Тоқаев үтікпен азапталғандар туралы: Ішкі істер министрлігіне арнайы тапсырма бердім
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Президент өз сұхбатында адамдардың құқықтарының қорғалуына тоқталды. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, әсіресе арқасына үтік басылған талдықорғандық азаматтың жайынан хабардар екендігін алға тартты.
"Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр", - деді Президент.