Ресей жағының айтуынша, алғашқыда аралдағы шекарашылар «беріліңдер» деген ұсыныстан бас тартып, дөрекі жауап қайырған. Оларға қарсы әуе соққысы жасалған. Осыдан кейін украиналық жауынгерлер түгелдей берілген. Ұрыс кезінде ешкім қаза таппаған.
Өз еріктерімен берілген украиналық жауынгерлерге Ресей жағы ас-су беріп, бұдан әрі ұрысқа қатыспау туралы құжаттарға қол қойдырған, алдағы уақытта олар отбасыларына қайтып оралады. Зеленский енді ерлікпен қаза таптырып, тірідей жерлеп қойған жауынгерлердің бетіне қалай қарайды?
Өз әскерін аямаған Зеленский дұшпанның әскерін аясын ба? Зеленский сенбіде ұрыс кезінде 1000-нан астам Ресей жауынгерінің қаза тапқанын, жүздеген орыс солдаттарының тұтқынға түскенін хабарлады. Сенуге бола ма? Дүйсенбіде украиналықтардың хабарлауынша, өлген орыстардың саны 3-4 мыңға жетіп қалды. Халықаралық ұйымдар бұл ақпарат тым асыра айтылған болуы мүмкін деп отыр.
Ал, Ресей жағы адам шығын туралы ешқандай, мәлімет таратпай отыр. Бірақ олар тұтқынға өз еріктерімен беріліп жатқан украйналықтардың өте көп екендігін хабарлауда. Әйтеуір, мұндай кезде әркім жақсысын асырып, жаманын жасырып қалуға тырысуда. Ресейдің телеарналары соғысқа қарсылық білдіріп, наразылыққа шығып жатқан бейбіт ресейліктер туралы әзірге ешқандай ақпарат таратқан жоқ.