Түсіме Қарасай батырдың қызыл жолбарысы енді. Бұл маған жігер берді – Назарбаев

Oinet.kz 06-07-2021 4099

Назарбаев елорданы ауыстыруға шешім қабылдаған тұста қандай түс көргенін айтты.

Screenshot_3.jpg

“Көбісі түсінбеді, қолдағандар аз болды. Оны да түсінуге болады. Ол кезде Кеңес одағы құлап, біз жеке өз жолымызбен кеттік. Зейнетақы төлеуге қаржы жоқ. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы төлеу қиын болып тұрғанда астананы ауыстыру туралы шешім қабылданып отыр.

Бір күні Сара Алпысқызы: “Елдің бәрі қарсы болып жатқанда бұны қалай жасамақсың?” деп сұрады. Мен сені ауылыңа апара жатырмын ғой, Нұраның жағасына дедім (күлді)”, – деді Назарбаев “Nur-Sultan. Қолтаңба” деректі фильмінде.

Осы орайда Қазақстанның тұңғыш президенті астананы ауыстырғанда ең үлкен тәуекелге барғанын атап өтті.

“Сол уақытта саяси тағдырымды бәйгеге тіктім. Осы уақытқа дейін талай тәуекелге бардым ғой. Сол тәуекелдердің ең үлкені –  астананы салу болды. Бірақ бәрі орындалды. Интуиция деген бар ғой. Мен өзім соған сенемін. Алладан тілеп жатасың ғой. Сол кезде ойыңа бір сыбыр келеді”, – деп атап өтті Назарбаев.

Елбасы астананы ауыстыруға шешім қабылдағанда көрген түсін де еске алды.

“Мен – Қарасай батырдың тоғызыншы ұрпағымын. Біздің жанымызда Қарасайдан қалған қызыл жолбарыс жүреді дейді. Бұл жолбарыс кейін Сүйінбайға, одан кейін Жамбыл ақынға көрінген дейді.

Бір күні түсімде анам марқұм екі жолбарысты жетектеп, үйге кіріп келді. Жаңағы жатқан жолбарыс басын көтеріп, “Барлығы дұрыс болады, қорықпа, жаса…” деп қазақша сөйлеп кетті. Бұл ел астанасын ауыстыруды ойластырып жүргенмен, әлі де бір шешімге келе алмай алабұртып жүрген уақытым еді. Әлгі жағдай маған біраз күш-жігер берді. Қазақ ырымшыл халық қой. Әлгі түс маған аян бергендей көрінді, жақсылыққа жорыдым”, – дейді Назарбаев.

Дәл осы түс Елбасыға күш берген. Оны көргеннен кейін астананы ауыстыруға бел буған.

Назарбаев астананы салардың алдында әлемнің біраз елін аралап шыққанын айтты. Бразилиядан бастап Австралияға дейін сапар шеккен.

“Шыны керек көпшілігіне көңілім толмады. Кейін астананың кескін-келбетін қатысты конкурс жарияладық. Австралия, Жапония, Батыс елдерінен келген танымал сәулетшілер өз үлгілерін ұсынды. 50 жобаның ішінен 27-сін таңдап алдық. Соның ішінде қазылар алқасы Жапонияның әйгілі архитекторы Куракаваның нұсқасын қабылдады. Мұның бәрі ендігіде тарих.

Елорда Еуропа, Шығыс, Қытай, Испания, Италияның архитектурасы үйлесім тауып, келген адамдардың көз жауын алатын әсем қала болып қалыптасты. Қала әрі қарай өсіп-өркендейтін болады, халқы 2-3 миллионға жетеді. Сөйтіп, үлкен қалалар қатарына қосылады”, – деді Тұңғыш президент.

Динара Құлыбаева халыққа 500 млн теңгенің көмегін береді
«Дариға алдыма жылап келді» - Назарбаев
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу